БАНКТЕРДІҢ ТОЙЫМСЫЗ ТӘБЕТІНЕ ТЕЖЕУ ҚОЙЫЛДЫ

АСАП ҮЙРЕНГЕН АУЫЗ БҰҒАН ЕНДІ НЕ ДЕР ЕКЕН?

Жылдар бойы қарапайым халықтың қалтасын қағып, жұртты жоғары үстеме пайызбен зар жылатып келген біздің банктердің тойымсыздығы туралы «Қазақ үні» газеті аз жазған жоқ. Баспаналы болу үшін несие алып, санаға сиымсыз жоғары пайыздық мөлшерлемені төлеуге мүмкіншілігі болмаған қаншама адамдар алған пәтерлерінен айырылып, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барған күндерді де көрдік. Қарыздарды күштеп қайтаратын, керек болса есігіңді бұзып кіріп, үйіңнен тепкілеп қуып шығатын «коллектор» деген құбыжықтан кірерге тесік таппай қалғандар халық қалаулыларынан қорған іздеді. Тіпті Елбасының атына жүздеген хат жазып, сауға сұрауға дейін барды. Енді міне мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жария еткен соң несие қамыты мойнын қажап қансыраған қарапайым халық еркін бір тыныстауға сәл де болса мүмкіндік алды... Осының алдында ғана Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында Елбасы біздегі банктердің жұмысына біраз сын айтқанын білеміз. Сол әсер етті ме, жұрттың жанайқайын естіп, жанашырлық сыңай танытқысы келді ме, бас банкир Данияр Ақышев онлайн-конференция өткізіп, салымшылары мен алымшыларына бірнеше кеңес беріп, ақшаны өзгелерге қарағанда дұрыс санай білетінін байқатты. Онысына да рақымет, көпшіліктің көптен бері көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап берді. Банк қызметіне қатысты қаржы қыспағын көрген тұрғындар сұрақты қарша боратты деуге болады. Он күн ішінде үш жүзден астам сауал түскен екен. Берілген үш сағат уақытта жүздеген сұрақтың бәріне толықтай жауап қайтарып үлгермесі белгілі. Дегенмен халықты толғандырған басты-басты мәселелерге қатысты түсінік беруге тырысты бас банкир. Тұтынушылардан ең көп арыз-шағым түсетін мекемелердің көшін Ұлттық банк бастап келе жатқаны бұрыннан белгілі. Негізгі мәселе алымшылар мен салымшыларға тікелей қызмет көрсететін екінші деңгейлі банктерге байланысты болып отыр. Елімізде 5,1 миллионнан астам адам несие алған. Орта есеппен әрбір үшінші адам деуге болады. Оның 1 миллион 102 мыңы қарызын төлеуге дәрменсіз. 837 мың несие алушының ісі қарыз өндіру үшін коллекторлық агенттіктерге берілген екен. Жиі жарияланып тұратын мәліметке сәйкес қайтарымсыз қалған қарыз несиелер көлемі триллион теңгеге таянғанға ұқсайды. Бұл нақты дерек болмаса да осы санның өзі аздық етпес. Ал шетелдерге қанша қарыз болғанымыз - өз алдына жеке жыр, ол туралы сөз қозғаудың өзі қорқынышты. Біздің қаржы саласының соңғы ширек ғасырлық тарихына үңілсеңіз түңіліп кетесіз. Несиелерді жаппай оңды-солды тарата бастаған сонау 2000 жылдан бастап есептеген күннің өзінде тұрғындарымыздың мойнына триллиондаған теңгенің қаржы қамыты киілгені анық. Миллиардтаған қаржы жемқорлар мен тойымсыздардың қалтасында кетті. Демек, құйтырқы әдіспен біреулер есепсіз байыса, есесіне қарапайым халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы әлсіреді деген сөз. Басында тездетіп несие алу үшін банк қызметкерлеріне алатын соманың «шапкісін» шешіп беретін үрдіс болғаны да шындық. Сол кездерде біздің елімізде банкирлерден «беделді» адам жоқ болатын. Жұрттың бәрі ұл-қыздарын қаржыгерлік оқуға беруге ұмтылды. Сол үшін несие алғандар да болды. Нәтижесінде елімізде экономистер мен қаржыгерлер қаптап кетті. Ақырында солардың көбі жұмыссыз қалды. Қор болған ата-аналардың ақшасы-ай! Ешбір елде жоқ жоғары пайыздық мөлшерлеме жұртты әбден титықтатып жіберді. Оған банктің «түрлі қызметі» мен айыппұлды қосқанда алған ақшасын екі есе етіп қайтаруға мәжбүр болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары да дабыл қаққан-ды. Содан барып қарыз қақпаны қарапайым халықты қыса түсті. Оны төлей алмағандардың баспанасын сот арқылы тартып алу басталды. Оны орындаушы коллекторлар күш көрсетіп жұрттың зәресін алғаны осы күнге дейін есімізде. Кейбіреулер бұл қорлыққа шыдай алмай өздеріне қол жұмсауға дейін барды. Осы