«Саяси баспана сұрамақ…». Алмазбек Атамбаев Ресейге қашып кетті (фото)
2018 ж. 26 қазан
4002
1
Әлеуметтік желіде Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұшақта отырған суреті жарияланып, Ресейге кеткені айтылған.
Ал бұл жағдайды БАҚ өкілдері экс-президенттің бұрынғы кеңесшісі Икрамжан Илмяновтың қамалғанымен байланыстырған.
Бұл туралы kaz.365info.kz порталы хабарлады.Атамбаевтың елден ұшып кетуінің ресми түрі журналистердің болжамынан әлдеқайда ерекшеленеді.
Sputnik Қырғызстан агенттігінің хабарлауынша, Қырғыз социалды-демократиялық партиясының мәліметіне сәйкес, Атамбаев Мәскеу қаласына азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясына кеткен.
Ал шараға дейін Атамбаев Санкт-Петербург қаласында туысының жерлеу рәсімінде болады.
«Алмазбек Атамбаев бұған дейін ешқашан халықарлық партиялық конференцияларға қатыспаған. Мәскеудегі үшінші дәрежелі конференцияға қатысу- Қырғызстаннан қашудың амалы», — деді қоғам белсендісі Эдиль Байсалов өз Twitter парақшасында.
Бұл жағдайға қазақстандық саясаттанушы Талғат Қалиев та пікір білдірген.
«Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың басына бұлт үйріліп жатыр. Ол осы күндері мәскеулік конференцияға қатысып жүр. Қырғызстандық әріптестердің мәлімдеуінше, экс-президент Путинмен жолығу уақытын күтіп, одан бас сауғалайтын орын сұрамақ», — дейді ол өз Twitter парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қазан күні Мәскеу қаласында Атамбаевтың бұрынғы кеңесшісі Икрамжан Илмянов ұсталған еді.
Қолына кісен салынып, Бішкек қаласына жеткізілген ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікке ілінген.