Желтоқсаншылар секс-құлдық орнаған притондарды өртейміз деп дабыл қақты
2018 ж. 12 мамыр
19086
2
ПОЛИЦИЯ ДА КІРЕ АЛМАҒАН КҮДІКТІ ҒИМАРАТ ИЕСІ КІМ БОЛДЫ ЕКЕН?!.
Алматыда 4 жыл бойы жыныстық құлдықта болып, әрең қашып шыққан қыздың оқиғасы қоғамда үлкен резонанс туғызып жатыр. Бүгін тіпті, бір топ желтоқсаншы жиналып, «жезөкшелердің ордасына айналған қонақ үйлер 10 күннің ішінде жаппай жабылсын» деген талап қойды.
Әйтпесе, түнгі көбелектер қаптаған притондарды өздері өртейтіндерін ескертті. Күрескерлердің «өртейміз» деген сөзі қатты әсер етті ме, әлде сәйкестік пе, Алматы қаласының ішкі істер департаменті іле-шала арнайы рейд жұмыстарына кірісіп кетті, деп хабарлайды 31 арна.
86-да қызыл империяға қарсы шыққан желтоқсаншылардың қайтадан жұмыла жиналуы бекер емес. Өйткені, құлдықтан қашқан Раушанның артынан қуып келген қара көліктің басып кете жаздаған сәтіне куә болғандардың бірі желтоқсаншы Гүлбаһрам Жүніс. Содан бері жәбірленушіге ауруханада өзі қарайласып отырған күрескер, жасырын притондарда әлі талай қыздың құлдықта отырғанына сенімді.
“Білмеу деген ол жалған дүние. Тікелей біледі. Олар да байланыста деген сөз. 4 жыл деп отырмыз. Ол ар жағында өлім де болған, қашқан да, трубтар да табылған. Міне қазір осы әңгімелер көтеріліп жатыр”, – дейді азаматтық белсенді Гүлбахрам Жүніс.
«Біз сөзбен емес, іспен көрсетеміз» деп ұрандатқан желтоқсаншылар, еркінен тыс қамауда отырған қыздар болуы мүмкін деген ғимараттың маңайын екі күннен бері өздері аңдуға көшіпті.
“Көршілер де айтады екен. Келіп жатыр, кетіп жатыр. Білеміз бірақ айта алмаймыз деп. Айтсақ жаман болады дейді. Әрине жаман болады. Оның ар жағында адам тұрғаннан кейін. Олардың өздерін бір күні жоқ қылып жіберуі мүмкін”, – дейді азаматтық белсенді Ертас Отарбаев.
Қалай болғанда да күдікті ғимараттың ішіне кіруге ешкімнің дәті бармады. Желтоқсаншылардың наразылығынан кейін ішкі істер департаментінің өкілдері мұнда іле-шала бір автобус болып келген еді. Бірақ, есікті ашуға полицияның да тісі батпады.
“Есікті ашудан бас тартуы мүмкін. Құқығы бар. Өйткені, өзіңіз білесіз, барлық іс әрекеттер міндетті түрде соттың санкциясымен жүзеге асырылуы керек”, – дейді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қысқасы, полицейлер ішке соттың шешімінсіз кіре алмайтындарын айтты. Желтоқсандықтар болса, ішінде адам бар дегенге сендіре алмай қайтты. «Ғимараттың қожайыны кім болды?» деген сұрақ, бұл жолы да сұрақ күйінде қалды.