коллекторлар туралы заң жобасын Мәжілістің қарауына ұсынғанда депутаттар түгелге жуық қарсы шыққаны белгілі. Әсіресе қайтарылған қаржының жартысы коллекторларға берілетінін естігенде халық қалаулыларының төбе шашы тік тұрған-ды. «Ол қаржыны қайдағы бір коллекторларға бергенше халықтың қарызын кешіре салмаймыз ба?» деген заңды сұрақ қойғаны бар депутаттардың. Расында, қарызын кешірсек те ол өз адамдарымыз ғой. Ал банк болса сол алымшылардың арқасында күн көріп отырып, оларға күш көрсетіп, сол үшін «рэкет» жалдағандай біреулердің қалтасына ақша салмақ болды. Сырттай қараған адамға банк жауларында кеткен кегін еселеп қайтарып жатқанға қатты ұқсайды. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң жобасын таныстыруға Мәжіліске әкелген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев сол жолы оңбай сынға ұшыраған-ды. Міне біздегі банктердің халыққа көрсеткен «қызыметі» осындай. Бұл халыққа қызмет емес, халықты аяусыз тонаған тойымсыздық демеске амалымыз жоқ. Оның да себебін түсіндіре кетелік. Ол үшін әлемдегі өзге елдердің банк қызметіне бір сәт көз жүгіртуге тура келеді. Мысалы, ипотекалық несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі Жапонияда – 1,68, Швейцарияда – 1,75, Финляндияда – 1,83, Германияда – 1,90, Люксембургте – 2,00 пайыз көлемінде екен. Байлы-бақуатты, төлеу мүмкіншілігі жоғары халқы бар елдердің өзі біздегідей «жетістікке» жете алмағанын көреміз. Ал, Қазақстан халқы миллионерлерге ұқсап, 20-30 пайызбен, айыппұлды қосқанда ақшаны екі есе қайтаруға тиісті. Тіпті дәулетімен мақтана алмайтын Кипр, Хорватия сияқты ергежейлі елдердің өзінде банктік мөлшерлеме 4-5 пайыздан аспайды. Біздің шаңымызға ілесе алатын ел - Украина ғана екен. Оларда несие 20 пайызбен беріледі. Осының бәрі елдің экономикасына тікелей байланысты деген уәж айтады біздің бір білгір экономистер мен қаржыгерлер. Рас, қаржы ел экономикасына тікелей тәуелді, екеуі тығыз байланысты, оған ешкімнің дауы жоқ. Сонда біз өзімізді Украинамен салыстыруымыз керек пе? Табиғи қазба байлығы жоқтың қасы, саяси тұрақтылықты түпкілікті жоғалтқан, көшесінде күнде ереуіл өтетін Украинамен өзімізді салыстыру - қай жағынан алып қарасақ та көрсоқырлық дер едік. Біз дамыған 50 елдің ішінде жүрген, әлемге танымал мемлекетпіз. Жердің пайдалы қазба байлығымыз бойынша кем дегенде әлемдегі ең мықты 20 мемлекеттің қатарындамыз. Құдайға шүкір, саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулық жағынан да өзгелерге үлгі көрсетіп, кеудесін соғатын мықты елдердің өзіне сабақ беріп келеміз. Оған бүкіл дүниежүзі куә. Олай болса біздің банктер неге бұғаусыз кеткен? Бұған да жауап іздеуге тура келеді. Жауап біреу ғана – тағы да сол тойымсыздық. Басында өзара адал бәсеке болады, соның нәтижесінде лайықты қызмет көрсетіліп, пайыздық мөлшерлеме төмендейді деген желеумен отыздан аса банкті бірінен соң бірін ашып тастадық. Өкінішке орай, мөлшерлеме төмендеген жоқ, керісінше көтеріліп сала берді. Долы доллар бағамы еркіне жіберілген соң оны тоқтату ешкімнің қолынан келмей қалды. Шынын айтсақ мөлшерлемені түсірем деген ниет те болған жоқ. Өйткені сол банктердің негізгі иелері билік басындағы не соның қасындағы адамдар. Олар жеп отырған нанын біреуге бере салады дегенге сену қиын. Сондықтан бұл жерде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті бассалып кінәлау да артықтау. Бас банкир биліктің айтқанын орындайтын бар-жоғы қуыршақ қана. Оның өзі екі өрттің ортасында қалып отыр. Әйтпесе соңғы онлайн-конференцияда халыққа құнды кеңес беремін деп өз сөзіне өзі қарсы шығар ма еді. Естеріңізге сала кетейік, Данияр Ақышев «Дегенмен зейнеткерлерге бірнеше кеңес бергім келеді. Біріншісі – ақшаны үйде емес, банкте сақтаған жөн. Бұл ақшаның түгел тұруын қамтамасыз етеді. Бұған қоса, қазіргі уақытта мемлекет он миллион теңгеге дейін депозитке кепіл береді. Екіншісі, Ұлттық банк лицензия бермеген компанияларға сенбеу керек. Үшіншіден, ақшаны бөтен адамдарға сеніп