СУДЬЯЛАР ҚАРАЛАТЫН ІСТІ НЕГЕ ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРДЕЛЕМЕЙДІ?
2018 ж. 15 қазан
3270
1
ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫ ТӨРАҒАСЫ ЖАҚЫП АСАНОВТЫҢ НАЗАРЫНА!
Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында Елбасы соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отырған мәселе екенін баса айтқаны белгілі. Құқық үстемдігі – біздің реформаларымыздың табысты болуының негізі болып табылатынын айта келе сот жүйесін одан әрі жаңғырту керектігін ерекше атап өтті. ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов та сала жұмысының үстіміздегі жарты жылдық қорытындысы бойынша біздегі судьялардың жұмысын сынға алып, халық сенімінен шығу қажеттігін талап еткен болатын. Сот саласына қатысты орын алып отырған кемшіліктерді жоюдың жолдары мен ұсынылған тың бағыттар аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ оны назарға алып, нақты іске асырып жатқан судьяларды көре алмай келеміз... «Жыл сайын 4 миллион азаматымыз сотта қаралатын іске қатысады. Бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалады. Уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруға тиіс. Бұрын адамдардың жеке өздерінің келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады. Екіншіден, сот жүйесінің сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етіп, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек. Үшіншіден, әсіресе бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесі керек, сондай-ақ судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажет. Жоғарғы сотқа Үкіметпен бірлесіп, жыл соңына дейін тиісті шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын» деді өз жолдауында Қазақстан Президенті. Сол сияқты соттарда бұрынғы мамандар отырғанын, түрлі дәрежедегі судьялардан әділ шешім таба алмаған азаматтар амалсыздан ҚР Президентіне толассыз арызданып жатқанын да мемлекет басшысы ашық айтты. Бұл телеарналарда айтылып, мерзімді басылымдарда тұрақты жазылатын сыни материалдардан басқа, жоғары мінберден мемлекет басшысының өзі біздегі сот органдарына берген нақты бағасы мен орын алған кемшіліктерді жоюға бағытталған тапсырмасы деп түсінуіміз қажет. Шынында да біздегі сот саласының жұмысы ешқандай сын көтермейді. Оны күнделікті тәжірибеден көріп жүрміз. Тіпті сол заңдылықты сақтауды талап етуге тиісті судьялардың өздері жемқорлыққа салынып, пара алып ұсталып жатқандары да бар. Құқық қорғаушылар қылмыс жасаса, қалған қатардағы адамдардан не күтуге болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, әсіресе аудандық, қалалық, облыстық сот орындары мәселені терең зерттемей, шала шешімдер шығаратыны жиі кездеседі. Соның кесірінен бұл істерді талап етушілердің арызы бойынша жүздеген, тіпті мыңдаған істі Жоғарғы сотта қарап, қайта-қайта түзетуге тура келеді. Арғысын айтпағанда осы жақында ғана Жоғарғы сот төменгі соттардың шығарған шешімдерін қайта қарап 8 бірдей ұйғарымдарын түзетті. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Болат Қалиянбеков мәлімдеген болатын. Басты себеп алдында айтқанымыздай, біздің соттар істі жан-жақты зерттеп, мәселенің байыбына тереңірек үңілмейді. Содан барып жоғарғы сот орындарына деген шағым көбейіп, бүкіл сала жұмысын қиындата түседі. Осы орайда бір ғана мысал келтірейік. Алдын ала айта кетелік, аталмыш мәселені «Қазақ үні» газеті бұрын да көтерген болатын. («Қазақ үні» №25, 25-06-2018ж.). Халықтың әлеуметтік жағдайына қатысы бар бұл мәселені газетіміз соңына дейін қадағалайтын болады. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін соттағы сергелдеңнің қысқаша мән-жайын түсіндіре кетейік. Төрт бала тәрбиелеп-өсіріп отырған ерлі-зайыпты Бірлік Тоқай мен Жәмила Шүйішбаева 2014 жылы Алматы қаласы Фадеев көшесі, №2 «б» мекен-жайындағы жекеменшік үйді сатып алады. Бірлік Тоқай жанұясы үй емес, үйдей пәле сатып алғанын кейін барып біледі. Баспана құжаттары толық болғандықтан, оны рәсімдеген мемлекеттік органдарының мөрі тұрған соң «шикілік» шыға қояды деп кім ойласын. Алайда, арада 3 ай өткенде «Тоспа Су» (қазіргі «Алматы Су») мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлері келіп, бұл үй «қызыл сызық» үстіне орналасқанын, дәлірек айтқанда кәріз жүйесінің үстіне салынғанын айтып, төбелерінен жай түсіргендей етеді. Рас, заң бойынша «қызыл сызық» деп аталатын аймаққа тұрғын үй салуға мүлдем болмайды. «Тоспа Судың» сол кездегі бас директоры Н.