Зейнетақы қоры тағы да дауға қалды
2018 ж. 21 қыркүйек
3241
0
Наурызбаева жас отбасылардың өз ақшасын өздеріне қимағаны ма?
Халық қалаулылары еліміз бойынша жас отбасылардың зейнетақы қорындағы жиналған қаржыларын өздеріне қайтарып беруді ұсынды. Өмірге енді қадам басқан жас отбасыларға осы қаржыны мемлекеттік бағдарламалар бойынша баспана алу үшін бастапқы жарна ретінде пайдалануға мүмкіндік жасау керек дейді. Өйткені, олардың дәп бүгін ипотекаға бастапқы жарна төлеуге басы артық көк тиын ақшасы жоқ. Сондықтан, жас жанұялардың басым бөлігі мемлекет ұсынған бағдарламадағы жеңілдіктерден шет қалып отыр. – Сол зейнетақы қорындағы өз қаражаттарын жас отбасыларға беріп, «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық үй алуға мүмкіндік жасалса. Неге осы қордан қарапайым жас отбасыларға көмектеспеске? Мен бұл жерде бір де бір үйі жоқ отбасыларды айтып отырмын, – деді осы мәселені алғашқы болып көтерген сенатор Нариман Төреғалиев. Сенатордың бұл ұсынысы мардымсыз жалақысының бір бөлігіне пәтер жалдап жүрген, үйлі болудан күдер үзген жастардың үміт отын қайта жаққандай болды. Шынында да бір айлыққа қарап отырған, пәтер жалдап жүрген жас отбасы бастапқы жарнаға қаржыны қайдан алсын. Сол себепті мемлекет тарапынан жасалған жеңілдіктің біздегі мыңдаған жас отбасына ешқандай көмегі болмай қалып отыр. Осы тұрғыдан алғанда халық қалаулысы Нариман Төреғалиевтың ұсынысы орынды да, ұтымды. Қартайғанда қолына тиетін зейнетақыдан не пайда, өмір бақи пәтер жалдап қыруар қаржыны біреулерге босқа төлеп жүрсе. Баспанасы жоқ отбасында қандай береке болуы мүмкін? «Үйі жоқтың – күйі жоқ» – деп тегін айтылмаған. Шаңырақ көтерген жас жұбайлардың бүгінгі күні жиі ажырасып кетудегі басты себептерінің бірі – дәп осы баспанадан, жетіспеушіліктен басталады. Одан кейін ұлтымыздың саны өспей жатыр деп жарапазан айтудың өзі артық. Алдымен жастардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жасауға міндеттіміз, оларды жұмыспен қамтып, баспанамен қамтамасыз етуге тиістіміз. Содан кейін барып халық санын өсіру туралы мәселе көтергеніміз жөн. Біз болсақ халқымыздың санын еселеп өсіретін жас отбасыларымызды қаңғыртып қойып, ұлт санын ұлғайтпайды деп кінә артамыз. Бұл буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей емес пе?.. Өкінішке орай, сенатордың осы ұсынысын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшысы қолдай қоймады. Қолдамақ түгіл, қарсы шықты деуге болады. Қордың төрайымы Нұрбибі Наурызбаеваның айтуынша, зейнетақы қорындағы қаржыны салымшылардың емделуіне, оқу ақысына және ипотекаға пайдалану жайы бізде қарастырылмаған. Бұл заңда да жазылмапты. Олай болса: «Құрметті сенатор мырза, алдымен осы мәселені заң жүзінде бекітіп беріңіздер!» – деуге де жарамады. Оның айтуынша адамдардың жеке шотындағы қаржы жас отбасыларға алдын ала таратып беруге жеткіліксіз екен. Ол үшін ай сайынғы салымды қазіргі 10 пайыздан тағы да көтеру керек дейді қор басшысы. Бүгінде жалпы Бірыңғай зейнетақы қорында 8,4 триллион