Семейдегі интернат тәрбиеленушілері «Отанымыз – Кеңес Одағы, астанамыз – Мәскеу» деп жазылған оқулықтармен оқып жатыр
2018 ж. 27 мамыр
3214
2
Сенесіз бе, сенбейсіз бе, Семейдегі есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері әлі күнге дейін, еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жылға жуықтаса да осындай шумақтарды оқып, жаттауға мәжбүр болып келеді, - деп хабарлайды egemen.kz.
Мұны жақында ШҚОға жұмыс сапарымен барған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшелері анықтады. «Менің сөзіме сенбессіздер бәлкім. Бірақ шындығы осы, балаларымыз «Отанымыз - КСРО, елдің басты қаласы – Мәскеу» деп жазылған оқулықпен оқып жатыр», - деген-ді республикалық арнайы мониторингтік топтың төрайымы Айгүл Соловьёва Өскеменде өткен жиында.
Республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшесі Қобланбек Қожин өзінің фейсбуктегі парақшасында осы жәйтке қатысты интернат тәрбиеленушілерінің ата-аналардың бірінен шағым түскенін жазыпты.
«Наша Родина – Советский Союз», «Везде и во всем имя Ленина с нами» - Семейдегі есту қабілеті бұзылған балаларға арналған интернаттың балаларының оқитыны – осы. Олар Совет заманындағы, 1983 жылы шыққан оқулықтармен оқуға мәжбүр. Өйткені, жаңа оқулықтар жоқ. Өкінішке қарай біз әзірге мүмкіндігі шектеулі балаларға не қазақ, не орыс тілінде заман талабына сай бірде-бір оқулық шығара алмадық», - деп пікірін білдіріпті республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшесі Рақым Ошақбаев өзінің фейсбуктегі парақшасында.
Шынымен, оқулық жетпей жатыр ма? Бұл тарапта қандай түйткілдер бар? Мәселенің анық-қанығына көз жеткізейік деп облыстық білім басқармасына хабарласқанымызда ондағылар Білім министрлігінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №352 бұйрығымен мекемедегі сабақтар жаңартылған білім мазмұнына сәйкес оқытылатынын, ал 1987 жылы шыққан «Развитие речи» оқулығын педагогтар орыс тілі мен оқу сабағына қосымша жаттығу ретінде пайдаланылатынын жеткізді.
«Мектепке дейінгі даярлық тобындағы сабақ жалпы білім беретін мектептердің 1-10 сыныптарға арналған оқулықтары (2000-2016 жылдары шыққан) негізінде жүргізіледі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан 5-7 сыныптарда орыс тілі, химия, биология, алгебра, геометрия пәндері 2017 жылы шыққан жалпы білім беретін оқулықтармен оқытылып жатыр», - делінген облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмәділованың Білім және ғылым министрлігінің жалпы және орта білім департаментіне берген жауабында.
Облыстық білім басқармасы Білім министрлігіне берген жауабында идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген, бүгінгі заман талабына мүлде сәйкес келмейтін оқулықтардың алдағы уақытта интернаттың оқу бағдарламасынан алынатыны-алынбайтыны жайында сөз қозғамапты. Әлде «қосымша ретінде» одан әрі оқытыла бере ме? Дегенмен де Білім министрлігі аталған жәйтке жіті назар аударып, тиісті шешім қабылдайды деп үміт етеміз.
А. Қасым