ЖАҢА КОДЕКС ЖАЛАҢ ЕРЕЖЕ БОЛЫП ҚАЛМАСЫН
2018 ж. 09 ақпан
3384
14
Елімізде Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс әзірлену үстінде. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру тақырыбында өткен Үкімет сағатында министр Елжан Біртанов құлағдар етті. Министрдің айтуынша халыққа аса қажет саланы көптеген оң өзгерістер күтіп тұрған көрінеді. Бұйыртса, кемшіліктен көз ашпаған бұл салада алға қарай үлкен бір секіріс болмақшы. Жақсы жаңалықты кім жатсынсын, халық қалаулылары бар ынтасымен министрге құлақ түрді. Қаптаған жөнді де жөнсіз жобаларды жылдар бойы оқудан жалығып, қалғып-мүлгіп отыратын кейбір депутаттардың өзі елең ете қалды.
Әрине жаңа жобалар тұрғындарымыздың денсаулығын жақсарту бағытында қолға алынбақшы. Бұл жерде министрдің ниетіне ешқандай күмән келтіруге болмайды, керісінше оны құптау қажет. Мәселе кезекті жаңа жобаны нақты іске асыруда болып тұр. Ол үшін депутаттардың қолдауы қажеттігін де жасырмады министр. Сонымен бұл неғылған жаңалық екеніне біз де назар аударып көрелік.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру барысы жаңа заңнамалық нормаларды енгізуді және бекітуді талап етері белгілі. Осы орайда министрлік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс әзірлеу жұмысын бастап та кетіпті. Құжатқа электронды денсаулық сақтау, электронды денсаулық паспорты, телемедициналық технологиялар және басқа да бірқатар жаңа ұғымдар енгізілмекші. Министрдің атап өтуінше, одан басқа аталған жаңа кодексте денсаулық сақтауды басқару органдары мен ұйымдарының құзыреті белгіленетін болады. «Дәрігердің жауапкершілігін және электронды деректерді, оның ішінде телемедициналық кеңестердің жазбаларын сақтау жағдайларын анықтау қажет. Медицина мамандары цифрлық деректердің сапасы мен дұрыстығына жауапты болуын бекіту керек. Пациенттердің медициналық құжаттарды электрондық түрде жүргізуге келісімі туралы мәселені пысықтау, сондай-ақ осы деректерге қолжетімділік құқықтары туралы мәселені шешу қажет. Министрлік осы мәселелерді қарастыру кезінде Сіздерден қолдау күтеді», – деді Біртанов Мәжіліс депутаттарының өзіне қолқа салып.
Қарапайым ғана есепте тұрған науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмай отырған біздегі медицина саласы жұмысын цифрландыруға байланысты қандай нақты шаралар атқарылмақ? Ол қалай және қашан іске қосылады? Ең бастысы оның тұрғындардың денсаулығын сақтауда нәтижелі боларына кім кепілдік бере алады? Міне, кез-келген қазақстандық азаматтың көкейінде тұрған басты сұрақтар осындай. Бұл бір ғана біздің елде ғана емес, әлемді алаңдатып отырған мәселе. Өйткені бүгінгі техника мен технология жедел дамыған заманда экологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты адамзат өз денсаулығына өзі қауіп-қатерді қолдан жасап алып жатыр емес пе?..
«Бірінші тоқсанның соңына қарай электронды үкімет порталы арқылы уақытша жұмысқа қабілетсіздік парағын, сонымен қатар туберкулезге қарсы, психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдарда есепте тұрғаны туралы анықтаманы алу жолға қойылады», – деді Елжан Біртанов. Сонымен қатар министр ағымдағы жылдың ақпан айында көрсетілген медициналық қызметтер туралы халыққа СМС-хабарландыру қызметі енгізілетіндігін атап өтті. 2018 жылдың маусым айында Қазақстанда электронды денсаулық паспорты ілкі жоба ретінде енгізілетіндігін айтты. Сонымен қатар ол денсаулық сақтау саласына енгізілетін жасанды интеллект қалай жұмыс істейтіндігін түсіндірді.
