Ертай АШЫҚБАЕВ: Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден...
2018 ж. 24 сәуір
7186
0
Бүгін қазақтың көрнекті ақыны Ертай АШЫҚБАЕВТЫҢ туған күні!!!
Бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының, "Құрмет" орденінің иегері Ертай Ашықбаевтың туған күні. Ертай Ашықбаев 1956 жылы 24 сәуірде Ақтөбе облысы Темір ауданының Бабатай ауылында дүниеге келген.
Ақынның «Ұя», «Ғашықтар мектебі», «Қаңтардағы құс», «Қобыландының қонысы» атты өлең сүйер қауымға жақсы таныс жыр жинақтары жарық көрген.
Ашықбаев «Қос мең» жыр жинағы үшін 1989 жылы Қазақстан жазушылар одағының Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы сыйлығының лауреаты болды. «Жалын» баспасы ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдердің үздік шығармаларына арналған республикалық жабық бәйгеде төрт рет (1982, 1986, 1991, 1994) жүлдегер атанды. Қазақстан Журналистер одағының Төлеубай Ыдырысов атындағы сыйлығының лауреаты (1996), Ақтөбе облысы әкімі сыйлығының лауреаты (2004).
«Қазақстан Конституциясына — 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
"Қазақ үні" ұлттық порталының ұжымы ақынды мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, таусылмас шабыт пен жанұясына бар жақсылықты тілейді.
"Қазақ үні" ұжымы оқырман қауымға ақынның бір топ өлеңін ұсынады.
ТАҢ Жұлдыздарын жинап болды Ай мақтап, Жапырағын сілкіп қойды жайлап бақ. Мең-зең болып кірпік ашты Ақтөбе, Ілгері озған бір сағатты ғайбаттап. Бұл Ақтөбе мазасы жоқ кент еді, Дем алмайды тіпті жел мен желкемі. Демалып-ақ жатыр жалғыз амалсыз, Анау үйдің жұмыста жоқ еркегі. Жатпағанда... қайда бармақ, не істемек?.. Әйел байғұс бұрқылдайды кешке кеп. Ұясынан Күн шығып тұр ұялып, Еш пендеге көрсете алмай еш көмек. Жасырғысы кеп тұр көзін бұлтпенен, Күн шыққанда шаттанбайды жұрт деген. Жаңбыр тілеп жаутаңдайды аспанға, Көңіл-әйнек кірін ешкім сүртпеген. Бүгін жаңбыр жаумайды ғой — белгілі, Елдің майдай ерімейді терлігі. Тек тарихқа жаңа беттер қосады Базардағы әйелдердің ерлігі. Айтылмайды түйіні бар сөз әлі, Тек көліктер бір-бірінен озады. Тез қартайған жеңгелердің өңіндей Ақтөбенің асфальттары тозады. Бола қоймас төтен хабар, тосын жай, Бір күн өтер еш жаңалық қосылмай. «Өзің біл, — деп, — тұрмасаң да, тұрсаң да», Ақтөбеге таң келіп тұр осындай. БІР ӘҢГІМЕ Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден, Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем. Ойыл — мынау, Қиыл — анау, содан соң... Алматыны көргім келді, көрдім мен. Ерте солып біздің жақта бүлдірген, Бөлісуге жарамады құрбыммен. Бақша — шағын, көше — шолақ, әрине, Алматыда жүргім келді, жүрдім мен. Қызыл-жасыл гүлге толып кетті іргем, Көп таныстым ылғи жаңа тек-түрмен. Күндер болды көкірекке леп кірген, Түндер болды аздап азап шектірген, Шуақ анау, көз жасымды кептірген. Мен — Ақтөбе өлкесінің өзені, Алматыдан кеткім келді, кеттім мен. Алматыңыз сол еді, Енді, міне, ертіп келіп көнені, Аспан неге мазалайды, о, мені, Бұлттар неге ұсақ тамшы төгеді, Жұлдыз неге бірте-бірте сөнеді? Бір сынық мұң түрткілейді, төнеді, Мен білмеймін, не сұрайды ол менен? ...Ай, жөн еді Алматыны көрмеген, Алматыға бармағаным жөн еді. ЕСКІ ЕЛЕС Мен деген — үнсіз ғаламмын, Қоштасқам дүрмектеріммен. О, не деп тұрсыз маған, Мұң, Не істеуге міндетті едім мен? Тоқтадым ескі өлеңіме, Білмеймін, қанша аялдаймын?! Сүймеймін ештеңені де, Әрнені аңсай алмаймын. Мен деген — көктем емеспін, Сөйлейтін асқақ үнменен. Мен — зулап өткен елеспін, Елеспін басқа мүлде мен. Жүрмеймін күліп құрбыммен, Мен — егде құрметті елеспін. Күюді ұмыттым мүлдем, Сүюге міндетті емеспін. Жоғалды сәруар елес, Күз келді. Келеді мұз-қар. Ол менің шаруам емес, О, менде нелеріңіз бар?..