БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ БАЛАЛАРҒА ЖАНЫ АШЫМАЙ МА?
2018 ж. 06 қазан
3558
1
ЖЕР-ЖЕРЛЕРДЕГІ САЛА ЖҰМЫСЫНА БАҚЫЛАУ ЖЕТІСПЕЙДІ
Министрі тұрақтамайтын, керек те керексіз реформаларды енгізумен әлемдік рекорд жасаған біздегі білім саласының жұмысы «Қазақ үні» газетінің қашан да басты назарында болып келе жатқанын көзіқарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Біздің ойымызша білім беру саласындағы орын алған түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылудың орнына, жыл өткен сайын қордаланып бара жатқанға ұқсайды. Ата-аналардың алаңдаушылық білдіруі мен қоғам мүшелерінің пікірін құлағына қыстырмайтын министрлік сол бұрынғы бағытынан таятын түрі жоқ. Сол себепті де осы бір жаза-жаза жауыр болған тақырыпқа қайта-қайта оралуға тура келеді...ОҚУШЫЛАР ОҚУЛЫҚҚА ҚАШАН ЖАРИДЫ?
Кітаптардың сапасыз, бағдарламаның қолайсыздығын былай қойғанда, оқушыға ең қажетті сол оқулықтардың өзі жетпей жатқаннан кейін не айтуға болады? Жаңа оқу жылының басталғанына бір айдан асып жығылды. Оқушыларымыз болса, оқулықпен толықтай қамтамасыз етілген жоқ. Бұл жыл сайынғы білім саласын дендеген созылмалы «дертке» айналды. Ал министрлік болса, барлық мектептер оқулықтармен, басқа да оқу құралдарымен толық қамтылған деп айтудан жалықпайды. Соған қарағанда олар аймақтарда не болып жатқанынан өздері де білмейтінге ұқсайды. Сала жұмысында бақылау жоқ деген сөз. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы жаңадан ашылған 900 орынды мектепте қазірдің өзінде 1 мыңнан астам бала білім алады екен. Оның 141-і биыл 1-сыныпқа барған. Арада бір айдай уақыт өткеніне қарамастан, оқушыларға кітапсыз білім алуға тура келген. «Биыл баламыз 1-сыныпқа баратын болған соң жаңа мектепті таңдадық. Бірақ қазір сол мектепті тандаған ата-аналар өкініп жүр. Себебі, оқулық жоқ. 1-сынып оқушылары бір ай уақыт өтсе де, кітапсыз сабаққа барды. Ал қосымша дәптерлерін сатып алуға әр ата-ананың 7-10 мың теңге жұмсауына туралы келеді. Сынып жетекшісі «кітап сатып ал» деп міндеттей алмайды, қорқады. Ал сабақты оқулықсыз өткізу өзіне қиын. Балаларымыз мектепке барады, келеді. Кейбір ата-ана арнайы қосымша дәптерін таба алмай шырылдап жүр», – дейді ұлы мектеп табалдырығын аттамай жатып осындай мәселемен бетпе-бет келген ата-ана. Бір түсініксіз тұсы – мектеп оқушыларына жетпей жатқан оқулықтар мен жұмыс дәптерлері қай базарға барсаң да самсап тұр. Сонда оқулықтарға мектепке қарай емес, базарға қарай «төте жолды» салып берген кімдер? Бұл сұрақ та біз үшін басы ашық күйінде қалып отыр. Десе де, бұл жерден жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың иісі мүңкитіні анық. «Не жоқ болса, сол қат» болатыны белгілі емес пе? Оқулық тапшылығын бас пайдасына пайдаланған кейбір пысықайлар мектептердің мөрі басылған кітаптарды ашықтан ашық саудалауға көшкен. Мәселен, Шымкент базарларының бірінде сатылып жатқан кітапшалардан Сарыағаш және Сайрам ауданындағы мектептің мөрін көруге болады. Ал облыстық білім басқармасы болса, облыс аумағындағы кітап сату орындары жеке кәсіпкерлердің меншігінде