Атышулы Әліби Жұмағұлов ісі: Бизнесмен Жамалиев бостандыққа шықты
2018 ж. 19 шілде
4073
0
Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотталған бизнесмен Қайрат Жамалиев айыппұл төлеп, түрмеден босап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 23 мамырында Көкшетау қалалық сотында «Әліби Жұмағұлов ісі» бойынша жазасын өтеп жатқан Қайрат Жамалиевтің өтініші қаралды. Ол жазаның қалған мерзімін айыппұлға ауыстыруды сұраған. Еске салайық, кәсіпкер Жамалиев 2015 жылдың тамыз айында көңілі жарасқан Айнұр Исинаны Әліби Жұмағұловтан қызғанып, жігітті өлімші етіп сабаған болатын. Сол кезде бұл оқиға əлеуметтік желіге тарап, қызу талқыланған еді. Астана қалалық сотының үкімімен бизнесмен ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (бопсалау), 126-бабы (бас бостандығынан еріксіз айыру) және 121-бабы (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер) 13 жылға сотталды. Кейін кассациялық шағым бойынша жаза мерзімі 7 жылға қысқартылды.
2015 жылдан 2018 жылға дейін жазасын Алматы облысындағы түзету мекемесінде өтеген. 2018 жылдың қаңтар айында Көкшетаудағы қоныстану колониясына ауыстырылды. Ақмола облыстық сотының баспасөз хатшысы Күләш Домалақова атап өткендей, Жамалиев түрмеде мәдени-бұқаралық шараларға белсенді қатысып, өзін-өзі тәрбиелеуде өзгелерге үлгі көрсеткен. Тәртібі жақсы болған. Оған қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері тарапынан оң мінездеме берілген. Онымен қоса, оның өтінішін қарау кезінде зардап шеккен тарап та қатысқан. Әліби Жұмағұлов шығынның өтелуіне байланысты жазаны жеңілдетуді сұраған. Солайша, бизнесменнің өтініші прокурор, зардап шегуші және сот тарапынан қолдау тапты.
«Жамалиев жазасының үштен бірін өтеген. Осы уақытта бірде-бір теріс мінез көрсетпеген. Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері тарапынан тек мадақтама алып отырған. Өзіне жүктелген жұмыстарға жауапкершілікпен қарады. Оған қоса, зардап шеккен жақтың материалдық шығынын толық өтеді. Сот осының барлығын ескере келе, оған қалған 1434 күн жазасын 862 мың 193 теңге айыппұлға ауыстырды», - деп түсіндірді Күләш Домалақова.