теңге жиналыпты. Төрайымның ойын дұрыс түсінсек жас отбасыларға қаржылық көмек беру емес, халықтан тағы да ақша дәметіп отырғанын байқаймыз. Сондай-ақ, Наурызбаева халық қалаулылары алдында қордағы қаржыны индексация жасауға қатысты өз пікірін білдірді. Бұған дейін де мәжілісмендер жұрттың қартайғанда қажет болады деп жинап жүрген ақшасы күн санап құнсызданып бара жатқанын айтып, индексация жасауды талап еткенін білесіздер. Осы орайда, сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының қор басшыларының қателіктерін көрсетіп бергенін естеріңізге сала кетейік. «Зейнетақы қорының кірісі өте төмен. Инфляция жұтып жатыр. Бұл әрбір Қазақстан азаматының сеніп берген ақшасы ғой. Маған сайлаушылар арыз-тілектерін айтып жатыр. Олар осы қаржыны қорға емес, банктерге депозит ретінде салсақ бізге тиімдірек болар еді дейді. Қараңызшы, бір азамат банктегі депозитке 1 миллион теңге салса, жылына 120 мыңнан аса кіріс көреді екен. Бұл дегеніңіз қазіргі қордағы кірістен 3-4 есеге көп» – деген болатын Мұрат Бақтиярұлы Оның айтуынша қор штатында 2 мыңға жуық адам бар. Әрбір қызметкерді ұстап тұру үшін қор қыруар қаржы шығындайды. Мысалы, 1 адамға жылына 17 миллион теңге жұмсалады. Ол деген әлгі қызметкердің жалақысы, оның кеңсесі, оның керек-жарағы, оның іс-сапар шығындары бар. Сондықтан, сенатор оларға сол офистерді жалға алмай, сатып алуды ұсынды. Қазақстанда белсенді, яғни еңбекке қабілетті адам саны 10 миллионды құрайды. Оның 6 миллионға жуығы айлығының 10 пайызын зейнетақы қорына салады. Ал тұрақты түрде жылдың 12 айында қорға ақша аударып отырған адам саны 1,4 миллион ғана. Қалғандары жылына 1-2 рет қана салым салады. Кіріс төмен деген сөз. «Бізде кезінде 78 зейнетақы компаниясы жұмыс істеді. Араларында бәсеке болды. Сосын Үкімет осы Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын құрды да, жаңағы 78 компанияны әкеліп біріктіріп тастады. Енді осы қорды қайтадан жекеменшік қорларға бөлу туралы сөз шыға бастады. Сонда кезінде не үшін біріктірді? Санаға сыйымсыз. Әуелі оны жинаймыз, сосын қайта бөлеміз бе?» – деген-ді сенатор. Депутаттар зейнеткерлердің ақшасын сақтап, оны көбейтудің амалын қарастырса, БЖЗҚ төрайымының уайымы мүлдем басқа секілді. – Егер теңге қайта нығайса не істейміз? Онда үстемені кері қайтарып алайық дейміз бе? Меніңше, валюта бағамының құбылуын қордағы қаржымен байланыстыру дұрыс емес. Индексацияны зейнетақы қоры жасамайды. Оны Ұлттық банк реттейді, – еді алған бетінен қайтпаған Н.Наурызбаева міз бақпастан. Турасын айтсақ зейнеткерлердің ақшасын сақтап, оны көбейту тікелей қор төрайымының міндеті емес пе? Сол үшін де оны осы лауазымға тағайындаған жоқ па? Осы тағайындауға халық кезінде үлкен күдік келтіргені бар. Түсінікті болу үшін КТК (19-06-2013ж.) телеарнасында жарияланған хабардың мына мәтінін назарларыңызға ұсынайық. «Тұрғынүй жинақ банкі» басшылығы пайыз көтеріп пайда тапқанымен қоймай, арзан үйді өзара бөліскен. Елді қол жетімді баспанамен қарық қылу үшін құрылған «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» белшеден былыққа батқан. Банк басшылары халық үшін бөлінген жеңілдіктерді жасырып, жылдар бойы өз пайдаларына асырып келіпті. Мұндай шулы мәліметті бүгін депутат Нұрлан Жазылбеков Мәжілісте жария етті. Халық қалаулысының қолына қалай екені белгісіз, әйтеуір «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаеваның аймақтардағы бөлімше жетекшілеріне «азаматтарға төмен пайызбен берілетін несие туралы ауыз ашпаңдар» деген бұйрығының көшірмесі түсіпті. Сол құжатқа сүйенген депутат – банк салымшыларын да, 100 пайыз акциясы тиесілі Үкіметті де алдап отыр дейді. Ең сорақысы, басшылық мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғындарға берілуі тиіс пәтерлерді өзара бөлісіп алған көрінеді. Соның арқасында, әрқайсының кез-келген қалада қос-қостан үйлері бар екен. Нұрлан Жазылбеков, Мәжіліс депутаты: – Мәселен, Алматыда Әл-Фараби мен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы «Әйгерім» тұрғын үй кешенін банк қызметкерлері өзара бөлісіп алған. Тізімде көш бастап төрайым Нұрбибі Наурызбаева мен оның екі орынбасары тұр. Олардың біреуі де кезекке тұру сынды ресми талаптарды пысқырмаған. Сондықтан Үкімет пен Бас прокуртура «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкінің» басшыларына қатысты тексеру жүргізсін». Бұл жерде телеарна артық кетті, бірінші басшының қылмысқа қатысы жоқ деген күннің өзінде, ол қол астындағы қызметкерлері үшін жауапты. Сол үшін ол бұл лауазымға тағайындалған. Осы тұста мына бір мәселеге көңіл аударған жөн. Бізде әдетте бірінші басшы емес, оның орынбасарлары жемқорлыққа байланысты ұсталып жатады. Ал, саланы немесе аймақты басқарып отырған министр мен әкім ештеңеге жауап бермейді, сүттен ақ, судан таза болып қала береді. Сондықтан қол астындағы қызметкерлері мен қоса бірінші басшы да қылмыстық жауапкершілікке тартылатын заң қабылдау қажет. Бәлкім сонда қылмыс азаятын болар. Нүрбибі Наурызбаеваның бұл жолғы ойын қалай түсінуге болады? Төрайымға салсақ, қордағы халықтың ақшасын жекешелендіріп алғандай, кәдімгідей қиналғанына қарағанда қаржыны ол салымшыларға өз қалтасынан беретін адамға қатты ұқсайды. Тіпті теңгенің нығайғанынан қорқатынға да ұқсайды. Теңге бағамы көтерілсе индексация арқылы жасалған үстемені қайтарып алу да бар сияқты ойында. Ал, БЖЗҚ ақшасын тиімсіз оңды-солды шашқанда қаржыгерлер халықпен, депутаттармен, үкіметпен де ақылдаспайды. Оған дәлел ретінде өткенге сәл шегініс жасауға тура келеді. Жалпы экономиканың басты тетігін бұрап отырған біздің қаржыгерлердің (Қаржы министрлігі, Ұлттық банк т. б.) ұстанған қаржылық саясатын түсіну мүлдем мүмкін емес. Соның бірі – БЖЗҚ. 2013 жылдың 22-тамызында көптеген зейнетақы қорларының негізінде құрылған БЖЗҚ басынан бұлт кетпей-ақ қойды. Құрылтайшысы мен акционері болып табылатын ҚР Үкіметі, оның ішінде Ұлттық банк бұл қаржылық ұйымға тиімді басшылық жасай алмай, болашақ зейнеткерлердің ақшасын еселемек түгіл барынан айырылып отыр. Нәтижесінде «БЖЗҚ» АҚ экс-басқарма төрағасы Руслан Ерденаев 12 жылға сотталды. Басқаруға сеніп тапсырылған мүлікті иемдену мен талан-таражға салғаны үшін БЖЗҚ топ-менеджерлері – Д.