тапсырмаңыздар. Төртіншіден, несие алмаңыздар» деп ақыл айтқан-ды. Біз де саусақпен санап берейік. Біріншіден, банкке салатын ақшаны зейнеткерлер қайдан алады? Тамағы мен коммуналдық төлемнен артылмайтын, дәрі-дәрмегіне үнемі жетпей жататын зейнетақыны қай зейнеткер депозитке салмақшы. Екіншіден, бөтен адамға ақша беретіндей біздің тұрғындарымыз соншалықты байып кеткен жоқ, есінен де ауысқан жоқ. Үшіншіден, лицензиясыз жұмыс істеуге бізде рұқсат бар ма? Ол қай заңда жазылған? Лицензиясыз бізде шағын кәсіпкерлікпен де айналыса алмайсыз. Сонда бізде миллиардтаған қаржы айналымын жүргізетін заңсыз банктердің бар болғаны ғой. Оған Үкімет неге көз жұмып қарайды? Оны қадағалайтын Ұлттық банк басшысының бұл сөзі нені аңғартады? Төртіншіден, банкирдің біздің банктерден несие алмаңдар деуін бірінші рет естіп отырмыз. Алым, салым пайызымен күн көріп отырып, өзін-өзі қаржыдан қағу барлық банкирдің қолынан келе бермейтінін осы жерде лайықты түрде ерлік ретінде атап өткеніміз жөн. Рас, Ақышевтің осы жерде халыққа жаны ашығандығы анық көрініп тұр, тұрғындарды сақтандырғысы келген. Ал, мөлшерлемені төмен түсіру оның қолынан келмейді. Сондықтан бұл жерде ойындағы бар шындығын ашып тастағанын көруге болады. Айтпақшы, мөлшерлемені төмен түсіру бас банкирдің қолынан келеді, бірақ көп емес. Жақында, 5 наурызда «ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 9,75-тен 9,5 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады» деген «ҚазАқпарат» хабарын ұмытып барады екенбіз. Бұл кез-келген төмендетуге байланысты айтылған жалпылама дәлел. Бас банкир жасқанып, жалтақтап жүргенде Елбасы банктік мөлшерлемені жеті пайызға бір-ақ түсіріп берді. Бұл шешім бүкіл халықтың қолдауын тапты десек қателеспейтін шығармыз. Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жария етілісімен қызу талқыланып, жұрт ризашылығын білдіруде. Оны редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз да айтып жатыр. Әрине, жылдар бойы банк­терге жем болып келген жұрттың қуанышын түсінуге болады. Бірақ сонымен бірге кейбір күдіктерін де білдіріп жатқандар бар. Онысы «Бізде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған қаншама құнды бағдарламалар қабылданып жатады. Соның бірқатары орындалмайды. Елбасының бұл жолғы үндеуін төмендегі орындаушылар тағы да аяқасты етіп жүрмей ме?» дегенге саяды. Енді қаржы қайраткерлерінің құлағына «алтын сырға» болсын деп оқырмандарымыздың сол сұрақтарын рет-ретімен айтып берейік. 1. Бізде ақша аударуға 1 пайыз ұсталады, кейбір елдердің жылдық пайыздық мөлшерлемесімен бірдей. Бұл жұмыс бәрі электронды түрде атқарылатыны белгілі. Осы қызмет құны қашан төмендетіледі? 2. Бұрын Елбасының үндеуіне дейін несие алғандар алдағы уақытта 7 пайызға көшіріле ме? 3.Несие бергенде «ішкі қызмет» деген сияқты артық ақша жинайтын амалдары көбейіп кетпей ме? Олардың еркіне жіберсек банкке кіргенің мен шыққаның үшін де ақша алудан тайынбайды. Коммерциялық құпия деп ішкі ісіне ешкімді жуытпай, білгендерін істейді. Банктің осы бағыттағы жұмысын кім бақылауға тиісті? 4. Банктер арасында ашық, адал бәсеке бола ма? Бізде отыздан аса банктер бар екен. Олардан қандай пайда? Мөлшерлемені өз еркімен түсіріп, халыққа адал қызмет ететін банктер бізде жоқ. Бәрі де өз клиенттерін аш қасқырша талауға дайын тұрады. Сондықтан осы пайдасыз банктердің санын қысқартып, жұмыс сапасын арттыру керек. Үнемі сынға ұшырап жатқан қаржы саласында қашан тәртіп орнайды? Ия, біз жылдар бойы жазып келген банктердің тойымсыз тәбетіне тежеу табылған секілді. Бұл жолы да Елбасының араласуымен іске асты. Оған да шүкіршілік дейміз. Бірте-бірте өзге елдердегідей пайыздық мөлшерлеме тағы да төмендейтін шығар деп үміттенеді көпшілік. Енді осы Елбасының үндеуінде айтылған тапсырмалар нақты іске асырылса болғаны. Тойымсыз тәбетті бірден тежеу де оңай емес. Асап үйренген ауыз бұған не дер екен? Бұл сұраққа жауап беру әлі ертерек секілді...

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz