Мырзатай Жолдасбеков: Әркім оқулық жазғыш болып кетті
2018 ж. 03 сәуір
5502
14
…Мектептерде әркім оқулық жазғыш болып кетті. Оқулық дегеніміз құнды дүние. Ол – баланың конституциясы. Бірақ оны әркім жазғасын, оның іші бірыңғай қате болады. Біз сонымен бір ғана баланы емес, сан ұрпақты қателестіріп жатырмыз. Бұл өте өкінішті.
Меніңше, Астана қаласында барлық жағдайды жасап, елдегі барлық дарынды балаларды жинап алып оқытатын Төле би, Әйтеке би, Қазыбек бидің шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын. Содан соң даналыққа үйрететін Абайдың даналық мектебі керек. Бұл біздің балаларымыздың болашағы үшін қажет.
Біздің айызымызды қандырған, көкейімізден шыққан, іздегенімізді тауып берген Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселе бір күнде туған жоқ. Бұл көп уақыттан бері елдің көкейінде жүрген, жұрттың көкейін тескен, күндіз өңінен, түнде түсінен кетпеген сондай тағдырлы қазақ халқының тағдырына қатысты терең ойлар еді. Бұл мақаланы жазуға Елбасының өзі бірден келе қойған жоқ. Керек болатын болса, біздің ұлт рухани жаңғыруды тәуелсіздік алған кезден бастады. Мен мұны сол кезден басталған тәжірибенің қорытындысы деп есептеймін. Біз мұны бұған дейін айтып та, жазып та жүрдік. Біз мұны кез-келген қазақ интеллигенциясының арманы десек болады.
Анау бір жылы Елбасы қасиетті Ұлытаудың етегінде, Әулие бұлақтың басында отырып терең тебіреніп, халықпен сырласты. Сол сұхбатында көптеген ойлар айтты. Сонда қазақтың қасиетті жерлері туралы, қазақтың ешкімнен ұялмайтын тамыры терең тарихы бар екені жайында, ол тарих үнемі тұтастану, бірігу тарихы екені жайында керемет айтты. Сол тұста көрші елдің бір басшысы қазақтың тарихы жоқ деген әңгіме айтқан еді. Соған бұл қарсы айтылған керемет пікір есебінде болды. Қазақтың өз тарихы бар, Қазақ хандығына 550 жыл болды деп, жұрт күтпеген жерден жарқ еткізіп батылдық танытты. Бұл қасиетті Әулие бұлақтың басында айтылып еді. Содан бері Елбасы үнемі тебіренумен келеді. Менің жадымда, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Ұлы дала ұлағаттары» дейтін керемет бір кітап жазды. Онда қазақ тарихы, қазақтың тағдыры, өткені, бүгіні жайлы айтып, ертеңі жайлы керемет толғанады, ғажап тебіренеді. Мен ол туралы «Егемен Қазақстан» газетіне үлкен мақала бергенмін. «Ол еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін, мектеп қабырғаларында, жоғары оқу орындарында, биік кеңселерде жатпай тұрмай кітап оқитын. Мұнда қазақтың тарихы бар, Елбасының тебіреністері бар» деп жазып едім. Мен кейде інілерімнен сұрастырам «Сендер осы кітапты білесіңдер ме?» деп. Бірақ бір өкініші, билікте жүрген азаматтардың көбісі мұны әлі оқыған жоқ.
Одан кейін Елбасы тәуелсіздігіміздің шежіресі сияқты, тәуелсіздігіміздің энциклопедиясы іспетті «Тәуелсіздік дәуірі» дейтін ғажап кітапты жазды. Бәріміз бұрын тарих туралы жазылған кітаптарды оқыдық қой. Ол кітаптарда бір алыс тарих көз алдымызға елестеуші еді. Ал мына «Тәуелсіздік дәуірінің» ішінде біздің өзіміз жүрміз. Оқиғалардың ішінде де өзіміз жүрміз. Өйткені, бұл тәуелсіздіктің алды, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туралы болды. Ондағы басымыздан кешкен қиындықтар, кешегі қаңырап қалған аты бар, заты жоқ Қазақ КСР дейтін, Қазақстан кеңестік социалистік республикасы дейтін республиканың басынан кешкен ахуалдары туралы айтылды. Зауыттар қирады, совхоздар, колхоздар тарады, елдің бала тәрбиелейтін аналары ала қапшық арқалап базарға кетті, мектептерде жақсы сабақ беріп жүрген мұғалімдердің бәрі қап арқалап базарға кетті. Мұндай сұмдықтарды басымыздан кештік, соның бел ортасында жүрдік. Соның бәрі аталған кітапта жазылған. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы сол кітаптардан, Әулие ата басында берілген сұхбаттан шыққан үлкен қорытынды.
