БАСТЫ МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнады. Биылғы ҚР Президенті Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған. «Қазақстандықтардың әл-ауқа­тының артуы негізгі басым­дыққа айналуы тиіс. Жалпы Ішкі жалпы өнім, инфляция, барлық макроэкономикалық көрсеткіштер өздігінен-ақ цифр­лар. Бұл цифрларға қазақ­стандықтардың өмірін жақсарту үшін қол жеткіземіз. Барлық әкімдер мен министрлерге мұны барлық уақытта есте сақтап, бастарында ұстауларын өтінемін», – деді Елбасы. Мем­лекет басшысы дәл осы көр­сеткіштермен барлық деңгейдегі бүкіл басшылардың қыз­меттеріне сәйкестігі мен дербес жауапкершілігі бағалана­тын­дығын баса айтты. Елбасы өз жолдауында Үкі­метке 2019 жылдың 1 қаң­та­­рынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Олар­дың қатарында мұғалімдер, дәрігерлер, құқық қорғаушылар және өзге де мемлекеттік қызмет­керлер бар. Осы мақсат­тарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 мил­лиард теңге бөлінетін болады. 5 жыл ішінде білім, ғылым, ден­саулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет. Білім саласында да атқа­рылар жұмыстар көп. Үш ауы­сымдағы мектеп мәселесін түбегейлі шешу мен «Педагогтар мәртебесі» туралы заңды қабыл­дауды тапсырды Елбасы. Президент құқық қорғау саласына да жаңа реформалар керектігін айтып, бұл туралы Қ. Қасымовқа тапсырма берді. «Сот жүйесіндегі мамандарды сапалы түрде жаңарту қажет. Осыны ылғи айтамыз. Судья қызметіне мықты заңгерлер келуі қажет. Бірақ ондай үрдіс байқалмайды. Тәуелсіздігімізге 27 жыл болды. Баяғы судьялар отыр. Мен оларды жаман деп айта алмаймын. Бірақ өз­деріне жүктелген мәсе­ле­лерді шеше алмай жатыр», – деді Н.Назарбаев. Елбасының айтуынша, халық әлі күнге дейін Президентке хат жазып, өз мәселелерін шешуді сұрайды. Демек, олардың проблемасы сотта шешілмейді. «Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы. Бұл - қазақ­стан­дықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз. Бүгінде халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ», – деді ҚР Президенті. Сондық­тан тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіп­сіздігін бақылау комитетін құру керектігін ұсынды. Мемлекет басшысы жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиісті­гін атап өтті. «Жастардың бар­лық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеу­меттік сатының ауқымды платформасын қалыптас­тыру керек. Келесі жылды «Жас­тар жылы» деп жариялауды ұсына­мын», – деді Елбасы.Нұрсұлтан Назарбаев рефор­малар мен негізгі стратегия­лық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкім­шілігінде Ұлттық жаңғыру кеңсесін құруды тапсырды.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz