Бибігүл Дәулетбекқызы: "Идея ұрлау - нағыз қылмыс, Баян ханым!"
2018 ж. 07 тамыз
6560
1
Былтыр ғана осы әйел тарихи сериалымыз "Қозы Көрпеш - Баян Сұлудың" ырым-жырымын шығарған. Түсірсін "коровасын", онда шаруамыз шамалы...
Жуырда қазақтың белгілі режиссері Талғат Теменов продюсер Баян Алагөзованы "интеллектуалды ұрлық жасады" деп айыптаған еді. Даудың басы - Теменовтың повесі. Әйгілі "Махаббат бекеті" фильмі Теменовтың "Гүлнәз" повесі желісімен түсірілгенін ескерсек, фильмнің жалғасын түсірмекші болып жүрген Алагөзова Теменовтен рұқсат сұрамай, бұл іске белсене кірісіпті. Атышулы продюсердің айтуынша, фильмнің авторлық құқығы "Қазақфильмге" тиесілі және ол Мәдениет министрлігінен тиісті рұқсат та алып үлгерген екен.
Осы мәселеге қатысты танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы да пікір білдіріп, режиссер Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» фильмі болмаса, Баян Алагөзованы бүгінде ешкім танымайтынын айтты. Бұл туралы ол өзінің желідегі парақшасына жазды, - деп хабарлайды qazaquni.kz.
- Баян - бұрынғы Есентаева, қазіргі Алагөзова әпкеміз Талғат Теменовтің кезінде халықтың өліп-өшіп жақсы көрген "Махаббат бекетінің" 2 бөлімін түсіріп жатыр екен. Тағы келіп рұқсатын алмаған көрінеді. Ол ол ма, кейіпкерлердің аты Гүлнәз бен Орал. Мәссаған, безгелдек! Талғат ағамыз шырылдап: "Бұл менің жазған "Гүлнәз" деген повестім ғой. Ал, "Махаббат бекеті" менің авторлық фильмім. Идеясына дейін көшіріп алғаны былай тұрсын, әуенін де алған" деп қынжыла айтады. Ал, оған Баянка әпкеміз беті бүлк етпей: "Мәдениет министрінен рұқсат алдым" деп қояды, - деп жазды журналист.
Дәулетбекқызының пікірінше, интеллектуалды ұрлық жасау - нағыз қылмыс.
- "Гүлнәз" повестін жазған белгілі режиссер Талғат Теменов көкеміз. Ол кісіні әлем таниды. Сыйлайды. Бас иеді. Осы повесть бойынша түсірілген "Махаббат бекеті" фильмінің режиссері де Талғат Теменов. Әлде былтыр ғана осы әйелдің тарихи сериалымыз "Қозы Көрпеш - Баян Сұлуды" ырым-жырымын шығарғанынан хабарсызсыз ба? Түсірсін "коровасын" онда шаруамыз шамалы (Ол да кәрістерден ұрланған дүние...), - дейді тележүргізуші.
- Егер Талғат Теменов болмаса, Баянды бүгін Қазақ халқы танымас еді. Баянды Баян еткен - Гүлнәз. Ал "Гүлнәз"-ді повесть етіп жазып, фильмнің идеясына дейін ойлап шығарған - Талғат Теменов. Миллиондаған көрермен сол фильм үшін де Баянның небір хикаяларын кешіріп келеді. Ал, идея ұрлаған адамды өмірде жек көремін. Қарсымын! Сондықтан да, бұл жолы Талғат ағамыз жағындамын, - деп санайды Дәулетбекқызы.