Ұлы дала төрінде – ұлт ордасы
2018 ж. 06 шілде
6527
1
Жыл сайын қала күні қарсаңында Астана қалалық Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен Сәкен Сейфуллин музейі дәстүрлі республикалық ақындар мүшәйрасын өткізіп келеді. Биыл сегізінші рет өтіп отырған шараның елорда өнерінде алар орны үлкен. Еліміздің барлық өңіріндегі айтулы ақындардың басын қосып, жас таланттарды елге танытқан бұл мүшәйра бас шаһардың жыр шежіресіне айналды. Биыл ұйымдастырушылар 2011-2018 жылдар арасында жүлде алған жұлдызды шығармаларды топтастырып, «Ел тірегі – елорда» деген атпен жинақ шығарды. "Астана ақшамы" газеті оқырманға сол мүшәйрада топ жарған ақындардың өлеңдерін ұсынып отырмыз.
Қазыбек ИСА
ЕРТЕГІДЕЙ ЕЛОРДА
«Қыштан қаланған Римді мәрмәрдан салдырдым». Октавиан Август, Римнің тұңғыш императоры
Барады алып бақытқа басқан әр із,
Айтылуда сондықтан асқан аңыз,
Жаңа ғасыр ажарын жарқыратып,
Жалт қаратты жаһанды Астанамыз!
Көңілге әсем күмбірлі күй қонақтар, Құлпырады құндыздай қилы алаптар. Асқар тауға аудырмас аңсарыңды, Аспан тауға айналған ғимараттар! Құйылғанда көктен нұр бас қалаға, Түнде жарық көшеде ел жасқана ма? Жадыратар жаныңды жарқын әлем, Аспанда емес жұлдыздар – Астанада! Сиқырласа нұрымен жас қаламды Ай, Керек енді көркемдік басқа қандай?! Елорданың тойына шашу етіп, Жұлдыз шашып Жаратқан тастағандай!.. Еркіндіктің Есілде айт өлеңін, Ерке сұлу сыр айтса, қайтер едің?.. Ойың менен бойыңды түзетеді, Темірқазық жердегі – Бәйтерегім! Бұрқыратып жұпарды бақшадағы, Аңқылдап бір соғады ақ самалы. Көкте қалқып көшкенде ақша бұлттар Көзін алмай қарайды патша-дағы… Тұлғаларды тудырар уақыт, ғалам, Жасаған Ер тарихты – бақытты адам. Римді Август мәрмәрдан салса егер де, Астананы Елбасы жақұттаған! Жауһар жауған шаһарға мына нағыз, Тіреледі сан елден құлаған із… Сәулетті елі, сәулелі, сәнді орда бұл, Сәулеткері болған соң Нұрағамыз! Тайғақтан жол тар кезде Ер тауыпты алдан, Жат та бізде аз емес жауып қалған… Сақтан деймін – құмарлар қазынама – Сақ батырдан саф алтын сауыт қалған!.. Қанат жайып қаламда өркенді өнер, Ертегі елі ретінде ертеңге енер! Алпамыстай ай сайын алыптанған, Астана да күн сайын көркемденер. Елім еркін елеулі кірді «елуге», Үздікке еніп елорда үлгеруде. Сегізінші керемет сенсің бүгін, Алты құрлық алқынар бір көруге. Бәрі риза бітімгер жерге күнде, Асқақтауда асулы белдерінде. Астанаға келгенде келіседі, Әлемдегі шайқасқан елдерің де. Зар заманнан жеткен соң нұр күніне, Ақын біткен ағытар жырды, міне. Ұлы дала төсінде – ұлт ордасы, Айнала бер әлемнің кіндігіне! Бабаларым бахадүр өткір едің, Аңсап күнім азаттық өтті менің… Көк байрақты көргенде Ақордадан, Көкке мәңгі өрлесін деп тіледім!