екендігін алға тартуда. Оқуға қосымша жұмыс құралындағы мектеп мөрі Сарыағаш ауданындағы орта мектептің атауымен сәйкес келеді. Бірақ, Сарыағаш ауданы оқушыларға осы оқу жылында тегін таратылатын, мектептің кітапханасына өткізілетін дәптер сатып алмаған көрінеді. Орын алған мәселеге қатысты бүгінде облыстық білім басқармасынан арнайы зерделеу тобы жұмыс жүргізуде. «Жүре берсең, көре бересің» демекші тіпті кітапты жалға бергендердің әрекеті жұрттың жағасын ұстатты. Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты Шахта Тоғыс елдімекеніндегі №8 шағын жинақты жалпы орта мектебінде оқулықтар оқушыларға 400 теңгеден жалға беріліпті. Аталмыш орта мектептің 2-сынып оқушыларының 12-сіне кітаптар жетпей қалған. Мектеп кітапханашысы Н.Досалиева жетпеген оқулықтарды Б.Биболатұлы атындағы орта мектептің кітапханашысынан өзара келісім актісін түзу арқылы бір оқу жылына ақысыз қолдануға алған. Бірақ, аудандық білім бөліміне кітаптар жетпейтіні туралы ешқандай хат жолдамаған. Кітапханашы мен сынып жетекшісі оқушылардың ата-аналарына жалға алғандығын айтып ақша жинай бастаған. Бұл жайттан мектеп басшылығы хабарсыз болған. Дегенмен, ата-аналардың барлығынан ақша жинап үлгермепті. Мұндай өрескел кемшілікті жасауға қымсынбаған №8 шағын жинақты жалпы орта мектебінің кітапханашысы облысық білім басқармасының шешімімен жұмыстан шығарылыпты. Бұл бізге белгілісі ғана. Ал бұдан өзге республикамыздың түкпір-түкпіріндегі мектептерде қандай жағдайлардың болып жатқанын кім білсін?..ҚОСЫМША ЖҰМЫС ДӘПТЕРЛЕРІ – ОҚУШЫҒА ҚОСЫМША ЖҮК
Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен ай аралатпай, орын алатын саладағы «жаңалықтар» жұртты әбден шаршатып-ақ біткені белгілі. Сала басшылығының оқушылар мен ата-аналарға берген тағы бір «сыйы» – оқулыққа қосымша жұмыс дәптерлері. Анығырақ айтқанда, жұмыс дәптерлері оқушылардың санасына да өзіне жүк болып тұр дәл қазір. Себебі, аталмыш дәптерлер кейбір мектептерде оқушыларға тегін толығымен берілгенімен, кейбір мектептің оқушылары баспа мен базар кезіп сатып алуға мәжбүр. Дәл осы мәселемен редакциямызға хабарласқан Ажарлым есімді ана, ұлының қаладағы аты дардай мектеп гимназиясында білім алатындығын айтты. 2-сынып оқитын ұлына былтыр жұмыс дәптерлерінің біраз бөлігі тегін беріліпті. Тек гимназияларда ғана оқытылатын қосымша сабақтардың дәптерлерін сатып алуға тура келген екен. Аталмыш дәптерлерді сынып бойынша бірлесіп алатындығын алға тартқан ата-аналар комитеті барлық оқушыдан бес мың теңгеден қаржы жинапты. Сатып алынған дәптерлер үйге берілмейтіндігі, тек мектепте орындап сонда қалатындығы да ескертіліпті. Бірақ, байқаусызда ұлының сөмкесінде кетіп қалған сондай қосымша дәптердің бірін көзі шалған ана оның түпнұсұқа емес ксерокөшірме екенін, әрі қисық-қисық қалай болса солай қырқылып дайындалғанын көріпті. Мәселенің мән-жайын анықтамаққа бекініп, ата-аналар комитетіне сұрау салғанда, олар қаржыны жинап, сынып жетекшісіне тапсырғанын, мектептің өзі баспалардан сатып алып келгенін жеткізіпті. «Сорақысы, дәл осы құбылыс биылғы жылы тағы айнытпай қайталанып отырғандығында», – дейді қалтасындағы соңғы тиынына дейін санап берген көпбалалы ана. Осы тұста онсыз да қымбатшылықтың қыспағында отырған ата-аналарды шырылдатып қаржыны жинап алатын мектеп басшылығы қосымша жұмыс дәптерлерінің көшірмесін баспалардан алып отыр ма, жоқ әлде түпнұсқадан көшірмені өздері жасап сатып отыр ма? Жаңа оқу жылында да қыркүйек айының екі аптасы өтер өтпестен сынып оқушыларынан түгелдей 4 мыңнан жиналып алынғанымен, аталмыш дәптерлер оқушылардың қолына әлі күнге дейін тимепті. Бізге мұны нақты анықтау мүмкін болмады. Бірақ орын алып отырған жағдайды саралап-ақ, көшірме кітаптардың алыста емес, мектептің өзінде-ақ дайындалып жатқанын аңғару қиын емес. «Ел болашағы – білімді ұрпақтың» қолында екенін жақсы білетін ата-аналардың барлығы мектепке баратын баласының «бес қаруы» сай болғанын қалайды. Сонда ғана сапалы білім алу мүмкін екені анық қой. Осындай ата-ананың бірі, белгілі журналист Нәзия Жоямерген: «Министрлік былтыр берген дәптерлері биыл жоқ. Кітаппен бірге неге берілмейді? Тегін таратпайды екен, мектептерге сатып алуға тиым салсын. Министрліктің сараңдығын алыпсатарлар тиімді пайдаланып жатыр. Базардағы баға ушығып тұр. «Алматыкітап» баспасынан 600 теңгеге алған «Орыс тілі» базарда – 1200. Ал 1000 теңгелік «Математика» – 1500. Тағы бір проблема, жалпы саны оншақты болатын жұмыс дәптерлері әртүрлі баспадан шыққан. Кейбір пысықай баспалар түпнұсқадан айнытпай көшірмесін жасап, пайдаға шаш-етектен кенеліп жатыр. Қиналған – қарапайым халық пен өзіміздің қарадомалақтар. Кез-келген ата-ананың қалтасында артық 11 мың теңгесі жоқ. Бүгін базардан көргеніміз: жұмыс дәптерлерін іздеп сабылғандардың көбісі – қалаға даладан келіп, пәтер жалдап жүрген қандастар. Мектепке қажетті кеңсе тауарларын әлі түгел алмағандар да баршылық. Азын-аулақ ақшасын жеткізе алмай, ұнжырғасы түскен қандастар мен олардың жетегіндегі көздері мөлдіреген балақайларға қараудың өзі аянышты», – дейді. Мүмкін заманның талабына сай әрбір пәннің қосымша жұмыс дәптерлері керек-ақ болар. Бұл да бір жаңашылдықтың белгісі шығар. Бірақ осыны ойлап тапқан еліміздің Білім және ғылым министрі неге барлық оқушыны толығымен қамтамасыз ету жағын алдын ала қарастырмайды? Оқу жылының бір айы артта қалғанына қарамастан, әлі күнге дейін базар мен баспаны кезіп қосымша жұмыс дәптерін іздеп сенделген балапандардың обалы кімге? Осы жағын ойлады ма екен Сағадиев мырза? Оқу құралы оқушылардың бірінде болып, бірі оны іздеп көше кезіп жүрсе, біз қалай ғана сапалы білімге қол жеткізбекпіз? Бізді толғандыратыны да – осы. Қырық жыл бойы үздіксіз бастауыш саласында білім берген, ардагер ұстаз Қалия Бейсенбаева болса бүгінгі білім беру жүйесінің адам танымастай өзгергеніне алаңдаулы. «Шындығын айтқанда, қосымша жұмыс дәптерлерінің аса бір қажеттілігі жоқ. Әсіресе 1-2 сынып оқушыларына. Өйткені, мектеп табалдырығын енді ғана аттаған балаға қосымша дәптердегі дайын дүниені ғана орындап қою жеткіліксіз. Олар қаламды қалай дұрыс ұстау керектігін үйренісімен, көркем жаза білуге дағдылануы керек. Ал, қосымша жұмыс