Жұбаныш Жексенұлы: Қазір ӘНШІСЫМАҚТАР мен САЯЗ САТИРИКТЕРДІҢ ЗАМАНЫ
2018 ж. 07 тамыз
7848
7
Бұған деңгейі төмен тыңдарман мен талғауы жоқ теле-радиолар кінәлі
Кеше "Қазақ үні" порталында ақын Қазыбек Исаның "ШОУ мен ШУДЫ АЗАЙТЫП, ОЙЛЫ ХАБАРЛАРДЫ КӨБЕЙТУ КЕРЕК" атты көпшіліктің көкейіндегі өзекті мәселені қозғаған мақаласы жарияланды. Елдің көкейіндегі ойды қозғаған осы мақалаға әлеуметтік желілерде үн қосып жатқандар көп. Алғашқылардың бірі болып, әйгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексенұлы редакцияға хабарласып, өз ойларын білдірді.
Қозғап отырған мәселеңіз өте өзекті. Осы мәселелер ғой ішті қыжылдатып, қарыныңды аштыратын. Жоғары жақтан тапсырма бар ма, жоқ шын мәнінде арналардағылар арзандады ма, өңшең өресіз күлдіргі, саяз сатириктердің заманы туды. Танымы бар, ой қозғайтын бағдарламалар жоқтың қасы. Ойын-сауық, бос даңғаза.. Сын айтсаң тағы, өкпелеп, жауығады... Өздеріне сенімді, ылғи "кәсіпқой". Үлкеннен имену, кішіден ұялу дегенді мүлдем білмейтін бір толқын келді. Соларды қоғам тағы, ұлықтап, қолдан "тұлға" жасауды әдетке айналдырған. Бір сөзбен айтқанда, Масқара! Кім не істеп жүргенін өздері білмейді (әсіресе осы шоу бизнес, әннің айналасында жүргендер). Осыдан кейін әнші болғаныңа ұялып, арлана бастайсың...
Турасын айтыпсыз, аға! Үлкендерге бұл неге осындай болды, мынау проблема ғой, қалай шешуге болады - деп сұрасаң, "Мені кім тыңдайды дейсің" - деп басын алып қашады. Есімін ұмытып қалдым, Қытай жақтан келген бір бауырымыз: "Қазақстанда айқайлап ән айтқаннан басқаның бәрі адам емес екен ғой" - деп еді...
Қоғамның да деңгейі сол, әнші -мәнші жайлы өсек теруден аспай қалды. Деңгейсіздік өте қатты белең алды... Осыдан біраз уақыт алдында Бибігүл Төлегенова апамызға инстаграммда өте сорақы пікірлер жазылды.. Сол кезде менің жалпы тыңдарманның ойлау деңгейі, мәдени деңгейі өте төмен екеніне көзім анық жетті. Төмен бе, жоқ әлде мүлдем жоқ па ? Көрген көз бен естіген құлақтан ұят. Айта берсең, мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Қауіпті!
Иә, аға. Мұндай әңгімелер, ойлар айту өте қауіпті.. Көре алмайтын адам болып шыға келесің.
Айтатын әннің деңгейі той-томалақтың төңірегінде... Бірақ, образдары - ел мүддесін ойлап, шаршап жүрген тұлға! Өйткені ел, халықтың өзі сол әншісымақтарды қолдан "жұлдыз" етіп жіберді... Экранға елпілдеп, екі-үш рет шықса, мән-мағынасы жоқ "Бірлік болсын әлемде" дегенді аузы талғанша қайталағаннан басқа ешнәрсе айта алмаса да, аяғы талғанша секіре берсе, жетіп жатыр... Ертеңіне - "жұлдызсың". Тіпті, сені одан кейін телеарналар мәнсіз, даңғаза шоу бағдарламаларына жүргізушілікке шақырады. Осындай, тек фонограммамен ғана елді алдап, ән айтатын, бірақ екі ауыз сөздің басын құрап сөйлей алмайтын "әншілерді" жүргізушілікке шақырып жүрген "Еуразия-1" сияқты телеарналардың "талғамы" туралы не айтуға болады.
Арзан күлкілі сайқымазақтар мен дәлдүріш әншілердің қаптап кетуіне еш таңдаусыз, талдаусыз, талғаусыз, сүзгіден өткізбей-ақ, эфирге шығара беретін көркемдік кеңесі жоқ телеарналар мен радиолардың да үлесі зор. Ең алдымен миллиондаған көрерменді аяу керек емес пе? Ұят тіпті...
Айта берсең, әңгіме көп... Рахмет аға!
Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ,
әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Qazaquni.kz