Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты: Қытай мен Қазақстан арасында шұғыл келісім болғанға ұқсайды
2018 ж. 09 қазан
7559
1
Қазақстан-Қытай шекарасын заңсыз басып өткені үшін алты ай шартты мерзімін елімізде өтеп жатқан келіншек босқын мәртебесін алуы да екі талай. Оның қорғаушысы Біріккен Ұлттар Ұйымынан Қазақстанға нота жіберуін сұрауда. Себебі, бесінші қазан күні шешілген үкімде адвокат болмаған. Бірақ, «Сайрагүлдің мемлекеттен кетуіне жол бермеймін» дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қуанышы қойнына сыймай тамыз айында ғана сот залынан бостандыққа шыққан Сайрагүл Сауытбек қазір Алматы облысында тұрып жатыр. Күйеуі кәсіппен айналысып, екі баласы мектепке де орналасқан. Бірақ, ата жұрты Қазақстанның саяси баспана беруінен бас тартады деп ойламаса керек. Себебі, алты ай шартты мерзімін елімізде өтейтінін естігенде әр қазағым жалғызым деп шуласқан қандастарына алғысын бірдірген еді.
«Мен өзімнің жалғыз еместігімді әрі қарай әр қазақ менің жалғызым деп абай атамыз айтқан. соған мен сенгем» - дейді Қытай азаматы Сайрагүл Сауытбай. Босқын мәртебесін беру-бермеу шешімі Сайрагүлдің қорғаушысының көзінше өтуі тиіс болыпты. Алайда, комиссия мүшелері тым кеш хабарлағандықтан бара алмай қалдым, дейді адвокаты Абзал Құспан. Комиссия мүшелерінің қатарында БҰҰ-нан екі адам, Денсаулық сақтау, білім беру саласы мен әлеуметтік қорғау өкілдері және ұлттық қауіпсіздік пен көші-қон комитетінен мамандар болған. Бәрі облыстық деңгейдегі мамандар дейді қорғаушы. Бірақ, бесінші қазан күні тым аяқасты құрылған комиссияның әрекетіне әлі де түсіне алмай отыр.
«Аяқасты өткізулеріне қарағанда, мені қатыстырмауларына қарағанда аяқасты оқыс оқиға болып қалғанға ұқсайды. Бұған енді Қытай мен Қазақстан арасында шұғыл келісім ба басқа бірдеңе болғанға ұқсайды. Сол себепті бас тартып жатыр деп өзім жорамалдаймын» - дейді Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан. Оның үстіне, осыған дейін босқын мәртебесін алу Сирия мен Ауғанстаннан келген азаматтарға қарағанда Қытайдағы қазақтарға қиындай түсетінін де жасырмады. Оған себеп тарихта алғаш рет соттан босатылған Сайрагүлден соң хабарласушылар саны көп дейді. Бүгінде екі мыңға жуық адам көмек сұрапты. Бәрінің үміттері үзіліп, Сауытбайдан кейін қайта оянған қандастар дейді. Олардың бар жоғы үш тобын атап өтті.
«Мына жақта отырған, келген оралмандардың туыстары ықтияр хат алып Қытайға барып қамалып қалған туыстары болса, сыртқы істер министріне жолдамақпыз. Мына жақта жүріп құжаттарын дұрыстай алмай жүрген көптеген қандастарымыз бар. Кезінде ықтияр хат мерзімі өтіп, өтініші өтіп кетеді. Олардың бәрін көші-қон министріне жинақтап жатырмыз» - дейді Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан.
Тіпті, Түркияда не Қытайға, не Қазақстанға қайта алмаған қазақтар да хабарласады дейді. Кезінде діни оқу оқимын деген студенттер Туркияға аттанып, енді Қытайға барса, сотталуы мүмкін. Айта кету керек, Сайрагүл Сауытбай да екі елдің шекарасын балалары үшін заңсыз кесуге мәжбүр болған еді. Себебі, Қытай билігі мемлекеттік қызметте болғаны үшін жібермеген. Ал, енді қайтса, ату жазасы тағайындалуы мүмкін.