Зейнетақы қорына қарыз қазақ олигархы Еуропадағы элиталы үйлерінен айырылуы мүмкін
2018 ж. 08 тамыз
2592
0
Лондонның Жоғарғы соты "Қазақстан қағазы" АҚ-ның бұрынғы акционерлеріне қарсы шағымын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі.
"Бұл шешім жүзеге асса, компанияның "БЖЗҚ" АҚ салымшылары алдындағы борышын өтеуіне мүмкіндік туады. Берешектің номиналды құны 12,5 млрд теңгені құрайды", — деп жазылған хабарламада.
Дефолттың тарихын естеріңізге сала кетсек, 2001 жылы құрылған "Қазақстан қағазы" компаниялар тобы Қазақстан мен Орталық Азия аумағы бойынша қағаз өнімдерін және қосалқы шикізаттан орама бұйымдар шығаратын ең ірі өндірістердің бірі болатын.
2009 жылы эмитент өз қаржылық міндеттемелері бойынша дефолтқа жол бергеніне байланысты оның қаржылық міндеттемелеріне қатысты берешектердің құрылымын қайта қарау шаралары жүзеге асырылды.
2009 жылдың қазанында Эмитенттің акционерлері ауысты.
2015 жылдың 2 қазанында "Қазақстан қағазы" АҚ облигациялар бойынша екінші мәрте дефолтқа жол берді.
2016 жылдың 8 маусымында сот "Қазақстан қағазы" АҚ-ға оңалту шараларын қолдану туралы шешім қабылдады.
2016 жылдың маусым және тамыз айларының аралығында Қордың қатысуымен Эмитентті оңалту шараларының жоспары жасалып, ол 2016 жылдың 31 тамызында кредиторлардың жалпы жиналысында мақұлданды, ал 2016 жылдың 16 қыркүйегінде сот бекітті.
15 миллиард теңгені құрайтын борышты өтеуге қажетті соманың негізгі көзі "Қазақстан қағазы" АҚ-ның бұрынғы акционерлері мен басшыларына қатысты түсірген арыз-шағымы бойынша өндірілген қаражат болатын.
2016 жылдың қыркүйегі мен 2017 жылдың қараша айының аралығындағы оңалту кезеңінде Эмитенттің Қор алдында өтеген борышы 358 миллион теңгені құрады.
2013 жылдың тамыз айында Эмитенттің сол кездегі басшылығы Лондонның Жоғарғы сотына компанияның бұрынғы акционерлері Мақсат Әріп, Бағлан Жүніс, Шынар Диханбаеваға қатысты қаржыны жымқырды деп шағым түсіру туралы шешім қабылдаған болатын.
Қазіргі таңда "Forte bank" АҚ-ның шағымы бойынша Эмитентке қатысты оңалту шараларын тоқтатып, банкроттық шарасын бастау туралы іс қаралып жатыр. Қор қаржыны қайтарудың оңтайлы жолы оңалту шарасын жалғастыру деп санайды. Сондықтан өз тарапымыздан соттың бұл шешімін бұзу туралы шағым түсірдік.
"Қазақстан қағазы" АҚ-ның бұрынғы акционерлерге қатысты талап-шағымның жалпы сомасы 260 миллион АҚШ долларын құрады. Сот Мақсат Әріптің 95 миллион АҚШ доллары көлеміндегі активтеріне және оның 17 миллион АҚШ долларына бағаланған тұрғын үй ғимаратына бұғау салды. Екінші бұрынғы акционер Бағлан Жүніспен 3 млн АҚШ долларына бейбіт келісім жасалды.
4 жылдық сот дауының нәтижесінде Лондонның Жоғарғы соты "Қазақстан қағазы" АҚ мен кредиторлар тобының шағымдарын негізді деп тапты. "Қазақстан қағазы" АҚ-ның пайдасына шешілген қаржының нақты сомасы ағылшын құқына сәйкес, яғни соттың қосалқы тыңдаулары барысында белгілі болады. Сот 2018 жылға белгіленген.
Осылайша, аталмыш соттың шешімі "Қазақстан қағазы" АҚ-ның зейнетақы активтері бойынша борышын қайтаруына шынайы мүмкіндік тудырып отыр.