Бұл мақалада айтылған мәселелерді жүзеге асыруға мемлекетіміз құлшына кірісті. Оны атқару, орындату мақсатында Елбасы Ұлттық комиссия құрды. Оның төрағасы — қазіргі Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков. Мен сол Ұлттық комиссияның мүшесімін. Қазір көптеген облыстарда, орталықтарда, кейбір оқу орындарында Рухани жаңғыру орталықтары құрыла бастады. Оны біз естіп, біліп отырмыз. Осы «Рухани жаңғырудың» мақсаты неде? Елбасы нені мақсат етіп отыр? Бұл жерде жаһандану заманында тілімізді, ұлтымызды, ұлттық мәдениетімізді, тарихымызды сақтап, өркениетті елдердің көшіне ілесіп, солармен бірге болуды мақсат етіп отыр ғой. Біз қайтсек Қазақ елі болып сақталып қаламыз, қайтсек көштен қалмаймыз? «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында да Елбасы көптеген мәселелерді анық етіп қойған болатын. Сондағы стратегияның мақсаты — озық 30 елдің қатарына қосылу. Оның ішінде, 2025 жылға қарай Қазақстан мемлекеті үлкен, кішісі бар түгел мемлекеттік тілде сөйлейді деді. Бұл — бір. Екінші – латын әліпбиіне көшеміз, ал үшінші — Қазақстан Қазақ елі деп аталады деп жазды. Міне, осының бәрі түптеп келгенде, Қазақстанды табан астынан болып жатқан өзгерістер заманында көштен қалдырмаудың амалы деп есептеймін.
Елбасы көтерген мәселенің тағы бірі – ұлттық код. Ұлттық код дегеніміз не? Ол біздің ұлттық болмысымыз, ұлттық жаратылысымыз, ұлттық табиғатымыз, ұлттық санамыз, ұлттық мәдениетіміз, ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық тарихымыз. Елбасымыз алда келе жатқан ғарыштағы заманға біз осы қасиеттерімізді сақтап, көштен қалмай, жаңалықтарды бойымызға сіңіріп барып жетуіміз керек деп отыр.
Мен жаңалыққа қарсы емеспін. Дегенмен, ғаламтор, коммуникация адамның өмір сүру ортасы ғана емес, оның дағдыларын да, мәдениетін де, таным-түйсігін де өзгертіп бара жатқандай. Оның саясатқа да, күнкөріске де, санаға да ықпалы күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Байқап отырсақ, бүкіл әлемде ешқандай партияға қосылмайтын, ешбір идеологияны қолдамайтын, ұлт алдындағы міндетін де мойындамайтын, тек дүниені ғана көздейтін осындай ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл дегеніміз, өзінің тарихын білмеген, ата-тегін білмеген, әдет-ғұрпын білмейтін ұрпақ қалыптастып келе жатыр деген сөз. Ал билік сондай ұрпаққа берілсе, келешегіміз не болады? Бұл мәселеге үлкен мән беру керек.
Тағы қайталап айтайын, мен жаңалыққа қарсы емеспін, бірақ ол қоғамды жолынан тайдырып жібермеуі керек. Адам адами қасиетін, болмысын сақтап, қоғамның қалыптасқан эволюциялық даму жолымен жүріп отырғаны абзал.
Мырзатай Жолдасбеков,
Мемлекет және қоғам қайраткері
Дереккөз: Алматы ақшамы