САҒЫНТАЕВТЫҢ ДА САЛЫ СУҒА КЕТКЕНІ МЕ?
2018 ж. 17 наурыз
5020
20
КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫНА БИЫЛ ДА ДАЙЫН БОЛМАЙ ШЫҚТЫҚ
Жер бетін жаңартып, құлпыра жететін көктем айын әлем жұртшылығы сағынышпен күтіп, қуана-қуана қарсы алса, біз керісінше «Тағы да судың астында қаламыз ба?» деген күдікпен, басымызға төнер қауіп-қатерден қорқып, жанымызды шүберекке түйетін болдық. Елді мекендерді көктемгі еріген қар суы басып қалуы тұрақты «созылмалы сырқатқа» айналды. Кәдімгі «Егін орағы» сияқты жылма-жыл қайталанып келіп тұратын науқанға ұқсайды. Қақаған қыс қыспағынан енді құтылдым ба деген тұрғындар көктем келісімен жыл сайын су астында қалып, жанайқайға басып жатады... Табиғаттың бұл дүлейіне қарсы тұрады деген төтеншеліктерді жұрт түсіне алмай дал. Қыс бойы тасқынға қарсы оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, бес қаруымыз сақадай сай деп тақылдатып тұрып есеп береді. Жеме-жемге келгенде тасқынның бетін қайтаруға дәрменсіз болып шығады. Бір кезде төтеншеліктердің төресі болған, ҚР Ішкі істер вице-министрі қызметін атқарған Владимир Божко ақырында «Мен Құдай емеспін, мынадай тасқынға ешкім тосқауыл бола алмайды» деп өзінің шарасыздығын мойындаған-ды. В. Божконың орнын басқан Юрий Ильин де алдындағы әріптесінен асып кете қойған жоқ. Оның да қайығы суға ағып, ескексіз қалғанға ұқсайды. Биылғы көктемде енді ғана басталған, Алматы облысында орын алған бірінші тасқыннан соң тым көп жауған жаңбыр мен арықтарды тазаламаған тұрғындардың өзін кінәлап шыға келді. Өзен арналары мен арықтарды таза ұстауға міндетті жергілікті әкімдер қайда? Осы мақсатқа жұмсалсын деп бюджеттен бөлінген қаржы қайда кетті? Қар мен жауын жаумаса жерді су баспайтынын тұрғындардың өздері де біледі. Осындай қауіп-қатерде қол ұшын беруге жарамаса төтеншеліктердің бізге қажеті қанша, оларға миллиардтап қаржы жұмсап неміз бар? Демек, салалық министрлік пен аймақтық, жергілікті әкімдіктер дұрыс жұмыс істемейді деген сөз. Үстіміздегі жылдың 20 ақпанында осы «науқанға» арналған Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев аймақ әкімдерін көктемгі су тасқыны қауіпіне барынша жауапкершілікпен қарауға, кез-келген жағдайда шұғыл шара қолдауға шақырғаны есімізде. «Әкімдердің бірде-бірі Ішкі істер министрінің баяндамасына назар аудармады. Ол өз баяндамасында қандай облыстарда не жасалмай жатқанын нақтылап айып берді. Ал әкімдер болса, бәрін де жасап жатырмыз дейді. Жасап жатқандарыңыз жақсы, қолдаймыз. Ал, көптеген жұмыстар әлі күнге дейін неге атқарылмаған? Сондықтан Қалмұханбет Қасымов, (Ішкі істер министрі) Асқар Мамин, (Үкімет басшысының бірінші орынбасары) иесіз тұрған гидротехникалық құрылғыларды үнемі бақылауда ұстаңыздар. Өткен жылғыдай болары болып, бояуы сіңген соң кінәлілерді іздеп жүрмейік. Ақырында әдеттегідей мәліметтерді дұрыс бермеді деп «Қазгидрометке» жаланы жаба саламыз. Ашығын айтсақ, өздеріңіздің жағдайды дер кезінде бақыламай қапы қалғандарыңызға ешқайсыңыз назар аудармадыңыздар және жауапкершілікті де мойындарыңызға алмадыңыздар», – деген-ді Бақытжан Сағынтаев аймақ әкімдеріне. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың дерегінше, Ақтөбе облысында гидротехникалық құрылғылар бойынша ескерту жоспары әзірленбеген. Ақмола облысында алдын алу шаралары республикалық меншіктегі 15 гидротехникалық құрылғыларда ғана жоспарланған. Ал коммуналдық меншіктегі 68 нысанға қатысты еш жоспар жоқ. Дәл осындай жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да орын алуда. Коммуналдық меншіктегі 17 гидротехникалық құрылғыны қорғау шаралары ұйымдастырылмаған. Мұндай кемшіліктер еліміздің барлық аймақтарында кездеседі. Істелген жұмыстардан атқарылуға тиісті шаралар шаш етектен. «Қазірдің өзінде Қарағанды облысындағы Самарқанд пен Ынтымақ су қоймаларында жинақталған судың көлемі 2017 жылғы көрсеткіштен асып түседі. Қар күрт еріп, су қарқынды келе бастаған жағдайда оны апатты жағдайда ағызуға тура келеді. Ал бұл өзеннің төменгі сағасында орналасқан 44 елді мекенді су астында қалдыру қаупін тудырады», – деді Бас уәзір. Су тасқынына дайындық мәселелерін қорытындылаған Үкімет басшысы жыл сайын оның салдарын жоюға миллиардтаған қаржы жұмсағаннан гөрі апаттың алдын алу үшін дұрыс бағдарлама қабылдау қажеттігін баса айтқан-ды. «Өткен жылы резервтен 5,8 млрд. теңге бөлдік. Ақмола облысының әкімдігі бір шағын аудан салып тастауға 2,3 млрд. теңгенің ғана жететіндігін айтып отыр. Ал біз болсақ миллиардтаған қаржыны әрбір көктемде босқа жұмсап жатырмыз. Меніңше, бұл ақшаны тиімсіз жұмсау», - деді Бақытжан Сағынтаев. Үкімет басшысы дұрыс айтады. Жылына қаншама қыруар қаржы желге ұшып жатыр. Дәлірек айтсақ суға ағып жатыр. Өлген мал мен бүлінген мүліктің шығынын өтеуге, қираған үйлерді қайта салуға аз ақша жұмсалып жатқан жоқ. Біз апаттың себебімен емес, салдарымен ғана күресіп жатырмыз. Сырт қараған адамға мемлекет қоржынынан ақша бөлгізу үшін арнайы жасалып жатқан әрекетке ұқсайды. Әйтпесе жұмысты дұрыс ұйымдастырып, қатер қайталанбайтындай шаралар қолдануға болады ғой. Бірақ, сол ешкімге керек-те емес сияқты. Биылғы табиғат жойқыны өз жорығын Алматы аймағынан бастағанын білесіздер. Облыстың екі ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бұл аймаққа биыл қар қалың жаумаса да, тәулік бойы жауған жаңбыр Жамбыл мен Талғар аудандарының тұрғындарын қатты састырды. Абырой болғанда өлім-жітім жоқ. Есесіне ондаған үйлер су астында қалып, қаншама шығын әкелді. Әсіресе Тұздыбастау ауылының адамдары қатты ашынды. Апатты өз көзімен көруге келген аймақ басшысы Амандық Баталов ауыл адамдарынан ауыр сөз естіп, әншейіндегі сабырлы мінезін жоғалтып, ашу шақыруына тура келді. Ашу шақыратындай ештеңесі жоқ, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу қажет. Кеңестік кезеңде аты әйгілі, алдыңғы қатарлы «Калинин колхозы» аталып келген осы елді мекенді бұрындар ешқашан су басып көрмеген екен. Өйткені көше бойындағы арықтарды тұрақты аршып, тазалық сақтаған тұрғындар көрінген жерге құрылыс салмаған. Адам жерлейтін зираттың өзін су баспайтын төбеге шығарып, ағынды судың жолын бөгемеген. Мыңдаған гектар егістікті де ауылдың төменгі жағына орналастырған. Қазір сол егістік жерлерде бірнеше ықшам аудандар пайда болды. Тәуелсіздіктің тізгінін жеке-дара қолдарына алған жергілікті басшылар жерді оңды-солды таратып, тұрғын үй салуға рұқсат берген. Әрине тегін емес. Жерге қатысты бұрынғы аудан және ауылдық округ басшылары жауапқа тартылып, істі болды. Әркім өз қылмысы үшін жауап бере жатар. Ал, қомақты ақша жұмсап