Сәуле ДОСЖАН
ЖАҢА ҒАСЫР ЖОЛДАСЫ Сәлем саған, Астана, Азаттықтың ордасы, Жаңа ғасыр жолдасы! Бар әлемге жар салып, Бақытыңды толғашы. Аманатын бүгіннің, Болашаққа жолдашы! Қилы-қилы дәуірде, Боз тұманды жамылған, Боз далаға салынған, Бозоқ болып табылған! Тарихыңның таңбасы… Тұлпарлардың ізі бар, Топырағыңда аңдашы! Қарсы шауып тажалға, Басын тіккен ажалға, Қабылан жүрек хан Кене – Абылайдың жалғасы. Жолын қуып солардың Аман сақтап қатерден, Шаңырағыңды көтерген Өз қолымен Елбасы! Сәлем саған, Астана, Әлемдегі жас қала, Жастығыңа қарамай, Үлгі болған басқаға. Жаса, жайна, Астанам! Дәулеткерей КӘПҰЛЫ
АЙ ДИДАРЛЫ
Астанам-ай, дидарлым, күн келбеттім, Сенде атқан таңды құшып, гүлдерді өптім. Еліме алтын тұғыр болдың-дағы, Көгіме қыран қанат туды өрлеттің! Бағзыдан Бозоқ – сенің іргетасың, Әлемге азаттық боп тіл қатасың! Тулатып бойымдағы ыстық қанды, Күн сайын жүрегімді жырлатасың. Астанам айналаңды нұрға малып, Айналдың елордаға тұлғаланып. Қолымен Елбасының берекелі, Түрленді төңірегің нуға жарып. Көшіңді ұлтын сүйген ұл бастаған, Көзімнің қарашығы – нұрлы Астанам! Тілдескен зәулім көкпен әр ғимарат, Әр тасың, әр кірпішің сырлас маған! Жарысып желден жүйрік уақытпенен, Толғанам тарихыңа батып терең. Бөлендім бостандықтың рахатына, Бақыттың балдай дәмін татып сенен!.. Жортпасын төсіңде енді долы құйын, Сарыарқа – құт мекенім, жерұйығым! Астанам, сен көркейіп өскен сайын, Көрінер кең сарайдай менің үйім!
Аманжол Әлтай
АЛАШ ҮМІТІ
Астана! Жиырмадасың, жігіт болдың сен енді,
Киіп шығар болат сауыт беренді.
Ел тағдырын ойлайтұғын жастасың, Жігіттерше сөйлесейік, кел енді. Астана! Ай шетіне жеткізетін жебеңді, Ноян жасың найза қылар еменді. Алты құрлық келбетіңе көз салып, Есігіңнен алпыс түмен ел енді. Астана! Сырдың елі – қарт анаң, Ақ күрішін орап беріп қалтадан. Мейірленіп бақытыңды тілейді, «Бақ қонсын!» деп арқар аумай, Арқадан. Астана! Отау қылып тізгініңді тартпаған, Ақ сақалды, Алатаудай Қарт бабаң. Заңғар тұлға болғаныңды қалайды, Ата-баба аманатын сақтаған. Астана! Алашыңды, өкпелетсең аз ұлтты, Өзге емес, өзің ғана жазықты. Қаратауым тарту етті өзіңе, Керей сұлтан қағып кеткен қазықты. Астана! Ақ түйенің сылап алған өркешін, Ақ ешкінің тарап алған бөртесін. Ордабасым, төріңе әкеп төседі, Төле бидің малдас құрған көрпесін. Астана! Алашыңның үмітісің сен бүгін, Төрт мұхитқа тегіс жетсін ерлігің. Ұлытауым тағып берді беліңе, Жошы ханның күміс зерлі белдігін. Астана! Сендей ұлдың аңыз болып есімі, Еселенсін бар қазақтың несібі. Тарпаң мінез керқұласын сыйлады, Өр-Алтайым – Ер Түріктің бесігі!
Біржан Ахмер АЛТЫН КЕМЕ
Ғасырларға көз жіберіп келесі, Шалқып жатқан Қазақ деген ел осы! Астанасы алты құрлық тамсанған – Азаттықтың толқын жарған кемесі. Барлығы бар үстінде бұл кеменің, Қалың көптің мен де ішінде келемін. Өзі болып үн қатады бүгіннің, Көзі болып сыр шертеді көненің. Бостандықтан тамыр жайып көктеген, «Бәйтерегі» таласады көкпенен. Бақ ордасы – Ақордасы қазақтың, Мәңгі бақи асқақтасын деп келем! Берекемен бекітілген топсасы, Мызғымайды «Мәңгілік ел қақпасы!» Куәсі боп қилы-қилы заманның, Күбірлейді Күлтегіннің Көктасы! Кім болар ек алдан бақыт тоспасақ, Қарлы боран асулардан аспасақ?! «Хан Шатыры» шақырады ерлікке, Ел қорғаған Абылайды еске сап!
Мұқият Қойшыбайұлы АСТАНА
Азаттық таңы – Астана, Қазақтың бағы – Астана! Рухы мәңгі өлмейтін, Алаштың жаны – Астана! Төрімнің сәні – Астана, Өмірдің мәні – Астана! Ұлтымның ұлы ұраны, Елімнің әні – Астана! Көзімнің нұры – Астана, Сезімнің гүлі – Астана! Шашу ғып шашқан шуағын, Көңілдің күні – Астана! Жастықтың жыры – Астана, Шаттықтың сыры – Астана! Бейбітшіліктің бесігі, Достықтың үні – Астана!