Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы - ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР
2018 ж. 18 қазан
4421
1
107 депутаттың шамамен 30 пайызы зейнет жасынан асқандар. Заң шығарушы Парламенттің төменгі палатасына қатысты ақпар бұл. 32 депутат еңбегінің зейнетін көруі тиіс азаматтардың қатарында. Айта кетейін, былтыр халық қалаулыларының жалақысы біраз өскен болатын. Күні кеше әкім-министрлердің айлығы туралы айтқан едік. Бүгін төменгі палата депутаттарының еңбекақысын да білмек болдық. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Сәрсенбі сайын жалпы отырысқа жиылатын Мәжіліс депутаттарының саны 107. Ресми дерек бойынша, 32 халық қалаулысы жасына қарай әлдеқашан зейнеткерлердің қатарына өткен. Роман Ким енді ғана зейнет жасына жетсе, комунист Владислав Косарев секесіннің біріне келіпті.
«Біздің баяғыдан келе жатқан біздің дәстүрде ақсақал ақыл береді. Ақсақалдан ақыл сұраймыз. Сондықтан ақсақалдармен ақылдасу әрқайсымыздың парызымыз» - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев.
«Жастармен жасы келген адамдар бірге істесе, жастарға үлгі көрсетеді. Ақыл айтады» - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов.
Ақсақалдар үшін жас депутаттардан да пікір сұрадық. Жасы келсе де, жастардан артық жұмыс істеуге қауқарлы дейді. Үлесі қазіргіден де көп болса, қарсы емес екендерін білдірді.
«Біздің ақсақалдарымыз жұмыс жасап жүрген өте дұрыс жасап жүр. Жұмыстарын жақсы біледі. Олар ары қарай да жұмыс жасауы керек деп білемін» - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тарас Хитуов.
«Меніңше ол дұрыс тіпті олар көпшілік болса да мен қарсы емеспін. Себебі парламентке келген адамдар өмір көрген. Өмір білетін, тәжірибелі азаматтар болуы керек деп санаймын» - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
Әзірге орда бұзар жасқа тақаған Геннадий Щиповских ең жас депутат қазір. Жасы бар, жасамысы бар халық қалаулыларының жалақысы былтыр көтерілген болатын. Кейбірінің айлығы министрлермен шамалас, бірінікі сәл кем. Жалақы туралы сұраққа келгенде депутаттардың біраз қысылғаны байқалды.
- Қанша аласыз?
- Бұрынғыдай. Бұрынғы жалақымыз. 650 мың теңге, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тарас Хитуов.
Алтыншы шақырылымның кезекті сессиясы қызған шақ қазір. Өткен маусымда депутаттардың қарауына 128 заң жобасы келіп, 91-і талқыланып, Сенатқа жолданған екен.