Смағұл ЕЛУБАЙ: Қазақ тілі Тәуелсіздік ала алмай тұр
2018 ж. 02 тамыз
6507
0
Белгілі жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай sputniknews.kz порталына берген сұхбатында Яссауидың сопылық ілімі мен бүгінгі әдебиеттің жай-күйі жайында, қатыгез қоғам мен қазақ тілінің ахуалы төңірегінде ой толғады.
Жазушы өз сөзінде құдайсыз қоғамнан қорқатынын айтып, елімізде дәстүрлі отбасы құндылықтары құрдымға кете бастағанын тілге тиек етті.
- Құдайсыз коммунистік сана болса, кез келген діни қоғамнан қорықты. Шынтуайтына келгенде, дін емес, ең қорқынышты нәрсе құдайсыз қоғам еді. Бүгін біз сол құдайсыз атеистік қоғамның сорақы салдарларын көріп, біліп отырмыз. Құдайын ұмытқан қоғамнан туған ұл-қыздардың ұждансыздықтарын күнде көріп отырмыз. Соның бәрі қайдан шықты? Бәрі имансыз, құдайсыз қоғамнан шықты. Дәстүрлі отбасы құндылықтары құрдымға кете бастады. Өйткені жастарымыз Құдайдан қорқуды білмейді. Ал халқымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Өз басым қазіргі қоғамнан қорқамын. Құдайын ұмытқан қоғамнан әрнәрсе күтуге болады, - деді С. Елубай.
Оның пікірінше, Алланы ұмыту - азғындықтың ең асқынған түрі.
— Дінсіз өмір сүруге болмайды. Адамды Алла жаратты. Бүкіл адамзат жиналып осы уақытқа дейін адамның бір тырнағын да жаратқан жоқ. Сондықтан өзімізді жаратушыны құрметтеу, ұлықтау – парыз. Біз ата-анамызды ұлықтаймыз ғой. Шынтуайтына келгенде, бізді ата-анамыз жаратқан жоқ. Ата-анамыз Алланың бұйрығын орындады. Сондықтан Алла тағаланы ұмыту, өзіңді Жаратушыны ұмыту – азғындықтың ең асқынған түрі.
Танымал қаламгер, сондай-ақ, Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесіне де тоқталып өтті.
— Дәл бүгінгі таңда мынау ақшаға табынған қоғамда күн көрісті ойлап зыр жүгіріп жүрген ұл мен қыздың тілі адам шошырлық жүдеу деңгейде. Тіпті дардай басшылардың да тілі жетісіп тұрған жоқ. Жалпы, халықтың сөзі сұйылып барады. Бұл – үлкен прозаның өмірге келуіне үлкен кедергі. Тілдің сұйылуы ұлттың сұйылуына алып баруы мүмкін. Сондықтан бізде мемлекеттік тілдің жағдайын жақын арада жөндеуіміз керек. Тіл Тәуелсіздікке сай болмай тұр. Тіл Тәуелсіздік ала алмай тұр. Шын тәуелсіз тіл өзінің елінде 100 пайыз өркен жайып отыруы тиіс. Біз дәл қазір күнделікті тұрмыста қазақ тілінің тек 30 пайызын ғана пайдаланып жүрміз. Шалқар мұхит, аласапыран теңіздей толқыған құдіретті қазақ тілі түгел іске қосылмай, оның мол нобайы қаңтарылып тұрғандай көрінеді. Бұл – қатерлі құбылыс. Тілді пайдаланбаса, күнделікті өмірде қолданбаса, жан-жақты айналымға түсірмесе, ол ақпаған су тәрізді борсып немесе жерге сіңіп кетуі ықтимал.
Мінекей, бұл келеңсіздік жөнделуі керек.
Қазақстандағы өзге ұлттарды өкпелетіп алмайық деп жүріп, өзімізді өшіріп алмауымыз керек. Эфирге шығып алып, мүйізі қарағайдай 15 үкімет мүшесі орысша көстеңдеп, ұрпаққа теріс үлгі беріп отырады. "Бұлай істеуге болмайды" деп ойбайлаумен келе жатырмыз. Үлгі беретін басшылар ел алдына шыққанда осылайша орысша көстеңдей беруін доғармаса, Қазақстан ешқашан толық қазақшаға көшпеуі мүмкін.
Бір орыс отырса бітті, 100 қазақ орысша көстеңдей жөнеледі. Сонда мен өңшең құлдарды көргендей боламын. Құл халық қалай азат халық болады? Ендеше, шапшаң жаңғыруымыз керек. Бәрін жаңалауымыз қажет. Жаңа заң қабылдауымыз керек. Әйтпесе, қазақтың орыстану үдерісін ешқашан тоқтата алмас сызықтан өтіп кетуіміз мүмкін. Шұғыл мектеп реформасы болуы керек. Ол жерде бесінші класқа дейін сабақтар түгел қазақ тілінде жүруі тиіс. Бүкіл әлемде солай. Неге Ресей, Жапония, Қытай, Франция бірінші кластан бастап оқушыларын үш тілде тәрбиелеп жатқан жоқ? Неге соны ойламаймыз? - деді жазушы сұхбат барысында.