ДАЛАНЫҢ ЕҢ ЖҰПАРЛЫ ДЕМІ
2018 ж. 19 тамыз
4589
0
(Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Алқоңыр Дүние» атты туындысы һақында)
Біз – таныспыз. Арқасының қызылқұйын желі бар Тыныштың жұмбақ та сырлы сөздермен қашан танысқаны беймәлім, ол қаламгермен қашан алғаш рет кезіккенім де есімде жоқ. Әйтеуір, маған ол суреткердің жұпар Түзі, жусан жаратылысы, Қамшы-Қыдыры, Қош Егесі, Бій Атаның басына барып түнеуі, ел оқып жүрген «Ақшамы», ел оқи алмаған Ұлы Бесіні, тартқан небір азабы, Сары көлі, Қарауылы, қара Шалы, жекеқоңыры, тіпті, абыздың жүзіндей көмескі тартқан көлеңкелі бөлмесі де жақсы таныс.
Ол – Ақ Жылан жылында Дегелеңнің дертті даласын тітіркенте жарқ еткен шарнажағайдың жарқылы!
Оның бұлты бұйра келеді, бұлағы бүлдірген татыйды. Тау басынан алтын көреді, күн көзінен жебе суырады...
Оның «Алқоңыр» өлеңдері – көмескіқұпиялардың көріністері. Бұл «Жар басындағы жалғыз үй» тәмсіліндегі Естелік Жаратушы аңызындай. Сол «үйге» кірген адам алдымен дүниенің бар бояуын, кейін әуезді әуендерін, табиғат тылсымдарын, сезім иірімдерін, түгел-түгелін есіне түсіреді. Естелікті оракулдардың өлеңге айналдыруы бертін келе «Поэзия» деп түсіндіріле бастады. «Гекзаметр Дельфте дүниеге келді» деген Ницшенің өтірігіне сенді аузы аңтарылған көпшілік.
Тыныш ақынның өлеңіне зер салмас бұрын, біз өлең құбылысының сипатын тануымыз керек. Мәселен, біз «Макбетті», Шекспирдің досы әрі дұшпаны болған Чапмэнді немесе Китсті оқығанда, поэзияны зерттеген секілді көрінуіміз мүмкін. Өлең – «А» мен «Б» теориясы» емес. Оны оқу – өз ақылыңда, қаныңда, тұла-бойыңда өзгеріс басталғанын сезіну. Өлең оқыған сәттің бәрі – өнер. Тек оны әркім өзінше қабылдайды. Мысалы, Сервантестің «Дон Кихоты». «Кихот» сөзінің «ақымақ» деген мәнге ие екенін, жазушының Чазлввит кейіпкеріндей делқұлы адамды суреттегісі келгенін қазір кімге жіліктеп айтқандайсыз...
Поэзияда тұтас Шығыс континенттік аймақтың рөлі үлкен. Библияның идеясы да Шығыстан келген. «Киелі Рухпен жазылған» деген батыстық дүниетаным бар. Бірде Бернард Шоудан «Библия Киелі рухпен жазылды» дегенге сенесіз бе?» деп сұрағанда, «Әр кітап Киелі Рухпен жазылады» деп жауап қатқан екен.
«Дух дышит, где хочет, и голос его слышишь, а не знаешь, откуда приходит и куда уходит: так бывает со всяким, рожденным от Духа» делінеді Інжілде. Бұл Жиреншінің «Бір жол бар – жақын, жақын да болса – алыс!...» деген ғажап бақсылық өсиеті секілді. Көшпелілер жолы!
«Бақсымын, жырлап-сарнаған, Денем жоқ әсер бармаған. Мыйдағы, «жыным», түгел кел, хақиқат іске арнаған!», - дейді біздің әулие Шәкәрім бабамыз.
Осындай Киелі Рухтың тынысын біз Тыныштықбек Әбдікәкімовтың өлеңдерінен сезінеміз. Қиялы қыранға айналған оның Өлең-Шөп-болмысынан Даланың ең жұпарлы демі аңқып тұрады.
«Өлең-Сөзбін, Өлең-Шөппен туысқан,
Күллі Дүние біздің тілде ұғысқан.
Періштелер ұшып келіп жатады,
Жұмақ жайнап шыққан кезде шығыстан!..»,
- деп үздігіп кете береді...