Жарболов 2017 жылы 20-қаңтарда сатып алынған жер телімінен өтетін орталық кәріз құбыры желісін үй иесінен өз күшімен басқа жаққа шығаруды талап етіп, Алатау аудандық сотына талап-арыз түсіреді. Сөйтіп, бүгінге дейін созылып, соңы қашанға дейін барары белгісіз дау-дамай басталып кетеді. Мемлекеттік мекеме оған қоса сотқа нақтылама талап-арыз беріп, құбыр үстіндегі үйді сүруді де талап етеді. 2017 жылғы сәуір айындағы Алатау ауданы сотының шешімімен «Тоспа Судың» арызы қанағаттандырусыз қалдырылады. Бірақ Алатау ауданының бұл сот шешімінен отбасына келіп-кетер жеңілдік болған жоқ. Себебі, үй құбыр үстінде, яғни, қауіпті жағдайда қалып отыр, ол кез-келген күні опырылып түсуі мүмкін. Бұл баспана құрылысының барлығы дерлік 1974-1999 жылдар аралығында салынғаны үй құжаттарында айқын жазулы тұр. Баспана 30.10.2014 жылы жылжымайтын мүлік ретінде Әділет департаментінде ресми тіркелген. Ал, бұрынғы меншік иелерінің атына 09.08.1989-жылы тіркеліп, заңдық күшіне енген. Кеңестік кезде кеткен қателік дейін десек, қолда бар құжатта осы мекен-жайдағы жер теліміне 07.08.2003 жылы Алматы қалалық әкімдігінің бекітуімен қалалық Жер басқармасы жаңа құжат берген. Техникалық төлқұжаты 21.04.2003 жылы түзіліп, 18.09.2003 жылы қайталай тіркеуге алынған. Демек, жоғарыда айтылған заңсыздық атаулы қалалық әкімдік пен әкімдіктің қарамағындағы құрылысқа құжат беретін құзыретті органдардан туындап отыр. Сонда олар осындай «қызыл сызықта» тұрған үйге қалай ғана құжат толтырып, баспана салуға әкімдік қалай рұқсат берген? Талапкердің бұл сұрағына ешқандай жауап берілмеді. Әдетте, қандай да бір құрылыс басталмас бұрын жер телімі жан-жақты тексеріліп, содан кейін рұқсат етілуі керек. Айдала емес, қаланың ішіндегі әрбір шаршы метр жер есепте болатыны белгілі. Қай көшеден қандай жүйе өтетіні жайындағы сызбалар осы аталған мекемелердің бәрінің қолында бар. Алдымен ол маңда жерасты электр, су, газ немесе басқа жүйелер өтпейтіні анықталуы міндет. Қалада бір жерді қазу үшін жоғарыда аталған салалар бойынша мекемелерден рұқсат алу қажет. Өйткені, электр желісі өтетін жерді қазған адам байқамай токқа түсіп мерт болуы әбден мүмкін. Немесе су, газ құбырларын зақымдап, тұрғындарды жарықсыз, сусыз қалдыруы ғажап емес. Ал, мына жағдайда қаланың қақ ортасында осы талаптар түгелдей бұзылған. Бұзып отырған кім? Әрине, әкімдік пен оның қарамағындағы Сәулет-құрылыс, Жер басқармасы, «Су арнасы» сияқты түрлі мекемелер. Заңсыз құрылысқа қалай құжат берілді дегенде бірнеше кемшіліктерін атап, түрлі күдік айтуға болады. Бірінші, қалалық әкімдіктің тікелей жауапсыздығы. Екінші, оның құрамына енетін сала басқармаларындағы мамандардың кәсіби сауатсыздығы. Үшінші, ең қауіптісі – парақорлық. Заңсыз құрылысқа құжат тегін берілмесі белгілі. Әділін айтсақ, бұл қып-қызыл қылмыс, мемлекетті шығынға батыру, тұрғындардың өміріне қауіп төндіру. Сол үшін осыған жауапты орындар қылмыстық кодекс бойынша қудалануы керек-ті. Салынған құрылысқа дер кезінде тосқауыл қойылып, бұл үйдің бұрынғы меншік иелеріне заң бойынша шара қолданылса, бұл баспананы Бірлік Тоқай сатып алмас та еді. Мемлекеттік орындардың жауапсыздығынан оның зардабын көпбалалы отбасы тартып отыр. Қалдық судың сасық исі мүңкіген апатты үйде 4 жылдан бері бала-шағасымен алаңдап, үреймен күн кешіп келеді. Кәріз құдығының бірі жазғы үйдің бір бөлмесінде, екіншісі негізгі тұрғын үйдің іргетасының түбінде тұр. Үй опырылып құласа ешкім тірі қалмасы анық. Жылдар бойы жүгіріп жүрген Бірлік Тоқай Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Мәкежановқа, Алатау ауданы әкіміне, Алматы қалақұрылыс басқармасына, Алматы Жер басқармасына өтініш жазып, басшыларының қабылдауында бірнеше рет болған. Ондағылар: «Сіздің бұл мәселеңіз тек сот арқылы шешіледі» деген жауап айтып шығарып салған. Бостандық аудандық сотында судья Г.Жоламанова, «Алматы Су» кәсіпорыны өкілі Б.Надырқұлова мен Алматы қалалық әкімдігінің заңгері А.Жүнісбеков талап етуші жақтың өзін кінәлап, өздері сүттен ақ, судан таза болып шыға келді. Керек болса, бұрынғы үй иесін тауып алып сонымен соттасыңдар дегенге дейін барды. Ал, бұрынғы үй иесіне құжат жасап бергендерді, оның заң бұзушылық екенін қаперіне де алған жоқ. Сол сияқты талап етуші жақтың «Қаз НИИСА» мамандары мен «Тәуелсіз сараптама кеңесі» сараптамасының үй апатты жағдайда тұрғаны және бұл баспана сүрілуі керектігі туралы берген анықтамасын сот есепке алмады. Сөйтіп талапкерлердің Алматы қалалық әкімдігі мен «Алматы Суға» заңдық жауапкершілік жүктеп, ҚР «Жер кодекісі» 69-бап 7-тармағына сай сервитут жасалып, үйілерін жиырма бес миллион теңгеге сатып алуға, екі рет сараптама жасатуға кеткен 64 290 теңге шығынды толықтай өтеуге, «Алматы Судан» түбіртектегі төлеген мемлекеттік төлем 2400 теңгені қайтаруға байланысты жазылған талап-арызы қанағаттандырылған жоқ. Қалалық соттан қайыр бола ма деп апелляциялық шағым берген Бірлік Тоқайдың үміті бұл жолы да ақталмады. Сот төрайымы М.Қарабаева, судьялар Г.Пірімбетова, В.Тоқтарбаева мен жауапкер «Алматы Су» мекемесінің өкілі Б.Надырқұлова қатысқан 2018 жылғы 17-қыркүйекте өткен отырыс нәтижесінде биылғы жылдың 12-маусымында Бостандық ауданы сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Қалалық соттың айтар уәжі мынадай – «Алматы Су» мекемесінде сервитутты белгілеу құзыреті жоқ. Жер Кодексінің 69-бабының 4-бөлігіне сәйкес ондай құқық жергілікті атқару органдарына ғана берілген. Ал, жергілікті атқару органы болып саналатын Алматы қаласы әкімдігінің өкілі ресми түрде шақырылса да сотқа келуге жарамады. Олай болса негізгі жауапкердің қатысуынсыз өткен сот қандай шешім шығаруы мүмкін? Осы жерде Елбасының Жолдауында айтқан сотқа сырттан ықпал ету деген осы ма деп қаласыз. Әкімдік үшін сот маңызды емес сияқты. Ал шын мәнінде қандай қылмысты, даулы істі қарағанда да сот ең соңғы шешуші әділет органы болып табылады емес пе? Бәріміз де заңға бағынуға тиістіміз деген қағида қайда қалды? Бұны жергілікті биліктегілер заңға пысқырып та қарамайды деп түсіну керек шығар. Заңды жатқа білетін біздің соттар неге өз құзыретін толық пайдаланбайды? Әлде бұл билікке жалтақтау ма? Әрине бұдан кейін қарапайым тұрғындар Жоғарғы сот пен Елбасына арыздануға мәжбүр болады. Бұл жерде негізгі үш сұрақтың басы ашық қалып отыр. 1.Неге үйдің бұрынғы иелеріне құжат заңбұзушылықпен берілген? Ол үшін кім жауап береді? 2.Неге бұл сот отырысында жауап беруге тиісті әкімдіктің өкілі сотқа келмеді? Негізгі жауап беруші жақтың өкілінсіз сот отырысы өтіп, сыңаржақты шешім неге шығарылды? 3. Сот неге талап етуші жақтың сұрақтарын түгелдей қарастырмады? ҚР Жоғарғы соты мемлекеттік органдарға қатысты істерді қараудың жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлегенін мәлімдеді. Жақып Асановтың айтуынша, дамыған мемлекеттерде мемлекеттік органның үстіне шағым түссе, судья арыз беруші азаматқа ашық көмектеседі. Сөйтіп, әділетке жетуге тырысады. Ал жауапқа тартылған мемлекеттік орган өзінің ұстанымын қорғап шығуы тиіс. Әзірге бізде бәрі керісінше. Егер талап берушіні тығырыққа тіремей әкімдіктің өкіліне тиісті сұрақтар қойылғанда мәселе алдындағы аудандық сотта шешіліп кетер ме еді. Осындайда қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлиннің «Соттан емес, оттан келемін» деп жазғаны еске түседі. Судьялардың солақай шешімінен туындаған сергелдең кез-келген тозақ отынан бір де кем түспейді. Енді, міне қалалық соттан жеңілген Бірлік Тоқай да Жоғарғы сотқа арыздануға мәжбүр. Осы тектес сот шешімінен соң азаматтарға Қазақстан Президентіне арыздануына тура келеді. Сонда біздің соттар не бітіріп отыр?.. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz