ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығына ұсынымдар қабылдау басталды
2018 ж. 25 сәуір
3843
0
Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының 2018 жылғы БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттарын, сондай-ақ Алғысын алуға үміткерлерден ұсынымдар қабылдау басталғанын мәлім етті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті хабарлайды.
Сыйлықтар мен гранттар алуға үміткерлерді бұқаралық ақпарат құралдары, шығармашылық одақтар, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік органдар ұсына алады. Алғыс жариялауға шығармашылық ұжымдарды шығармашылық одақтар, қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік органдар ұсына алады. Əрбір бұқаралық ақпарат құралы, шығармашылық одақ, қоғамдық бірлестік, мемлекеттік орган сыйлықтар мен гранттар алуға екі үміткер ғана ұсынуға құқылы. Гранттар жасы отыз бестен аспаған жас журналистерге беріледі. Грант иегерін сыйлық алу үшін грант тапсырылғаннан кейін кемінде бес жылдан кейін ұсынуға болады. Сыйлықтар, гранттар алуға үміткерлердің жəне Алғыс жариялауға шығармашылық ұжымдардың өзін өзі ұсынуына жол берілмейді.
Сыйлықтар немесе гранттар алуға бұқаралық ақпарат құралының, шығармашылық одақтың, қоғамдық бірлестіктің, мемлекеттік органның ресми бланкісіне жазылған, бірінші басшы немесе оның орнындағы адам қол қойған (А4 форматтағы көлемі 2 парақтан аспайтын) ұсыным жолданады. Оған мынадай құжаттар қоса ұсынылады:
- сыйлықтар немесе гранттар алуға ұсынылған үміткердің аты, əкесінің аты, тегі жəне шығармашылық бүркеншік есімі (егер болса), сондай-ақ атқаратын лауазымы көрсетілген негізгі жұмыс орнынан анықтама;
- сыйлықтар немесе гранттар алуға ұсынылған үміткердің жеке куəлігінің немесе төлқұжатының көшірмесі;
- сыйлықтар немесе гранттар алуға ұсынылған үміткердің шығармашылық қызметінің қысқаша сипаттамасы;
- негізгі жарияланымдарының тізімі жəне олардың көшірмелері, аудио жəне (немесе) бейнематериалдар немесе сондай материалдардың интернет-сілтемелерінің тізімі.
Алғыс жариялауға шығармашылық одақтың, қоғамдық бірлестіктің, мемлекеттік органның ресми бланкісіне жазылған бірінші басшы немесе оның орнындағы адам қол қойған бұқаралық ақпарат құралының қызметі туралы (А4 форматтағы көлемі 2 парақтан аспайтын) ұсыным ұсынылады.
Конкурсқа мəн-маңызы жоғары негізгі жарияланымдар, аудио жəне (немесе) бейнематериалдар немесе сондай материалдардың интернет-сілтемелерінің тізімі ұсынылады. Қарауға 2017 жылғы 1 маусым мен 2018 жылғы 31 мамыр аралығында жарияланған жəне (немесе) эфирге шыққан материалдар қабылданады. Сыйлықтар, гранттар алуға жəне Алғыс жариялауға ұсынылған материалдар мен құжаттар қайтарылмайды.
Кітаптар БАҚ саласындағы наградалар алуға ұсынылған материал ретінде қарастырылмайды. Мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалар топтамасын ұсынуға болады.
Мемлекет басшысының сыйлықтарын, гранттарын алуға жəне Алғысын жариялауға ұсынымдарды Қоғамдық комиссияның төрайымы - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Əбдіқалықованың атына 2018 жылғы 1 маусымға дейін мына мекенжай бойынша: 010000, Астана қ., «Ақорда» резиденциясына жолдау қажет. Құжаттарды қағаз түрінде немесе электронды нұсқада жолдауға болады.
Қағаз түрінде жолданатын құжаттар пошта қызметі арқылы жоғарыда көрсетілген мекенжайға жіберіледі немесе «Үкімет үйі» ғимаратында (Астана қ., Мəңгілік ел даңғылы, 6-үйде) орналасқан Президент Əкімшілігі Жалпы бөлімінің хатхабарды қабылдау секторы арқылы жұмыс күндері сағ. 09:00-15:30 аралығында (түскі үзіліс сағ. 13:00-14:30), сенбі күні сағ. 10:00-11:00 аралығында қабылданады.
Электронды нұсқадағы құжаттарды электронды цифрлы қолтаңбаның көмегімен e.gov.kz порталы арқылы («Электронды өтініштер» бөлімі, алушы - Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігі) жолдауға болады. Мемлекеттік органдардың ұсынымдары электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы тек электронды форматта ғана қабылданады, бұл қосымшалары электронды тасымалдағыш (диск) арқылы жолданатын ұсынымдарға қатысты емес.
Байланыс нөмірлері: +7 (7172) 74-41-15, 74-42-65, 74-41-57.