Қазақстандықтар еңбекке жарамсыздық парағын Egov.kz арқылы ала алады. Әкімдіктермен бірлесіп жылдың соңына дейін медициналық ақпараттық жүйелермен барынша қамту жоспарланған. Министрдің айтуынша, электронды денсаулық паспорты арқылы дәрігерлер пациенттің денсаулығына қатысты барлық ақпаратты алатын болады. Пациенттің де аталған ақпараттарға қолы жетімді. Сонымен қатар ол медициналық ұйымның көрсеткен қызметіне де баға бере алады. Аталған нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен министрлік денсаулық сақтаудың интеграцияланған тұғырнамасын құрады. Тұғырнама базасында электронды денсаулық сақтау паспорты, пациенттің және дәрігердің жеке кабинеттері болады. Пациенттің жеке кабинеті азаматқа денсаулығының жай-күйіне, денсаулық сақтау қызметтері туралы қажетті ақпараттарды алуға мүмкіндік береді. Ал дәрігердің жеке кабинеті дәрігерге сырқат адамның денсаулығы жайында барлық мәліметтерді алып, онымен кері байланыс орнатуға жағдай жасайды. Дегенмен, электронды денсаулық паспортын табысты енгізу үшін барлық медициналық ұйым сырқат туралы мәліметтерді беруі және әрбір медициналық қызметті цифрлық форматта жүргізуі тиіс. «Ол үшін барлық денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық ақпараттық жүйелермен 100 пайыз қамтып, интернетке шығатын техникалармен толықтай қамтамасыз ету қажет», - деді Елжан Біртанов. Бұл бағытта министр медицина қызметкерлерінің арасында компьютерлік сауаттылық мәселесі де өзекті болып отырғанын жасырмады. «Осы тұрғыдан келгенде ағымдағы жылы медициналық жоғары оқу орындарында ақпараттық технологияларға бағытталған оқу бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр», – деді министр.
Біртанов мырза денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникалармен жабдықтау, олардың интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында да оң өзгеріс барын атап өтті. «Бүгінгі күні денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу үлесі 75,5 пайызды құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерді компьютерлік техникалармен қамтамасыз ету 82,7 пайызды құрайды. Ал денсаулық сақтау ұйымының 55,7 пайызына интернет желісі қолжетімді. 2019 жылдың 1-қаңтарында бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бірақ, тек қана аудандық деңгейде», – деді ол. Оның айтуынша, әкімдіктердің деректеріне сәйкес 2018 жылдың 1-тоқсанының соңына дейін медициналық ақпараттық жүйені Павлодар, Маңғыстау, Жамбыл облыстарының 90 пайыздан астам денсаулық сақтау ұйымына енгізу жоспарланған. Бұл ретте Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарында және Астана қаласындағы медициналық ақпараттық жүйелерін енгізу мүмкіндігі төмен болуы алаңдатып отырғанын айтты Елжан Біртанов.
Ал, ақиқатына келсек алаңдайтын мәселе бұл салада әлдеқайда көп. Осы жерде алдымен Парламенттегі ең белсенді депутаттарымыздың бірі Нұртай Сабильяновтың министрдің назарына салған орынды ескертпелерін елемей өтуге болмас.
–Министрдің баяндамасын тыңдадық. Маған баяндама емес ертегі айтып жатқан сияқты көрінді. Неге? Өйткені, цифрландыру болу үшін денсаулық сақтау ұйымдарын, ауруханаларды, емханаларды біз жақсы, жоғары интернет байланысына қосуымыз керек. Онсыз бұл жобаны іске асыру тіпті де мүмкін емес. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің дерегін сүйенсек, ол 2022 жылы ғана жүзеге асады, онда да қаражат болса. Сонда бұл цифрландыру кімге жүргізіледі? Мысалы өңірлерді алып қарайтын болсақ, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының денсаулық сақтау ұйымдары бар-жоғы 14 пен 43 пайыз деңгейінде ғана интернет желісіне қосылған екен. Сондықтан бірінші кезекте осы мәселені алдымен шешуіміз керек, құрметті министр! Сізге айтарым аспанға қарап, жұлдызды санағаннан гөрі жердегі тіршілікке дұрыс көзбен қарап, алдымен соны саралап алған жөн секілді, – деді депутат аталған мәселе бойынша баяндама жасаған министр Елжан Біртановқа қарата.