Нобель сыйлығының лауреаты Ося (Жозеф Бродский) былай дейді:
«Ақын өлеңді өлгеннен кейін атақ-даңққа бөлену үшін жазбайды. Поэзия – сананы, ойды, дүниетанымды күшейтетін тылсым».
Яғни, Канттық императив. Ақынның жырларынан біз осындай темірқазықтық идеалды көреміз. Қазақ поэзиясында бұрын-соңды кездеспеген соңы образдар соның айғағы:
Мүмкін бе енді мені мұңсыз ету?
Неліктен мына бей уақ тілсіз еді:
Перінің емшегіндей Ай шошайып,
Бұқа-Түн тұмсығымен нұр сүзеді.
Ал, ана көшелер – сұр, қорғандар, сұр!..
О, жалған, одан ары жалғанданшы!
Мазама жарқ етеді жап-жасыл боп,
Ғайыптап қараңғыға тамған тамшы!..
Білмеймін, көкірегім бозарды ма,
Ойлаймын әлденені,..
Ажалды ма?..
Жер жүзі жыйып алып сәбилерін,
Патшалық құрсам, шіркін, өз алдыма!..
Тыныштықбек Әбдікәкімовтың жан-дүниесі де сәбидің нұрындай шалқыған таза, мөлдір әлем. Өз творчествосында ол бұл тақырыпқа сан мәрте оралады. Себебі, ішкі сұраныс сондай...
Мына біздің
сәби нұрындай шалқуға тиіс Жанымызға не керек?
Қиналғанда –
өзге қасиетті сөздерден де өзгерек
бір ауыз жұпар Сөз керек.
Көз керек - ғашықтығын көркем шыңғырар,
бір жарқ етсе, жылап жіберетін мұңлылар.
Мына Өмір –
сол Екеуін
бір-бірімізден аяғандағы сараңдығымыздың жарысы.
Еһһ!...
Сәби нұрындай шалқуға тиіс - қайран Жан іші!..
Немесе:
«Жас сəбидің бал иісі аңқыған тамшы жасын құшақтап,
Мен тəнімді тастап шығам дірдектеп!..»...
Ақынның "Алқоңыр Дүние" атты поэзия жинағы – қарт Алтайдың ұшар басындағы қырбақ қардан да таза әлем. Әр парағы Өлең-Сөз аңқиды.
Шекелерін сығымдап күшті ғылым,
Аспан өле бастады, Түз түгілі.
Қызылжалқын аңызақ долдануда,
Ібілістің мыйындай ыстық үні!
Ақынның өлеңдерін оқып отырып қызылжалқын аңызақпен де, қара нөсермен де, ару көктеммен де көзбе-көз кездесесіз. Тіпті, самала-сөздің өзі онда қанаттанып, бәрі-бәрі Күн-Жұмақтың Жұпар Патшалығына айналады.
«Жұдырықтай жүрегіммен мықшия,
Бас орнына Күн көтеріп келем мен», - дейді.
«Даланың айтқан сырын, Пенделердің тіліне аударатын» ақынның Жарық дүниенің дәм-тұзы ең әуелі Күн нұрынан дариды деп қабылдауының ар жағында да ежелгі көшпелі дана бабалардың ұлы қағидаттары жатыр.
««Слово» - неожиданно. Оно заключает в себе прозрения, кажущиеся подозрительными, тривиальные образы, покрытые патиной гениальности, и темные речения, великие уже потому, что понимаются банально», - деп жазады Олжас Омаровұлы.
Қалам ұшынан ұшқан сәулелі сөздер ақынды тек ақиқатқа бастау керек. Тыныштықбектің әр өлеңі – шынайы сезімнің көркем суреті. Абыз Әбіш Кекілбайұлы ағамыз айтқан «біртүрлі ақынның» өлеңдерін жатқа айтатын бірнеше буын қалыптасты. Сол қуантады. Қалғаны уақыт еншісінде.
Тек осындай ұлы тұлғалар тірісінде бағаланса дейміз. "Алқоңыр Дүние" секілді поэзия атаулының биігі саналатын кітаптар қазақта көп емес. Көп болмауы да заңды... әзірше.
Ендеше, көрнекті ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтың қазақ әдебиетіне асыл қазына болып қосылған "Алқоңыр Дүние" атты көркем туындысы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық деп санаймыз.Азамат Тасқараұлы,
Ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері,
ҚР Жазушылар одағының Басқарма мүшесі,
«Қазақ үні» АА бас редакторы