дәптерлері болса, балаларды тек «дайын асқа тік қасық» болуға үйретуде. Бұрындары бала сабағын өз бетімен оқи алатын. Ал қазіргі жүйе балалардың ата-аналарынсыз немесе арнайы репититорсыз сабақ оқи алмайтын деңгейге жеткізді. Таңнан кешке дейін үлкеннің жетегінде жүрген бүгінгі оқушының тұлға ретінде дамуы да қиын. Мұның астарына тереңірек үңілсек, шынында да қорқынышты. Сондықтан да біз білім саласында жаңалық аша беруді доғарып, баланың өзіне жүктелген міндетті өзі ғана орындай алатындай мүмкіндік туғызуымыз керек», – дейді ардагер ұстаз. Иә, қарап отырсақ білікті маман сөзінің жаны бар. Қазір ұл-қызы мектеп жасындағы әрбір ата-анаға «сабақ оқыту» деген дүние ең үлкен күрделі мәселеге айналды. Әрбір отбасы сабақ орындау барысында бірінші, гуглдетіп ізденуге, одан соң ватсаб желісі арқылы анда-мында жіберіп көмек сұрауға мәжбүр болып қалды. Сондықтан, да жаңа бағдарламаны енгізгенде министрлік ата-аналардың емес, балалардың оқитындығын ескерсе екен. Олардың осы тектес пайдасыз реформасы балалардың денсаулығына кері әсер етіп, кейбіреулері жүйке ауруына шалдығып жатқаны белгілі. Шетелден шекпендеріне орап әкелген «жаңалықтары» бізге қолданысқа жарай ма, жарамай ма, ол туралы біздің «реформаторлар» ойланбайды да.БІЛІМ МИНИСТРЛІГІН БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ТОЛҒАНДЫРМАЙДЫ
Тағы бір түйткілді мәселе – мектеп оқушысының сөмкесін өздері тұрмақ ата-аналары әзер көтереді. Оқушылардың күн сайын мектепке әрқайсысының салмағы 800 граммдай болатын 6-7 оқулық, дәптерлер, сусын, дене шынықтыру сабағына керекті киім-кешек пен мектепке арналған аяқ киімін апаруға тиісті. Мұның барлығын 1-2 сыныптың оқушылар қалай ғана көтермек? Осы мәселеге алаңдаған Ақтау қаласының тұрғындары портфель өлшеу шарасын өткізіп, дабыл қақты. Ата-аналар өлшеген әр сөмке 6-7 келіден асып түсті. Талап бойынша бастауыш сынып оқушыларының сөмкелері 1-2 келіден, ал жоғары сыныптағылар үшін 4 келіден аспауы керек. Ал білім министрлігі неге бұл талапты орындағысы келмейді? Бұғанасы бекімеген балғындарды неге аямайды? Ал, күн сайын ауыр сөмке тасығаннан балаларының омыртқасы қисайып, мойын бұлшық еттері қысылғаннан басы ауыратынын алға тартқан ата-аналар бұған қатысты шұғыл шара қолдану керектігін талап етуде. Ата-аналар ұйымдастырған осы шараға қатысқан қалалық білім бөлімінің өкілдері мен жергілікті депутаттар бұл туралы мәселе көтеретіндігін айтып тарасқан-ды. Иә, бұл тек ғана ақтаулықтарды ғана емес барша қазақстандықтарды алаңдатқан өзекті мәселе. Сондықтан да, Сағадиев мырза, оқушылар өз сабағын өзі оқи алмаса, сөмкесін көтере алмаса мұндай жаңа бағдарламаның қажеті қанша? Сіз және сіздің командаңыз не үшін жұмыс істеп отыр? Барлық ата-ана әр баласының соңынан жүретін болса, онда кім жұмыс істеп, отбасын кім асырайды? Осы жағын бір сәт ойландыңыздар ма? Осы уақытқа дейін білім министрін жекпе-жекке шақырған халық қалаулылары неге үнсіз? Білім саласы Сағадиев салған соқпақпен дәл осылай жүре берсе, біздің болашағымыз қандай болмақ?Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz