СУДЬЯЛАР КІМНІҢ СОЙЫЛЫН СОҒЫП ЖҮР?
2018 ж. 21 шілде
5230
0
ЖАҚЫП АСАНОВ СОТ ХАЛЫҚ СЕНІМІНЕ КІРУ КЕРЕКТІГІН ТАЛАП ЕТТІ
ҚР Жоғарғы Сотында сот төрелігін жүзеге асырудың 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы бойынша республика судьяларының кеңейтілген кеңесі өтті. Іс-шараға Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Әлия Рақышева, Президент Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі Данияр Вагапов, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Талғат Донақов, Парламент Сенаты комитетінің төрағасы Георгий Ким, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов қатысты. Алдымен айта кетелік, Жақып Асановтың бұл қызметке келгеніне небары жеті ай болды. Осының алдында ҚР Бас прокуроры болып тұрғанда сала жұмысын жаңаша құрып, көзге түскені белгілі. Өз қатарларын сенімсіз, біліктілігі төмен мамандардан тазартып, құқық қорғау қызметіндегі ашықтықты алға қойғаны есімізде. Қалың көпшілік Асановтың бұл бастамасын қызу қолдады. Осыған байланысты қатаң тәртіпті қаламағандар оған қоқан-лоққы да көрсеткен кездері болды. Бірақ, Бас прокурор алған бетінен қайтқан жоқ. Жоғарғы сот төрағасы ретінде де соттың халық сеніміне кіру керектігін бірінші кезекке қойып, судьялардан әрбір істе әділ шешім шығаруын қатаң түрде талап ете бастады. Өйткені, біздегі сот жүйесі шын мәнінде білгенін істеп, жүгенсіз кеткен-ді. Оны ашық айтуымыз керек, көпшілік тарапынан әділеттілікті аттаған судьялардың үстінен жоғары жаққа арыздар қарша борағаны соған нақты дәлел. Солақай шешім шығарғаны үшін пара алып ұсталған судьялар енді өздері жауапкершілікке тартылып жатыр. Мысалы, ОҚО Мақтаарал аудандық сотының судьясы А.Ниязбеков пара алғаны үшін 4 жыл 6 айға, Қаратау аудандық сотының бұрынғы судьясы Е.Шаланов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол сияқты, жақында ғана Тараз қаласыныңда тағы да екі судья пара алу үстінде ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Мындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жақып Асанов бұл жолғы алқалы отырыста да қолшоқпарға айналған судьялардың атын атап тұрып қатаң сынға алды. Судьялар кімдердің сойылын соғып жүр? Жоғарғы сот төрағасы рейдерлікпен айналысатындар біздің судьяларды біреудің дайын бизнесін тартып алу үшін пайдаланып жүргенін ашық айтты. Біздегі ешкімге тәуелсіз есептелетін судьялар кімдерге тәуелді болып отыр? Қарапайым халық құлқынның құлына айналып кеткен судьяларға деген сенімін біржолата жоғалтқан. Бір ерекшелігі, аудандық сот дұрыс шешім шығарса, қалалық сот кері ұйғарым жасаған немесе керісінше көріністер жиі қайталанады. Аяғында мыңдаған іс Жоғарғы сотқа жетіп, барлығын қайтадан қарауға тура келеді. Демек, жергілікті судьялардың шалалығынан бір істі екі-үш рет қарауға тура келеді екен. Жазықсыз жандарға қатаң үкім кесіп, талайдың тағдырына балта шапқан судьялардың атын атаған Асанов Алматы мен Ақмола облыстарындағы рейдерлік жолмен біреудің кәсібін тартып алып беріп жүрген билердің былығын бетіне басты. Кәсіпкерлікпен айналысып жатқан компанияны болар-болмас қарызы үшін банкротқа түсті деп шешім шығарған. Қарамағындағы мүлікті жүз есе төмен бағалап сатуға мәжбүрлеген. Ал, шын мәнінде оның активі бағалаудан жүз есе артық болған. Сөйтіп, кәсіпорынның бүкіл мүлкін тартып алмақшы болғандардың жетегінде кеткен судьялардың шешімін Жоғарғы сот жоққа шығарған. «Ашықтан-ашық рейдерлікпен айналысып жүр. Алматы қаласы мен Ақмола облысы сотының төрағалары Әбдіханов пен Әміров мұны көрмей қалдыңыздар ма? Әрбір іс сіздер арқылы өтеді. Қылмыскерлер сіздерді біреудің кәсібін тартып алу үшін пайдаланып отыр» – деді Асанов бұл өрескел жағдайға байланысты. Ал Жамбыл облысында аудандық судья жергілікті тұрғынды өмір бойы біреудің малын бағу құқығынан айырыпты. Бұл мемлекеттік қызмет емес, адамды қарапайым ғана күнкөріс мүмкіндігінен айыру деген сөз. Сонда ол адам жұмыс істемесе алдағы уақытта ұрлық жасап, кісі тонаумен айналысуы керек пе? Міне, солақай шешім адамдарды қайда итермелейді. Маңғыстау облысында «есірткі сатты» деген жалған жаламен күдіктіні 10 жылға соттап жібергені анықталған. Полиция күдіктіні ұстағанда оның сөмкесінде ешқандай есірткі болмаған. Полиция бөлімшесіне келіп сөмкені ашқанда, есірткі ғайыптан пайда болған. Қолдан жасалған жаланың ақ-қарасын сот анықтап жатпай, бірден қатал үкім шығарған. Бұл шешім де Жоғарғы сотта қаралып түзетілді. Нақақтан-нақақ сотталған адам екі жыл өмірін қамауда өткізген. Ол үшін кім жауап беруге тиісті?.. Жақып Асанов өз баяндамасында сот жүйесінде орын алып отырған кемшіліктер туралы бірқатар нақты мысалдар келтіріп, оған жол берген судьяларды сынға алды. Мысалы, шетке мұнай өнімдерін шығаратын кәсіпорынды тексерген мемлекеттік кіріс органдары оларға 728 млн. теңге салық салған, оған айыппұлды қосқанда 900 миллионнан асып кеткен. Алғашқы сотта кәсіпорынның дұрыс жұмыс істеп, барлық салықтар төленгенін, оны кедендік орындар да растап отырғанын айтып шешім шығарған. Бірақ, апеллляциялық сотта судьялар Абдрахманова, Құрбановалар мұнайдың экспортталғаны дәлелсіз деп шешім шығарып кәсіпорынды жығып берген. Осы арқылы олар еліміздің экономикасына қыруар шығын келтіріп қана қоймай, шетелдік инвесторларды да теріс қаратуға мәжбүр еткен. Тағы бір мысал, «Қазақстан темір жолына» вагондарға қызмет көрсететін нысан салуға келісім шарт жасасып, көптеген жылдар түк бітірмеген кәсіпорынның сотта қалай жеңіске жеткеніне таңғалуға болады. Келісім шартты түрлі сылтаулармен 8 рет ұзартқан. Құны 4,5 млрд. тұратын жұмыстың жартысын да атқармаған. Тоғызыншы ретте ҚТЖ келісім шартты ұзартуға қарсы болады. Астаналық экономикалық сот ҚТЖ-ны қолдап шешім шығарса, ал, апелляциялық соттың судьялары Айтжанова, Таукеева, Мәкебаева керісінше қаржыны босқа ұстаған кәсіпорынды жақтап, тоғызыншы рет келісім-шарт жасауға ұйғарым береді. Асановтың айтуынша біздің кейбір заңдарымызды әлі де жетілдіру керек. Ол туралы ұсыныстыр жасалатын болады. Кейде тек қана қатып қалған заңға сүйенбей адамгершілік пен жүрекке де сөз беру керек. Мысалы, Алматыда 20 жылдан аса бірге тұрып күйеуі қайтыс болған ауру, жесір әйел судьялардың шешімімен далада қалған. Үйді үйленбей тұрып отағасы сатып алғандықтан, сондай шешім шығарған. 20 жылда ол үй толықтай қайта жасалғаны есепке алынбаған. Оған қоса әйелдің созылмалы сырқаты да ұмытылып кеткен. Ия, заң бойынша дұрыс шешім болуы мүмкін. Бірақ бұл жерде адами факторларды да ұмытпағанымыз жөн. Бұл сияқты мысалдарды шексіз келтіре беруге болатынын айтып, жүйе жұмысын барынша түзету қажеттігін баса ескертіп, бұдан былай ол нақты жүзеге асырылатынын анық аңғартты Ж.Асанов. Шынында, әділетсіз судьялардың әрекетінен жапа шеккендердің саны тым көп. Біздің сотқа шетелдік инвесторлар да сенбейді екен. Өйткені, экономикалық дауды дұрыс шешпей, өздерін шығынға ұшыратқан кездер жиі ұшырасады. Ал қарапайым азаматтардың соттан тіпті көңілі қалған. Ол туралы прокурорлар да судьялардың қателерін түзеуден шаршағандарын айтады. «Жоғарғы сотта Бас прокурордың наразылығымен 700-ден астам соттың үкімдері өзгертіліп отыр. Оның ішінде 12 ақтау үкімі бар. 200-ден астам адамдардың ісі бойынша мән-жайын жеңілдететін үкімдер бар» – деді. ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов осы отырыста. Дұрыс айтылған ескерту. Асановтың айтуынша, қазір судьяларды конкурстық негізде іріктеу басталған екен. Бірінші ірктеуде 80 үміткердің үшеуі ғана талаптарға сай болып шығыпты. Бұл да көп нәрсені аңғартса керек... Отырыста тағы бір орынды мәселе көтерілді. Ол – жергілікті билік өкілдері мен мемлекеттік органдардың сотқа барынша ықпал етуге тырысатыны жайында болды. Тәжірибеге сүйенетін болсақ, шын мәнінде мемлекеттік органдар мен жеке тұлға арасындағы дау басым жағдайда, әділетсіздікпен біріншісінің пайдасына шешіліп жатады. Әкімдіктер әлі де өздерін сотқа әмірі жүретін, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын құдірет иесі санайды. Біздегі тәуелсіз судьялар амал жоқ олардың ығына жиі жығылады. Өйткені, ертеңгі күн билік оны жұмыссыз қалдыруы ықтимал. Бір ғажабы, биліктегілер өздерінің іс-әрекеті заңсыз екенін, жеңілетінін біле тұра Жоғарғы сотқа дейін барады. Сөйтіп, мемлекеттің ақшасын босқа шашады. Олардың санасында биліктікі қашан да дұрыс деген «қағида» қалыптасып қалған. Асанов бұндай теріс көқарастан арылу керектігін айтып, заң алдында бәріміз бірдей екенімізді тағы да ескертті. Сот саласының жарты жылдық жұмысын қорытындылаған Асанов әдеттегідей сот жүйесіндегі басшыларға емес, қатардағы қызметкерлерге сөз берді. Сотта өздерін сұсты ұстайтын судьялардың да жүрегі жұмсарғандай болды. Қатардағы қазылардың сөзіне қарасақ психологиялық кітаптар оқып, мейрімділікке бет бұрған секілді. Шабыттанған судьялар ұлы ойшылдардың дана сөздерін жатқа айта бастады. Бірақ, Асановты әдемі сөзбен алдай салу оңай емес. Қаралатын істің шамадан тыс көп екеніне шағымданған судьяларға түсіністікпен қараған төраға бұл мәселені алдағы уақытта шешуге тырысатынын білдірді. Бұл бағытта да айтылған ұсыныстар мен пікірлер болды. Мәселен, Асановтың кеңесшісі билер сотын қайта құру қажет дейді. Әр аудан, ауылда құрметті, жұрт сөзіне құлақ асатын ақсақалдар бар. Дауласып қалғандар бірден сотқа жүгірмес үшін елге абыройлы азаматтар ақ-қарасын ажыратып берсін деді Сағатбек Сүлеймен. Сонда судьялардың да жүгі жеңілдейді екен. Бұл да құлақ түруге тұрарлық ұсыныс. Кеңесте татуластырушы судья Ақтоты Әбдіқұлова сөз сөйледі. Бұл институт серпінді жоба ретінде елордадағы Сарыарқа аудандық сотында құрылған. Жобаның негізгі мақсатын айтар болсақ, сотқа түсетін барлық істер алдымен татуластырушы судьяның қарауына беріледі. Оның басты міндеті – тараптарды татуластыру. Егер бұған қол жеткізу мүмкін болмай қалса, іс басқа судьяға беріледі. Осы жоба басталған үш айдың ішінде 152 іс бойынша дауласқан қарсы тараптар татуласқан. Бұл судьяға жүгінгендердің 52 пайызы екен. Демек, осы бастамадан нақты нәтиже күтуге болады деген сөз. Аталмыш тәжірибені өзге де өңірлерге таратса артықшылық етпейді. Ж.Асанов іс-шараны қорытындылау барысында сот жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстарды атай келе, сот төрелігінің сапасын арттыру мақсатында судьялардың алдына бірқатар міндеттер қойды. Жоғарғы Сот Төрағасы барлық судьялар мен қоғам өкілдерін соттар қызметін одан әрі жақсарту жұмысына белсенді қатысуға шақырды. Сонымен бұл кеңейтілген отырыстан не түйіндеуге болады? Алдымен сот саласына өзгелер тәлім алардай жаңа бір екпін келгендей. Бірақ оған басқа сала басшылары назар аудара қоя ма екен? Жұмыстағы ашықтық, халық сенімінен шығу Асановқа қана керек пе? Олай болса ертең Асановты ішкі істер, бүрсігүні қаржы минситрі, одан кейін Ұлттық банк төрағасы етіп тағайындайық. Сөйтіп, кезек-кезек басқа да салаларға тәртіп орнатайық. Сонда миллиондаған жалақы алатын өзге сала басшылары мен аймақ әкімдері не бітіріп отыр? Олардың ұйқыдан оянып, халыққа шынайы, адал қызмет ететін күндерін қашан көреді екенбіз?..Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz