Зейнетақы қорындағы 30 млрд ақшаның қайда кеткені белгілі болды
2018 ж. 27 маусым
7388
3
Зейнетақы қоры қаражатын шетелдік компанияларға инвестициялаудан қорқудың қажеті жоқ. Олар жемісті еңбек етіп жатқан мекемелер. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы осылай деп отыр.
Бұл туралы astanatv.kz хабарлады.Бүгінде зейнетақы қорының қаражаттарын шетелдік сенімді қаржы инструменттеріне салу жалғасып жатыр. Ұлттық банк қордың ақшасын Үндістан мен Қытайдың мемлекеттік корпорацияларына инвестиция ретінде құйған. Биыл мамыр айында аталған екі елдің квазисекторынан 30 млрд теңгеге жаңа облигациялар сатып алыныпты.
Атап айтсақ, еліміздің бас банкі Finance Corporation - 7,52 млрд теңге, The Export-Import Bank of China - 6,82 млрд теңге, Export-Import Bank of India - 4,86 млрд теңге, Three Gorges Finance - 3,21 млрд теңге және Avi Funding Company Limited - 2,27 млрд теңге қаржы құйған. Бұл кәсіпорындар мен банктер - Қытай және Үндістандағы мұнай-газ, көлік және энергетика саласында жемісті еңбек етіп жатқан мекемелер. Олар мемлекеттің бақылауында көрінеді. Бұл елдерден бөлек зейнетақы қорының қаражаттары Бразилия, Ресей, АҚШ сияқты дамыған елдердің бағалы қағаздар нарығында пайда әкеліп жатқанын айтты.
Мерей Исабеков, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы:
- Жалпы қордың табысына қарасақ, ол қазір 8,2 трлн теңгеге жетті. Тіпті ай сайын түсетін қаражат көлемі де өсіп жатыр. Мұншама қомақты қаржы экономикаға жұмыс істеуі керек, сенімді компанияларға инвестиция ретінде құйылғаны дұрыс. Сондықтан қор қаражатын шетелдің мемлекеттік облигацияларын сатып алуға қорықпай салған жөн. Ол табыс әкелетін болады.
Finance Corporation - 7,52 млрд тенге The Export-Import Bank of China- 6,82 млрд тенге Export-Import Bank of India -4,86 млрд тенге Three Gorges Finance -3,21 млрд тенге Avi Funding Company Limited- 2,27 млрд тенге
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының негізгі қаражатын, яғни 78 пайызын, қазақстандық компаниялар инвестиция түрінде пайдаланып отыр. Ал шетелдік нарықтағы облигацияларды сатып алуға кеткен қаражат көп емес. Ол қорға жинақталған қаржының 1,3 пайызын құрайды. Айта кету керек, 2018 жылдың мамыр айындағы есеп бойынша қордың қаражаты 8 трлн теңгеден асады. Тек соңғы бір айда ол 128 млрд теңгеге өткен.