ТӨЛЕЕВ ТӘЛІМІ
2018 ж. 06 сәуір
8233
37
БІЗДІҢ ӘКІМДЕРГЕ ҚАНДАЙ САБАҚ ҰСЫНАДЫ?
Апат атаулының адам баласына тигізер залалы шексіз. Көрші Ресей мемлекетінің Кемерово қаласындағы сауда, ойын-сауық орталығындағы алапат өрт 64 адамның өмірін жалмап кетті. Оның жартысынан астамы балалар. «Өзгеге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле» дейді халық даналығы. Мұндай апатты жауыңа да тілемейсіз. Бұл кімге де болса сабақ аларлық оқиға. Осыған байланысты елімізде ірі сауда орталықтары мен адам көп шоғырланатын мекемелерде өрт қаупінің алдын алу шаралары шұғыл басталып кетті. Құптарлық жағдай... Жақында «Қазақ үні» ұлттық порталында осы оқиғаға байланысты Кемеров облысының губернаторы Амангелді Молдағазыұлы Төлеевтің отставкаға өз еркімен кеткені туралы хабар жарияланды. Бұл хабар барлық бұқаралық ақпарат құралдарында таратылды десек қателеспейміз. Бір қарағанда жер бетінде жиі болып жататын қатардағы оқиғалардың біріндей ғана көрінуі мүмкін. Бірақ осы шағын ғана хабарға қатысты біздің оқырмандар тарапынан аз пікірлер жазылған жоқ. Солардың бірі – мұндай оқиғалар Сирияда күнде болып жатады, таңғалатын ештеңесі жоқ дегенге саятын ойын да білдіріпті. Бізге оның қатысы қанша дегендер де болды. Міне тап осы сұрақ қолға қалам алдырып, біздің де өз пікірімізді ортаға салуға итермелегенін айта кетейік. Сонымен, бұл оқиғаның бізге қандай қатысы бар? Біріншіден, алдында айтқанымыздай осыған ұқсас өрттің өзімізде орын алмастай сабақ болуы керек. Екіншіден, балалардың өмірін жалмаған апатқа байланысты қызметінен өз еркімен кеткен Аман Төлеев кім еді деген сұрақ қазақ атаулыны мазалары сөзсіз. Ендеше алдымен соған тоқталайық. Амангелді Төлеев 1944-жылы Түркіменстандағы Түркіменбашы (бұрынғы Красноводск) қаласында өмірге келген. Шыққан тегі – Адай, Балықшы руынан, Балуаннияз батырдың ұрпағы. Анасы Мунира Насырова татар-башқұрт қызы болған. А.Төлеев соғыста қайтыс болған туған әкесі Молдағазыны көрмей құрсақта қалған бала. Соғыс аяқталған соң анасы Башқұртстандағы туыстарының төңірегіне, кейін Сібірдің Кузбасс өңіріне қоныс аударған. Сол жақта екінші рет тұрмыс құрып, А.Төлеев өгей әкесі И.Власовтың тәрбиесімен өскен. Амангелді Төлеев Тихорецк теміржол көлігі техникумын, Новосибирск теміржол көлігі инженерлері институтын, Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Техника ғылымдарының докторы. Еңбек жолын 1964 жылы Кемеров облысында теміржолшы болып бастады. 1967-1985 жылдары Новокузнецкідегі Мұнайбашы, Междуреченск станциялырының бастығы, Кемерово Новокузнецк бөлімшесі бастығының орынбасары, бөлімше бастығы, 1985-1988 жылдары Кемерово облысы партия комитетінде көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі, 1988-1990 жылдары Кемеров аймағы темір жолдарының бастығы болды. 1990-1993 жылдары РКФСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кемерово облысы халық депутаттары кеңесінің төрағасы, 1994-1996 жылдары облыстағы заң шығарушы жиналыстың төрағасы, 1996-1997 жылдары РФ-ның ТМД елдерімен қарым-қатынас министрі қызметтерін атқарды. 