Медетбеков пен М.Бахтов, «АлатауАлтынМұнай» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы Б.Кенжебаев, «БузулАргум» ЖШС А.Найзағарин, «Мегатрансазия» ЖШС директорының орынбасары Т.Тұртаевтар да қаржылық қылмысқа қатысты ретінде жауапқа тартылғаны белгілі. Ол аз десеңіз, зейнеткерлердің ақшасы мақсатсыз жұмсалғаны соншалық біздің қомақты қаржымыз Каспий асып, Әзірбайжан елінен бір-ақ шықты. Шетелге кеткен ол қаржыны енді алдағы 10-15 жылда қайтармақшы екен. Оған дейін біз берген ақша құнсызданатыны айдан анық. Бұл жерде де қаржыгерлер өзінің бас пайдасын ғана ойлағаны, сол арқылы өз қалталарын қалыңдатып қалғаны көрініп тұр. Сенімсіз шетелдік банкке 71,3 млрд. теңге ақша құю – қылмыс. Оған қоса БЖЗҚ ақшасының 19 пайызы еліміздегі тұралап қалған екінші деңгейдегі банктерге таратылған. Олардың бірнешеуі лицензияларын айырылғанын ескерсек, бұндай банктер зейнеткерлердің ақшасын қайтып еселемекші? Оны да қайтарып алудың өзі үлкен жырға айналары сөзсіз. Бұл туралы мәжілісмен Омархан Өксікбаевтың «Халықтың ақшасы жеке меншік қаржы институттарын дамыту үшін жұмсалмау керек. Неге олар ақшаны ұрлап байып жатыр? Одан қалды шетелге алып кетіп жатыр. Ал мына жақтағы банктің салушылары зиян шегіп отыр. Ашығын айтсақ, сол банктердің кейбір иелері билікте де жүр. Неге соны сұрамасқа, неге жауапқа тартпасқа оларды?» деген ұсынысын айтсақ та жеткілікті. Зейнетақы жайы, оның ішінде жас отбасылар мәселесі қозғалған соң мына бір салыстырмалы деректерді де айта кетелік. Мәселен, көрші Ресейде «Материнский капитал» деген қор бар. 2015 жылдың басынан бері екінші және одан кейінгі балалар дүниеге келгенде анаға мемлекет тарапынан 453 026 рубль қаржы бөлінеді. Бұл қаржыны баспана алуға, емделуге, балаларын оқыту үшін бала үш жасқа толғаннан бастап алуға болады. Соның ішінде біз әңгіме етіп отырған ипотекаға бастапқы жарна төлеуге де құқылы. Бұл аз қаржы емес, біздің ақшаға аударғанда 2 млн. 265 мың теңге мөлшерінде. Бізде ше? Балаға берілетін мардымсыз қаржы көлемін айтпаған күннің өзінде, жас отбасының өзінің зейнетақы қорындағы ақшасын баспаналы болу үшін өзіне бере алмаймыз. Сонда өз еңбегімен тапқан қаржының қызығын қашан көреді? Баспаналы болуға, баласын оқытуға жұмсамаса, ол несіне керек? Біздің халық қалаулыларының құлағына «алтын сырға», бас салып өзгелерді сынағаннан бұрын осы тектес ұтымды ұсыныстарын заңдық тұрғыдан бекітіп берсе әлдеқайда тиімді болар еді. Ал, сол ереже орындалмай жатса, заң бойынша талап етуге болады. БЖЗҚ – деген қысқартылып айтылатын ұғымды ел арасында «Бейнетке жаратылған зейнетақы қоры» деп тарқатып айтатын болыпты. Оның да негізсіз еместігіне келісетін шығарсыздар. БЖЗҚ-ның бүгінгі жағдайы дәп соны көрсетпей ме? «Халық айтса, қалып айтпайды» деген бекер айтылмаған екен...Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz