ЛАТЫНҒА КӨШКЕНІМІЗГЕ ШОВИНИСТЕР ШОШЫҒАН САЙЫН ЕЛБАСЫҒА РИЗА БОЛАМЫН!
2018 ж. 19 сәуір
8704
57
Ресейдің Кремльге байланған шынжыры жеткен жерге дейін үретін Владимир Соловьев дейтін журналисі Қазақстанның латын әліпбиіне көшкеніне шала бүлінді. "Қазақтар да өзі жазу-сызу болған ба " деп, өз сөздеріне өздері мәз болды сыбайластарымен. Оның ар жағында әрине, кеше Қазақстанның БҰҰ-дағы Ресейдің АҚШ-ты айыптаған қарарына қосылмай қалыс қалуына деген қара қазан өкпелері қабынулы болатын. Әрине, Қазақстан өз ұстанымына сай келмесе, дауыс бермейді, өйткені Тәуелсіз мемлекет емеспіз бе?
"Қазақтар да өзі жазу-сызу болған ба?" демекші, Ресейдің астанасы Мәскеу бастап орыс княздықтары түгел Қазақстан мұрагері болып табылатын Алтын Ордаға талай жыл салық төлеп тұрғандарын ұмытып қалған сияқты. Княздары таққа отырарда Алтын Орда ханының табанының ізі түскен тақтаны сүйіп, ант беретіндіктерін бейнелеген орыс суретшісі В.Орлов-Петровтың 1912 жылы салынған "Княздікке ант беру" (Алтын Ордаға адалдыққа ант беру) деген үлкен картинасы бар екенін де естеріне саламыз. (Бұл тарихи тағылымды картина таяуда "Қазақ үні" газетінің бірінші бетіне тұтас жарияланып, Qazaquni.kz ұлттық порталының басты бетінде тұрақты тұратын болады.) Жалпы Ресейдің сиырдың бүйрегіндей бөлшек-бөлшек княздықтарының басы бірігіп, біртұтас мемлекет болғаны үшін Алтын Ордаға қарыздар екенін ресейлік ғалымдардың өздері жарыса жазып жүр қазір.
Ал Александриядан кейінгі әлемдегі екінші кітапхана орналасқан, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз Әл-Фарабидің отаны Отырарда елу мыңдай халық болғанда Мәскеуің түгілі Лондон мен Парижде он мыңға жуық қана тұрғын болғандығы белгілі. Ал түркінің төл жазуы дәуірлеп тұрған ол кезде славян жазуы жоқ болатын, ал Мәскеуіңнің иісі де жоқ еді..
Бұлар Қырымды заңсыз тартып алғасын, Украинаны айтып, жан-жағына жалақтап қоятын әдеттері бойынша ана жылы Белоруссияның жеріне де көз алартқан еді. "Кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайыңа тиеді" дегендей, батыр батько Александр Лукашенко «Euronews» телеарнасына берген сұхбатында Ресейдің Қырымды өзіне қосып алу саясатын сынай келіп: «Олай болса, Бату ханның кезеңіне оралайықшы… Онда Қазақстанға Ресей территориясы мен Шығыс Еуропаны және Батыс Еуропаны қайтарып беру керек болады»"- деп, қақ маңдайларынан сарт еткізген. Содан естерін енді жия бастаған болуы керек, қайтадан тағы да Қазақстанға қырын қарай бастапты...
[video width="640" height="480" mp4="http://qazaquni.kz/wp-content/uploads/2018/04/2018041907352596.mp4"][/video]
Латын демекші, 2013 жылы мен "Латын әліпбиіне қарсылық - ұлттық мүддеге қарсылық" атты мақаламда латынға қарсы шыққан қазақ зиялыларына "Сіздер сонда орыстың кириллица қорасынан шығып, латын әліпбиіне өтуіне жандары шыға қарсы болып жатқан орыс шовинистері жириновскиийлерді, лимоновтарды қолдайсыздар ма?" деп, сынаған болатынмын. Міне, тағы да жириновскийлердің жалғасы табылып жатыр..
ЛАТЫНҒА КӨШКЕНІМІЗГЕ ШОВИНИСТЕР ШОШЫҒАН САЙЫН ЕЛБАСЫҒА РИЗА БОЛАМЫН! Сырттан да, іштен де қарсылықтар болып жатса да, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев табанды түрде тарихи шешім қабылдап, Рухани Тәуелсіздігімізге батыл қадам жасады.
Кеше Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың "Соловьев деген журналисті танымаймын, ондай хабарды да білмеймін" -дегені де дұрыс болды. Танысын, танымасын, мәселе министрдің ресми жауабында! Иә, Мәскеудегі көптеген көбікауыз журналистердің бірін өзге елдің, Тәуелсіз мемлекеттің министрі тануы тиіс пе? Ресейдің Ақпарат министрі біздің Нұртілеу Иманғалиұлын немесе Бейсен Құранбек пен Берік Уәлиді таниды ма? Сол секілді қарау керек. Бұны әрине, "Орыстарға қазақша сөйлеуге болады ма, бұл не сұмдық?!." деп, шалқасынан түсіп, Рузаның етегіне жармасатын павлодарлық кептеген қазақ зиялылары секілді құлдық санадағылар ғана түсінбеуі мүмкін... Ресейдің иті мен құсын да танып, жеті атасын жіліктеп беруді мәртебе санайтын құлдық психологиядан арылмағандарға Ақпарат министріміз үлгі көрсетіп, тыңнан түрен салып берді...
Ал Сыртқы істер министрлігінің мәскеулік журналиске шара қолданбақ болып жатқанын тек қана қуана қолдаймыз.
Өткен жылы Кремльдің осы сұрқы жаман сұрқылтайын аттай қалап, Астанаға шақырып алып, аузына қарап, қалтасын қаржыға толтырып берген, аяғына оралып, жанына жармасып суретке түсіп, арманына жеткен Арманжан Байтасов бастаған алаөкпелер не дер екен енді? Оған дейін де Қазақстанның үстінен ат айдап жүрген Соловьев болса, Мәскеуге барғасын өзін сығып алудың орнына, жайылып төсек, жығылып жастық болып қарсы алған қазақ зиялыларының алжыған бейшара екеніне тағы да көзі жеткенін айтып, масқара қылды. «Менің ашықтан-ашық неоимпериялық позициямды біле отырып, өзін тәуелсізбін деп жүрген бұл ел маған ешнәрсе істей алмады! Айтарымды айттым, ақшамды да қапшықтап таптым!»,- деп, қазақстандықтардың тартқан табақтарын бастарына төңкере салды...
Міне, нағыз құлдық санадағылар осы Соловьевтің Астанаға келуін ұйымдастырғандар! Енді олардың не ойлайтындарынан, әрине, Соловьевтың тілінде - Ресей тілінде ойлайтындықтан да, ешқандай үміт күтуге болмайды! Менің де олармен шаруам жоқ!
Алдымен ұлттық мүддені ойламағн жерде мемлекеттің іргесі берік болмайды.
Қазыбек ИСА
"Қазақ үні" газеті
Qazaquni.kz