1997 жылдан Кемерово облысының губернаторы. Бір ғажабы, тұтас бір өңірді 20 жылдан аса басқарып отырған басшыны өз жерлестері барлық сайлауда да жаппай қызу қолдап отырған. 1991, 1996, 2000 жылдарда РФ Президенттігіне кандидат болып түскен. Төлеев «Долгое эхо путча» (1992), «Власть в руках человека и… человек в руках власти» (1993), «На изломах жизни…» (1993), «Цена иллюзий» (1995), «Отечество – боль моя» (1995), «Судите сами» (1996) атты кітаптардың авторы. Ресейдің, Қазақстанның, Украинаның, Беларусьтің, Моңғолияның және өзге де мемлекеттердің ордендерімен марапатталған. Сонымен қатар аймақтағы демеушілік шараларымен халық арасында үлкен беделге ие болған «Помощь» «Семипалатинский след» атты қоғамдық қорлардың негізін қалаушы. Анасы Мунира Аманға ата-бабасы қазақтар екенін, руы Кіші жүздің ішіндегі Адай екенін құлағына құйып өсіріпті. Төлеевтер отбасының арғы тарихы біздің Оңтүстік өңірімен байланысты. Аман Төлеевтің аталары Шардарада тұрған деген дерек бар. Сондағы «Мүлік ата» зиратында жерленген. Аман Төлеев Оңтүстік Қазақстанға келген сапарында Шардарада бірнеше мәрте болған. Оның кіші ұлы Андрей кейін атасының бейітін қоршап, оған құлпытас қойғызған деп айтылып жүр. Шардара аудандық газетінің редакторы болған журналист, марқұм Жұмабек Мұқановтың Аман Төлеев туралы «Губернатор Аман Төлеев» деген кітап шығарғаны да белгілі. Жалпы Аман Төлеев жайында бірқатар қазақ журналистері жазғанын білеміз. Солардың ішінде «Қазақ» газетінде жарияланған белгілі журналист Жасұлан Мәуленұлының сүбелі сұқбатын атауға болады. Осы материалмен таныссаңыз жастайынан қиындыққа мойымай, еңбекке шыныққан қарапайым теміржолшыдан білдей бір облыстың губернаторлығына дейін көтерілген саяси тұлға, маңдай тер, ерен еңбегінің арқасында Ресей халқының арасында үлкен абыройға ие болып жүрген Амангелді Молдағазыұлы туралы көптеген мәліметке қанығасыз. Көзбе-көз кездесіп, сөзбе-сөз жазып алынған сұқбат сенімді шыққан. Авторға алғысымызды айта отырып, журналист сұрағына орай берген А.Төлеевтің жауаптарынан бірнеше үзінді келтіре кетейік. «–Бір айта кетерлігі, «Амангелді» көркем фильмін көріп отырғанда анамның толғағы қысыпты, артынан мен дүние есігін ашыппын. Есімімнің қазақтың атақты батыры Амангелді Имановтың құрметіне қойылғанын бала жастан білдім... – Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар ғой. Осы сөзге балама болар анықтаманы мен өзге халықтан таба алмадым. Ата-бабаңның әруағына құрметпен қарамасаң, шыққан тегіңнің жалауын желбірете алмасаң, нағыз адам, нағыз тұлға бола алмайсың. Бұл – анық!.. Мәскеуде 28 панфиловшы батырларға қойылған белгі басында оның әрбірінің әруағына бағыштап құран оқимын. Оның әрбірін өзім көріп үлгермеген қандастарым, туысқандарым, бауырларым деп танығым келеді. ТМД кеңістігінің соғыс өрті шарпыған аймақтарындағы белгісіз жауынгерлердің басына қойылған белгілерге тәу ете тұрып, осындай ойлармен өзімді өзім жұбататынымды жасыра алмаймын... –Кәмелет жасына жетіп, төлқұжат алар кезде өгей әкем Иннокентий Иванович Власов (оны өгей деп айтуға аузым бармайды): Кәне, ұлым, менің аты-жөнімді қабылдайсың ба? Аман Иннокентийұлы Власов боласың. Тіпті, жарасып-ақ тұрған жоқ па? Жақсылап ойлан», – деп кеңес берді. Мен сол сәтте әкемнің айтқанына келіскендей болдым. Бірақ бала жүрегім: «Егер келіссең, азғындыққа және өзіңді өзің сатқан қадамға аяқ басқаның», – деп кеудеме сыймай, тыпырлап тұрды. Арада екі күн өткен соң: «Әке, тегім мен аты-жөнім бұрынғы қалпында қала берсін. Мен қазақпын ғой», – деген ойымды ашық айттым... – Мен губернатор болған 1997 жыл Кузбаста өндіріс ошақтары толықтай тоқырауға ұшыраған кез. Сенесіз бе, бір жылда 43 шахта жабылып, 150 мыңнан астам адам жұмыссыз қалды. Бұл Кемеров облысының экономикасына үлкен соққы болды. Әр сала шатқаяқтады. Зейнетақы, жәрдемақы, жалақы айлап кешікті. Соның салдарынан кузбастықтар, шахтерлар алаңға шықты. Халық билікке сенімсіздік білдірді. Бұның арты қарсылыққа ұласты. Міне, осындай күрделі кезеңде облысты басқаруға келдім. Сол тұста маған басшы ретінде екі қауіп-қатерді жою керек болды. Біріншісі, жоқшылықты, жұмыссыздықты жою. Менің есімде, айлықты төлеуге ақшаны қайдан табуды ойлап түнде көз ілмейтінмін. Екіншіден, қылмыс өршіп тұрды. Алғашқы жылдары бұл қиындықтарды еңсердік. Өндіріс ошақтары қайта іске қосылды. Халықтың жағдайы жақсара бастады. Менің бұл еңбегімді кузбастықтар өз көзімен көрді. Еңбегімді бағалады. Бағалап та жүр. Губернатор сайлауларында сенім артты. Бір облысты 20 жылдан бері басқарып отыруымның бар құпиясы – еңбекте... – Өз уақытында Сізге Қазақстандағы бір облысты немесе бір министрлікті басқаруға ұсыныс жасалғанын білеміз. Сонда бұл ұсыныстарды неге қабыл алмадыңыз? – Мұндай лауазымды қызметтерді ұсынған ел басшылығына алғыстан басқа айтарым жоқ, әрине. Бірақ, қазақ болғаныммен тағдырым Ресеймен тығыз байланысты ғой. Красноводскте (Түркіменстан) дүниеге келдім, Краснодарда білім алдым, Мундыбашта еңбек жолымды бастадым, Забайкалда Отан алдындағы борышымды өтедім, әскерден кейін Кузбасқа қайта оралдым, яғни үлкен өмірге алғашқы қадамдар осында жасалды. Сондықтан болса керек, әлемнің қай түкпіріне барсам да, Кемеров облысына кері билет алғым келеді де тұрады. Туғандай боп кеткен бұл мекеннің ауасы, табиғаты, бәрі де жүрегіме жылу ұялатады. Бұл менің өз үйім ғой. Ал мен өз үйімнен ешқайда кеткім келмейді. Мен мұнда тұлға ретінде қалыптастым. Қиын-қыстау кезде халық маған сенім артып, губернатор сайлады. Жатырқаған жоқ. Алалаған жоқ. Жерлестерімнің бұл сеніміне селкеу түсірмеуге барымды салдым. Қазақстанның ұсыныстарын қабыл алып, жерлестеріме сатқындық жасағым келмеді. Ал, әлемнің қай түкпірінде еңбек етсем де, қазақтан ажырап кетпесім анық қой...» Байқап отырғандарыңыздай журналистің тура қойылған сұрақтарына А.Төлеев бүкпесіз, ашық жауап беріп отырған. Тағдырдың тәлкегімен талай адам жат жерлік болып кеткені белгілі. Қазір Қазақстанда байып алып, шетелге кетіп жатқан қазақтар аз ба?Оған тарихтан талай деректер келтіруге болады. Қолпаштау мен қолдау көрген аймақ басшысы емес, қарапайым адамдардың өзі діні мен тілін, ұлтын ұмытқандар қаншама. Жат жерді айтамыз ғой, өз елінде, өз жерінде жүріп ана тілін дұрыс білмейтіндерге көзіміз куә. Соның ішінде елге ақыл айтып жүрген біздің лауазымдылар арасында қазақ тілі десеңіз қабағынан қар жауатындар бар... Төлеевтің өмірін жеңіл, желдің ығымен жүрді деуге келмейді. Оны біз арнайы ұсынып отырған өмірбаянынан-ақ байқайсыз. Кезінде орыстың аюдай алып патшасы Борис Ельцинмен егесіп, өзінің текті ұлттың өкілі екенін көрсете білген ерлігі ұмытыла қойған жоқ. «Елді аштыққа жеткізген басшының қолынан марапат алмаймын» деген Төлеев 1999 жылы Ельцин ұсынған «Құрмет» орденінен де ашық бас тартты. Путчаны жақтады деген желеумен Төлеевке қысым жасаған Ельцин оны қызметінен кетірмекші де болған. Сол кезде Кемеров тұрғындары апталап ереуілдетіп, Мәскеу төрінде отырған Ельциннің сағын сындырып, Төлеевті орнына қайта отырғызуға мәжбүр еткен-ді. Не үшін? Әрине, Аман Төлеевтің адалдығы мен ерен еңбегін бағалаған тұрғындар осындай қадамға саналы түрде барды. Олар қателескен жоқ, одан кейін Төлеев ел сенімін толығымен ақтады. Сондықтан оған 2011 жылы «Халық губернаторы» деген құрметті атақ берілді. Кемероводағы қайғылы оқиғадан соң «Бұл өзім үшін дұрыс, сарапқа салынған, ең әділ шешім деп есептеймін, өйткені мұндай ауыр жүкпен губернатор болып отыру керек емес, моральдық тұрғыдан мүмкін емес», – деді Төлеев отставкаға кету себебін ашық айтып. Бұл апатта ол өзінің жиен немересін жоғалтқанын да айта кету керек. Көпшілік Владимир Путин Кемероваға келгенде оны орнынан бірден алып тастайды деп күкен-ді. Бірақ, Төлеевтің көп жылдарғы ерен еңбегін дұрыс бағалаған президент оған бармады. Бәлкім жергілікті тұрғындардың басым бөлігі тағы да бас көтере ме деп қорықты ма екен, шұғыл шара қолданбады. Әйтпесе, Төлеев оның екі туып, бір қалғаны емес қой. Есесіне ар-ұятты, адамгершілікті, жауапкершілікті жеке басының пайдасынан қашан да биік қоятын Төлеев өз шешімін кесіп айтты. Бұл да үлкен ерлік. Біздегі әкімдер сияқты орынбасарлары жемқорлыққа салынған, өздері түк бітірмесе де креслосына жабысып отырып алған жоқ. Оқырмандардың А. Төлеев туралы білдірген пікірінен басталған ойымызды аяқтай келе танымал тұлғаның мына бір үш негізгі қасиеттерін атай кеткіміз келеді. Ол – еңбекқорлығы мен халыққа адал қызметі, мақсат-ұстанымына беріктігі мен батылдығы, ар-намыс, адами қасиетті қадірлей білуі. Бұл біздің жеке пікіріміз, бұл туралы кімнің қалай ойласа да еркі бар. Ал, әкімдеріміздің Төллевтен алар тәлімі бар ғой деп есептейміз. СӨЗ СОҢЫНДА: Жақында 3 сәуір күні Кемерово облысының сайлау комиссиясының отырысында аймақтың бұрынғы басшысы Аман Төлеевке Кузбасс облыстық кеңесі депутатының мандатын беру туралы шешім қабылданды, деп хабарлады РИА Новости. Сөйтіп облыс тұрғындары халық губернаторын әлі де басшылық қатарынан көргісі келетіндерін танытты. Бұл да көп нәрсені аңғартса керек. Ел өз ерлерін ұмытпайтынын осыдан-ақ көруге болатын шығар. Біздің әкімдер де осылай халық қошеметіне бөленіп, тарихта есімдерін қалдыра алар ма екен?..Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz