"Шұңқырға тастап жібереді": Қандасымыз Қытай лагерьлерінде қазақтарды қалай қорлап жатқанын ашық айтты
2018 ж. 24 мамыр
13036
1
Таяуда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің араласуымен Қытайдағы саяси үйрену орталығынан босап шығып, елге оралған Қазақстан азаматы Аман Жансейіт қамауда көрген қорлығы туралы баяндады. Бұл туралы abai.kz порталы оқырман жазды.
Аман Жансейіт, Қытайда 2 ай қамауда болған. ҚР Азаматы:
- 2018 жылдың 18-ақпаны күні Алматы қаласынан Бейжіңге ұшақпен бардым. Барған кезде-ақ, полиция мені ұстап, Шәуешекке қайтарды. Қарасам, мені қол-аяғымды кісендеп апаратын түрі бар. Мен "билет сатып алып, өзім барамын" дедім. Содан Үрімжіге барған кезде, әуежайдан 3 қытай сақшысы күтіп алды. Олар мені мәшинеге отырғызып, Шәуешекке апарды. Сол жерде 4 күн тергеді. Тергеп болған соң, саяси оқыту лагерьіне апарды. Сол барғаннан мол бардым. Осы жақта ел-жұртымның, мемлекетімнің іздеу салуының арқасында 2 ай дегенде әлгі лагерьден босап шықтым.
Ол жақта қалай? Ол жақта сыртқа шығармайды. Таңғы, түскі, кешкі асты ішерде міндетті түрде Қытайдың әнұранын айтамыз. Ең қиыны, бізге уақыт белгісіз болды. Осындай күні, осындай айда шығасың деген мерзім жоқ. Біз ол жерде 1 жыл ма, жоқ 2 жыл ма, қанша жатарымыз белгісіз болды..
2 аптада бір рет бізге арнайы сөйлесу группасы келіп, сөйлесіп кетеді. Мен талай рет жағдайымды айттым. Қазақстанда 4 балам бар екенін, әйелім осы жақта қалғанын, мен әке-шешем, әйел-бала-шағамның жалғыз асыраушысы екенімдi айттым. Сақшылар: «Oлар сенсіз де өмір сүре береді. Сен осы жақта тыныш жүр» деді.
Ол жақта аяқ-қолымыз кісендеулі болды. 2 аптада бір болатын сөйлесу кезінде 1 сағат отырып өз жағдайымызды айтамыз. Оларға мәжбүрлі түрде «жағдайымыз жақсы» деп айтқызды. Әр сөзге «мақұл» деп қана жауап береміз. Басқасын айтсаң, бітті жалғыз апарып қамап қояды. Ол жер енді адам төзгісіз жер. Қап-қараңғы, суық. Зындан ғой. Сондықтан, амалсыз мақұлбай болып жүрдік.
Олар маған әр сөйлескен сайын, «сен екі мемлекеттің азаматтығын қатар алып жүрдің» деп кінә тақты. Мен: «Жоқ мен Қазақстан азаматымын. Осы жақта тіркеуім өшірілмегендіктен, келген едім. Келгендегі мақсатым тіркеуді өшіру болатын» деп айттым. Олар қайта-қайта маған сол кінәні таға берді.
Мен: «Қытай азамаы басқа елдің азаматтығына өткен кезде, Қытайдағы азаматтығы автоматты түрде жойылады деген заң Қытай Республикасының заңында бар емес пе?» деп сұрадым.
Ең соңында, 53 күн дегенде, менің заң бұзбағаным дәлелденді. Қытайдың саясаты солай болып жатқанын айттып өздері мойындады.
Ол лагерьлерде көп қазақ жатыр. Олардың арасында ықтиярхаты бар немесе мешіттерде ұсталған қазақтар көп. Ешкім шығатын мерзімін білмейді. Рухани жағынан өте ауыр жағдайда, қысымда жүреді.
Менің қасымда жатқан бір қазақтың өзі де, әйелі де лагерьге қамалған. Бірақ кездесе алмайды. Себебі, ерлер мен әйелдер бөлек-бөлек орналасқан. Жаңағының 2 баласын 70-тен асқан әке-шешесіне тапсырған. Шешесі ауырып больницаға түскен. Қазір сол екі бала анау қарияның қолында.
Саяси оқыту лагерінде күніне 3-4 сағат сабақ оқытады. Бірақ мені оқуға жібермеді. Мен Қытайда қытайша оқығанмын. Соңғы 1 айда ғана сабаққа қатыстым. Олардың айтқанына бағынбағандарды қамайтын зынданы бар. Шұңқыр қазып қойған. Соған тастап жібереді. Бірақ, мен оны көрген жоқпын. Ол жерге түскендерді түрлі тәсілмен жазалап жатады. Оны біз білмейміз. Тек соған жақын жақтағы бөлмелерде жататындардың сыбырлап айтқаны есімде. Оған қамағалғандардың шыңғырған, бақырған дауыстары естіледі екен. Мен сәл шеткері жақта жаттым. Ол дауыстарды естіген жоқпын. Кішкентай ғана терезеден адамдарды алып бара жатқанын көргенбіз.
Ол жақта тіпті бір-бірімізбен әңгімелесудің өзі қиын. Тек кітап оқу кезінде ғана алдымызға кітапты қойып қойып, бір-бірімізбен сыбырласып қана сөйлесе аламыз. Егер қатты сөйлесіп қойсақ, камерадан қарап тұрғандар ұрсады.
Ара-арасында дауыстап «орындарыңнан тұрып әрекет қылуға болады. 10 минут» деп айтып тұрады. Біз 10 минут тұрып, аяқ-қолымызды жазып аламыз. Сосын қайтадан кітап оқуға отырғызады.