Дос КӨШІМ: Кетіп жатқан орыстілділерге кедергі келтірудің де, ренжудің де керегі жоқ.
2018 ж. 19 шілде
6974
0
Қазақстаннан ауа көшіп жатқан орыстарға «ақ жол!» тілепті Дос Көшім. Қазақстаннан қазақтар да кетіп жатса, бұл билікке берілген белгі деді ол “Неге солай?” бағдарламасына берген сұхбатында. Бұл туралы Dalanews.kz хабарлайды.
«Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар? Қазақстан кетіп жатқандар, көшіп жатқандар көбейіпті. Рас, арасында тарихи отанына оралып жатқандар да баршылық.
Ал егер астарына үңілсек, билікке берілген белгі бұл. Дабыл десем де болады.
Қазақстаннан кетіп жатса, мұның ең бастысы – экономикалық себеп. Сананы тұрмыс билемей ме? Тіршілік, күнкөрістің күн өткен сайын ауырлап жатқаны өтірік емес. Орташа жалақының шын көлемі қандай екенін сіз де, біз де жақсы білеміз.
Солтүстік Қазақстанға көшіп барған жеті баласы бар азамат – 29 мың теңге айлық алады екен. Шошисыз. 29 мың теңге жалақымен жеті баласын қалай асырайды ол? Билік халықты осындай жағдайға жеткізді, анығы.
Кезінде басқа нәубет түскенде Қытай асқанымыз, Иран асқанымыз бар еді. Бұл да нәубет. Қазақстаннан кетіп жатқандардың көпшілігі бұл елден соңғы үмітін үзген болуы мүмкін.
Кедей ел едік әуелде. Кедейліктен құтыла алған жоқпыз әлі де. Уақыттың өзі дәлеледі мұны. Қазақстаннан кетіп жатса, бұл – біздің елдің экономикасына берілген баға.
Екінші мәселе, әділет жоқ. Әділетті қоғам әлі орнаған жоқ. Демократия әлі орнаған жоқ.
Полициясы баланың қолындағы көк шардан күдіктенетін бұл қандай қоғам?
«Мұндай қоғамда күн кешкеннен, шетелге барайын, әділетсіз елден ауаша кетейін…» деп ойлайтындар да бар шығар.
Кейбіреулер түп отанына оралып жатыр.
Орыстілді қауым латын әліпбиі енгеннен кейін тікісініп қалды.
«Осы елдегі ертеңгі күніміз не болар екен?» деп ойлана бастады. Олар өз таңдауын жасауда. Бұған кедергі келтірудің қажеті жоқ. Бұған ренжудің де қажеті жоқ. Олардың таңдау жасайтын уақыты жетті…” деген екен Көшім.