баспана салған бейкүнә тұрғындардың не жазығы бар? Ең бастысы аймақтың, ауданның сәулет-құрылыс саласы мамандары қайда қарап жүрген? Қауіпсіз инфроқұрылым деген сөзді олар мүлдем білмейтін болғаны ғой. Бір ғажабы, Алматы облысында су басуы мүмкін 56 учаске алдынала сонау қыста анықталған-ды. Жалпы тасқынның алдын алу шарасына 477 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 402 млн. теңгеден астамы өзендердің жағалауын нығайтуға және тереңдетуге, ал 75 млн. теңгеге жуығы алдын-алу жұмыстарына бағытталғанын сүйіншілеп тұрып хабарлаған болатын. «Су басқан жағдайда шұғыл әрекет ететін 650-ден астам техника мен 4 мыңға жуық адам дайын тұр, халықты қабылдайтын жерлер, азық-түлік, дәрі-дәрмек, жатын орын сынды дүниелер қарастырылған. Қазір төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында түрлі жұмыстар атқарылуда. Таулы аймақтар мен өзен арналарында тексерістер жүргізілуде. Су қоймаларының күнделікті жағдайына мониторинг жасалауда. Сонымен қатар, мың шақырымнан астам арық, 364 бірлік су өткізу құбырлары тазартылып, мыңдаған текше метр қар шығарылды. Қауіпті учаскелерге 121 гидрологиялық бекеттер қойылған» – деп баяндады аймақтың төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері Өңірлік комуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг барысында. Сонда қалай болғаны, қаржы мен күш бола тұра жағдайдың алдын ала алмағаны ма? Бұған да «Қазгидромет» кінәлі ме? Төтенше емес, жайбасар мекеме болғаны ғой. Әлде ол дайындық тағы да әдеттегідей қағаз жүзінде қалды ма? Жоспар қағаз жүзінде ғана болса бөлінген қаржы қайда жұмсалды? Оған қоса енді бүлінген үйлер мен мүліктердің шығынын да өтеу керек қой. «ҚазАқпарат» таратқан хабар бойынша – ҚР Ішкі істер министрі Қалмұxанбет Қасымов су тасқынына себеп болатын негізгі мәселелерді атап берген болатын. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде су тасқыны қаупі бар облыстарға қыруар қаржы бөлінген. Себебі өзен арналарын күшейту және тағы басқа шараларды атқару қажет екен. «Ашығын айтайын, су – ол бизнес. Олар тоғандарды салып тастайды да, суды ұстап отырады. Мысалы, Қарағандыда барлық су қоймалары металлургиялық комбинатқа қызмет көрсетуге арналған. Су болмаса, өндіріс тоқтап қалады. Өткен жылы қалай болды? Ауа-райы болжамы дұрыс жасалмағаннан кейін қоймалардың иелері суды жинай берген, жинай берген. Ал күн күрт жылынып кеткенде қардың суы көптеп келе бастады. Олар алды да, суды жібере салды. Содан өзен арналары тасып, төменде отырған елді мекендерді су басты», – деген екен Қ.Қасымов журналистерге берген сұxбатында. Олай болса неге сол комбинат барлық шығынды өз мойнына алмайды. Суды шамадан тыс жинап, апатты жағдайды тудырғандар заң алдында жауап беру керек еді ғой. Әлде министр айтқан металлургия комбинатының иесі миллиардер Митталды аяп отырмыз ба? Ал, Миттал ешкімді аяп отырған жоқ. Өндірісіндегі ескі техникаларды ауыстыруға шығын шығармай, шахталарда қаншама отандастарымыз тірідей жерге көмілді. Жұмысшылардың жалақысын айлап бермей айқайлатып қоятын сол Миттал емес пе? Бизнестен есепсіз пайданы шіріген бай Миттал көріп, зардап шеккен тұрғындардың шығынын неге Үкімет төлеуі керек? Осыны біле тұра Үкімет неге комбинат иесін сотқа бермейді? «Мәселен, қазір Шығыс Қазақстан облысы мен Аягөзде болған жағдай – бұл таза нонсенс. Екі күннің ішінде жауын-шашынның бір айлық мөлшері түсті. Бұған дейін қатты аяз болды. Жер бір жарым метрге дейін қатып қалған. Содан су жерге сіңбей, жан-жаққа жайылып жатыр. Қарағанды облысында да солай. Бұл тек жауын-шашынның нәтижесі ғана. Өзендер әлі тасыған жоқ. Енді, биыл қар аз болды. Сондықтан өзен арналары қатты тасымайды деген үміт бар», – деді Қ.Қасымов. Министрдің аузына – май, астына тай. Құдай бетін аулақ қылсын, апат болмай-ақ қойсын. Аягөздегі апат орнына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов барып, тұрғындармен кездесті. Тасқыннан зардап шеккен отбасыларға тұрмыстық көмек көрсету үшін 50 млн. теңге бөлінетін болды. Әкімнің сапары барысында қала бойынша 8 үйдің жермен-жексен болып, 10 үйдің апаттық жағдайға түскені анықталды. 148 үйге су кірген. Үйсіз қалған отбасыларға қаланың басқа бөлігінде салынып жатқан 60 пәтерлі үйден жаңа баспана берілуі мүмкін екені де айтылды. Жау кеткен соң атқа қонудың орнына, Ахметов апат болмай тұрып елді аралап көріп, жағдайдың алдын алу керек еді. Өзі бармаса да орынбасарлары мен толып жатқан мамандарын жатқызып қоймай, ертеден кешке дейін жүгірту керек еді. «Қазір бұл мәселеге байланысты арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар өз жұмысын 10-15 күннің ішінде аяқтайды. Сондықтан, тұруға жарамсыз болып қалған үйлердің саны 18-ден көп болуы мүмкін. Қалай болғанда да, ешкім көмексіз қалмайды. Барлық тұрғындарға тиісті көмек көрсетіледі» – деді облыс әкімі. Бұл жерде де апаттың себебін емес, салдарын мемлекеттің ақшасымен жөндеп жатырмыз. Халықтың қаржысын үнемдеп, ұқыптап жұмсауды қашан үйренеді екенбіз? Ия, көктем енді басталды деуге болады. Солтүстік, Орталық, Батыс өңірлердегі қалың қардың мұрты да бұзылған жоқ. Алда неше түрлі қауіпті жағдайлар орын алуы мүмкін. Біз соған дайын болуымыз керек. Құзыреті кеңейтілген Үкімет ендігі жерде оған қарсы қауқар көрсете ала ма? Бұл көптің көкейінде жүрген негізгі сұрақ. Сөз соңында біздің редакцияға хабарласқан бір қарияның пікірін назарларыңызға ұсына кетейік. «Бақытжан Сағынтаев бас уәзір болғанда басымыздағы бөркімізді аспанға атып едік. Іскер азамат екенін көрсетіп, келе салысымен Ақтау халықаралық теңіз айлағындағы түйінді өзі бір емес екі рет барып шешіп беріп, қызметін қарқынды бастаған еді. Одан бері де көптеген игі істердің ұйытқысы болды. Енді мына бір жылда қайталанатын су тасқынының бетін қайтарса екен. Қаншама адамдарымыз зардап шегіп жатыр. Апаттың алдын алу Үкіметіміздің де қолынан келмегені ме? Әлде, бүкіл халық үлкен сенім артып отырған Сағынтаевтың да салы суға кеткені ме?..» деп үміт пен күдік аралас ойын айтқан-ды. Үмітімізді үзбейік. От пен су – тілсіз жау. Тілсіздің де тілін таба білуге болады. Апаттың алдын алып, қажетті шараларды қағаз жүзінде емес нақты іске асыра білсек ұтылмаймыз. Сонда ғана біздің тұрындарымыз көктемді еш қауіп-қорқынышсыз қуана қарсы алады. Табиғат пен көктемнің бұл жерде ешқандай кінәсі жоқ. Бәрі де өзіміздің берекесіздігімізден болып отырған жағдай. Ал, көктем бізге Ұлыстың Ұлы мерекесі – Наурыз мейрамын сыйлаған. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Үйлеріңізді су баспасын!..Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz