8 мыңнан астам оқушы ҰБТ тапсыра алмаған
2018 ж. 23 маусым
2756
0
Ұлттық бірыңғай тестілеудің үш күндік нәтижесі бойынша 8 499 оқушы емтиханнан өте алмады. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов айтты деп жазады Baq.kz.
Брифингте Рамазан Әлімқұлов Ұлттық бірыңғай тестілеудің үшкүндік нәтижесін баяндады.
«Тіркелген өтініштердің саны – 61 098. Нақты Ұлттық бірыңғай тестілеуге 58 967 түлек кірді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1%-ке жоғары, яғни биылғы көрсеткіш 96,5%-ті құрап отыр. Шекті балды алғандардың саны – 50 468. Бұл санды өткен жылмен салыстырар болсақ, көрсеткіш 1%-ке өскен», - деді директор.
Осы орайда ол ҰБТ-дан тиісті балды жинай алмаған түлектерге тоқталды.
«Ал ҰБТ-дан өте алмағандардың саны – 8 499. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 1%-ке төмен. 3 түлектің ҰБТ нәтижесі күшін жойды. Жалпы Қазақстан бойынша орташа балл – 83. Өткен жылмен салыстырғанда орташа балл 3%-ке артқан. Былтырғы көрсеткіш – 80%», - деді Рамазан Әлімқұлов.
Оның айтуынша, ҰБТ-да әлі ешкім ең жоғары 140 балл алмаған.
Айта кетейік, түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуді енді 5 күн тапсырады.