Нағыз туризмнің өрісі мен жемісі ретінде дамытатын өңір – Шардара!
Шағылы мен шағалалы шалқыған теңізі жарасқан, сыры терең сұлу Сыры мен қызыр аралаған Қызылқұмы қатар жатқан, сағым ойнаған сақара сайын даласы бар – Шардара өңіріндей тартымды табиғаттар табысуының әдемі үйлесімі әлемде басқа еш жерде кездесе қоймайтын шығар…
Осы Шардарада 26 қазанда елімізде тұңғыш рет «SAFARI SHARDARA» халықаралық фестивалы болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін фестивальде автокөліктердің құмдағы жарысы мен композициялық «Rock racing» шоуы ұйымдастырылды. Шудалары желкілдеген түйелердің теңіз жағалауының шағылын аспанға атқан жарысы, ат үстіндегі саятшылардың бүркіт салуы, теңіз бетіндегі ақ желкенді қайықтардың қатар жүзуі, ескек есу мен балық аулау сайысы, жағалау волейболы, қазақша күрес, акробатикалық ойындар, мотобайкерлердің мотокросс өнерін жағалауға сыймай кеткен қалың елдің тамашалауының өзі бір ғанибет! Түркі әлемінің ордасы Түркістаннан шыққан мотобайкерлер еліміздің көқ туын желбіретіп, Шардараға келіп кіруінің өзі бір керемет көрініс болды. Ал жол талғамайтын жиптердің 20 шақырымға аламан жарысын айтып жеткізу қиын! Бір жақта қол күресі жүріп жатты. Айтпақшы, қол күресінен әлемдік құрама Шардарада екенін оқырман қауым жақсы білетін болар. Өйткені Шардарадан 18 әлем чемпионы, 52 Азия чемпионы шыққан! Шардарадағы шараға барлық ауданнан өкілдер қатысып, киіз үйлерін тігіп тастады. Түрлі қолөнер мен жергілікті өнімдер жәрмеңкесі қатар болып жатты. Әйгілі әнші-сазгер Марат Омаров бастаған өнер жұлдыздары әсем ән мен тәтті күйлерімен, тартымды билерімен елді риза етті.
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, биыл әр аудан өз табиғатына лайықты фестивальдар өткізген. Мысалы, осының алдында ғана Жетісай ауданында «Қауынфесть» шарасының дәмі әлі таңдайда жүр… «Түлкібаста «Қызғалдақ», Бәйдібекте «Қымызмұрындық» фестивальдарын ұйымдастырдық. Ауқымды іс-шаралар арқылы ауданның болашағы үшін маңызды брендтерін елге әйгілі етуді мақсат тұттық. Биыл игі бастамаларды бастап бердік, енді іскер жігіттер, жергілікті кәсіпкерлер, ауданның атпал азаматтары осы ойларды жалғастырып әкетіп, ары қарай дәстүрлі шараға айналдыруы тиіс»- дейді «аудандар байымай, облыс дамымайды» деген ұстаным ұстанатын облыс басшысы.
Бұдан байқағанымыздай, «Ұйымдастыра білген ұтады» дегендей, іскерлік пен идеологиялық қабілетті қатар ұштастыра білген, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткер Жансейіт Қансейітұлының басшылығымен, қасиетті Түркістанның атын иеленген өлке жаңа қарқынмен жарқырап келеді.
Туризмді дамытуға және ұлттық спортымыз бен саятшылық өнерімізді дамытуға арналған халықаралық
фестивальда облыс әкімі Ж.Түймебаев Моңғолиядан келген әлемге әйгілі болған бүркітші қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызына миллион теңге сыйлық тапсырды. Сонымен қатар Шардара ауданы спорт бөлімі мен әлемнің 9 дүркін чемпионы (5 рет жасөспірімдер арасында, 4 рет ересектер арасында) Нұрдәулет Мырзаханұлы Айдарханға шетелдік темір тұлпар мінгізді.
Қасымыздағы жолбасшы бауырымыз Тұрсан Қабылов Нұрдәулет інісін құттықтап үлгеріпті. «Шынымен ешкімнен жеңіліп көрмегенсің бе?»-деп сұраған екен, Нұрдәулет: «Иә, ешкімнен жеңіліп көрмегенмін. Тек әкеммен қол күрескенде ғана қалай екенін білмеймін, жеңіліп қала беремін» деп жауап беріпті. «Әкесі менің кластасым ғой. Иә, ол да қара күштің иесі болатын» деп, мен де бірден Алматыда ешнәрседен хабарсыз жүрген Мырзахан досыма телефон соғып, Әлем чемпионының әкесін құттықтап қойдым.
Шардара ауданы әкімі Болатбек Қыстауовқа «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың «Сафари Шардара» халықаралық фестивалына Ақ жол тілеген құттықтауын тапсырып, елдің сұрауымен «Шардара» жырын оқып бердім.
Халықаралық фестивалға бірнеше елден қонақтар, жарысқа қатысушылар келді. Әсіресе, кеше ғана дүниеден өткен белгілі ғалым, академик Әбдімұса Қуатбеков ағамыз негізін қалаған Шымкенттегі Халықаралық «Достық» университетінің студенттері фестивальдың көркін қыздырды.
Шетелден келгендер Шардараның тамаша табиғатына таңғалып жүрді. Қазақстандықтардың өздерінің кейбіреулері де: «Бізде де осындай керемет жер бар екен ғой» деп қояды. Иә, өзім де, өткенде ғана жазда «Алтын жағажайда» екі-үш күн болғанда
«Шардараның табиғаты Анталиядан артық болмаса, кем емес» деген мақала жазып кеткенмін. Міне, нағыз туризмнің өрісі мен жемісі ретінде дамытатын өңір осы – шалқыған Шардара!
Шардараның туризм ордасы боларлық керемет келбетін көрсететін «SAFARI SHARDARA» халықаралық фестивалы екі жыл сайын өткізілетін болады.
Киелі Түркістан өлкесі түлеп, шағылды да, шағалалы Шардара шартарапқа танылып, шарықтап, шалқып жатыр.
Қызылқұмы құлпырса маң даланың,
Шалқып жатқан теңізге таңғаламын.
Сафаридің сапары сәтті болып,
Аты әлемге танылсын Шардараның!
Қазыбек ИСА,
Астана – Шардара – Астана
Qazaquni.kz