Абзал Құспан: Қысымдар күшейіп жатқанда Бас прокурата неге үнсіз?
2018 ж. 29 мамыр
9120
1
Редакцияға хабарласқан белгілі адвокат Абзал Құспан Қытайға қайтарылу қаупі бар Сайрагүл Сауытбайдың ісіне байланысты кезекті мәлімдемесін жасады.
Алдымен Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты ретінде оған қатысты менің тарапымнан жасалып жатқан жұмыстар туралы айта кетейін. Қазіргі таңда Президент жанындағы азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияға, оның төрағасы Гүлшара Әбдіхалықованың атына хат жолданды. Сайрагүлдің адвокаты ретінде менің атымнан жолданды. Біз Сайрагүлге саяси баспана беруді сұрадық. Екінші, Қазақстандағы өкілдіктері арқылы, БҰҰ Адам құқықтарын қорғау ұйымы комиссиясы маған қоңырау шалып, Сайрагүлдің ісі жайлы хабарлама алғанын айтты. Еуропадан көптеген Халықаралық ұйымдар хабарласып жатыр. Бұл ұйымдардың барлығы Қазақстанның билігіне, ресми органдарына Сайрагүл Сауытбайды Қытайға бермеу туралы өтініш жіберетіндіктерін айтты. Әуелі телефонограмма жіберіп, артынан қағаз күйінде жібереміз деген еді, ол хаттардың барлығы кеше-ақ, түскен болуы керек. Енді мені алаңдатып отырған бір мәселе бар. Қазір менің қорғауымдағы Сайрагүл Сауытбай Жаркент қаласындағы аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша қамау изоляторында отыр. Мен өткен жұмадан бері Сайрагүлдің күйеуімен байланысты үзіп алдым. Күйеуі Уәли Сыламға соңғы рет хабарласқанымда, сенбі күні Жаркентке барып жолығуға, оның тергеушісінің аты-жөнін білуге тапсырма берген едім. Сондан бері телефонын өшіріп тастап, менімен хабарласпай жатыр. Не жағдай болғанын білмеймін. Өткенде, бейне үндеу жасаған Нұрболат деген жігітпен сөйлескенмін. Оның отбасына да ҰҚК, Шекара қызметінен әскери форма киген адамдар келіп, қоқан-лоқы көрсеткен екен. «Сендер бүкіл Қазақстанды шулаттыңыздар. Енді сендерді түгел отбасыларыңмен Қытайға қайтарамыз. Тума-туыстарыңды қоса қайтарамыз» деген сөздер айтылған. Енді Нұрболат өзі үйінен қашып, қонбай жүр. Мен күйеуін таба алмаған соң, Нұрболатты іздестірдім. Хабарластым. Барған кісілер солай айтып келді. Нұрболаттың әйелі де үрейленіп отыр. «Бізге жақындамаңыздар. Нұрболаттың қайда екенін білмейміз» дейді. Сонымен қазір, не күйеуін, не Нұрболатты таба алмай қалдым. Өткенде күйеуімен сөйлескенде, екі әскери адам келіп, қоқан-лоқы көрсетіп кеткенін айтқан. «Сенің де үстіңнен қылмыстық іс қозғаймыз. Сені де қайтарып жібереміз» деген екен, әлгілер. Мынадай жағдай бар, мен, әрине, бұл фактілер бойынша прокуратураға арыз жазамын. Бірақ, ол арыз ұзақ жүреді. Сондықтан, ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың атына мәлімдеме жасау қажет деп таптым. Қылмыстық процессуалдық кодекстің талаптарына сәйкес, БАҚ-та жарияланған кез келген факті бойынша прокуратура әрекет етуге міндетті. Бұл жазылған арыз сияқты есептеледі. Заң бойынша солай. Сол себепті, сіздер арқылы жылдамырақ болады деп, мен осындай мәлімдеме жасап отырмын. Өткенде пресс-конференция бергенде күйеуі айтты. «Мені ұстап, қамап, бауырымнан, ішімнен ұрды» деді. Сол факті бойынша да күні бүгінге дейін қылмыстық іс тіркелмеген. Ол бойынша қылмыстық іс тіркелуі керек еді. Сол айтылған сөз, көрсетіліп жатқан қысым әлі де жалғасын тауып жатыр. Осы жағдаймен әуелі халықты, екінші Бас прокурор Қайрат Қожамжаровты хабардар еткім келеді. Бұған бір тоқтау бола ма, жоқ па? Бұл елде «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» бар ма, жоқ па? Бұл елде «әй дейтін әже де, қой дейтін қожа» да – ол Прокуратура. Жоғарғы қадағалау органы. Прокуратура өз міндетіне кірісе ме, жоқ па? Себебі, қазіргі таңда жазықсыз жандарға жан-жақтан қысымдар күшейіп жатқанда прокуратураның әрекетсіздігін көріп отырмын, бұны қалай түсінеміз? Біз бір ғана әйел адамның құқығын қорғап жатырмыз. Соған бола қаншама адамды үйінен тентіретіп жіберген. Осы жағдайды мен ашық түрде мәлімдеймін. Абзал ҚҰСПАН, адвокат qazaquni.kz Дереккөз: Абай.кз