Сабильяновтың сын ескертпе айтатындай себебі бар. Депутаттың айтуынша, елді мекендерді аралаған кезде денсаулық сақтау саласына байланысты көптеген мәселелер көтерілген. Мысалы, аудандардағы, ауылдардағы медициналық мекемелерді жаңа жедел жәрдем көліктермен қамтамасыз ету қажет. Елімізде 2124 жедел жәрдем көлігі бар болса соның 770-сі ескірген. 20-шы ғасырда шығарылған көліктер де бар. Оларды жамап-құрап дегендей амалсыздан қолдануға тура келеді.
«Енді ойлап қараңыз, қатты аязда, боранда ескі көлікпен ауруларды алып келе жатқанда бұзылып қалса не болмақ? Осы жағына неге көңіл аудармайсыздар? Сіздер атқарушы орган, әкімдер алып беруі керек дейсіздер. Бірақ қаражатты бәрібір де республикалық бюджеттен бөлу керек. Сонда ғана біз дұрыс медициналық көмек көрсете аламыз», – деді депутат.
Сонымен қатар нақты дәлел ретінде ол ауруханалар мен емханалардың жағдайын да жайып салды. «Халыққа қолайлы жағдай жасалмаған, қолданыстағы ғимараттар ескі, тозған, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Атап айтар болсам, ШҚО, Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылындағы аурухананың жөнделмегеніне 25 жыл болыпты. Үржар ауданының орталығында емхана жоқ. Үш дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Оның өзінің бірінің ғимаратын алып алғансыздар. Осындай мәселелер қай уақытта шешіледі? Зайсан ауданы, еліміздің шекарасының шетіндегі аудан. Өткен жолы барып емханасын көрдім, тар, бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Ішінде не суы жоқ, кәріз жүйесі жоқ. Адамдар тұрып тұр, шешінетін жері де жоқ. Осыдан кейін медициналық көмектің жоғары деңгейде екендігін қалай айтуға болады? Осы мәселелерді шешетін уақыт болды ғой», –деді Нұртай Сабильянов. Депутат сонымен бірге аудандардағы, ауылдардағы медициналық кадр тапшылығына да тоқталды.
Белсенді депутатымызға мың да бір рахмет! Мәжіліс қарауына түскен кез-келген жобаны талқылау осылай өтуі керек. Бағдарламаны қабылдамас бұрын оны іске асыруға нақты мүмкіндіктер мен негіз бар ма, жоқ па соған бірінші кезекте көңіл бөлінгені жөн. Осы бір маңызды тұсты ескермегендіктен ұрандатып, айқайлатып қабылданған қаншама жобалар іске аспай қалғаны белгілі. «Арыстан айға секіріп мерт болды» дегеннің кебін киіп жүрміз. «Жоямыз!», «Қырамыз!» деген жалаң ұранмен ұшпаққа жетпейміз.
Рас, саланы цифрландыру керек, оған ешкім дау айтып отырған жоқ. Бірақ, сол цифрландыратын емдеу мекемелерінің материалдық базасын алдымен нығайту қажет. Жөні бүтін емханасы, адамдарды қабылдайтын лайықты ауруханасы болмаса интернет өздігінен адамдарды емдемейді. Екіншіден, қазіргі жастар компьютердің құлағында ойнайды дегенімізбен бұл жобаға арнайы дайындық жасау қажет. Үшіншіден, көптеген жерлерде медицина мамандары жетіспейді. Әсіресе, жекелеген педиатр, невропотолог сияқты арнайы сала мамандары алып қалалардың өзінде таптырмайды. Себебі айлықтары мардымсыз. Білікті мамандар жекеменшік клиникаларға немесе бизнес саласына кетіп жатыр. Сондықтан бірінші кезекте дәрігерлердің жалақысын көтеру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзету міндеті тұр. Оған қоса медициналық сақтандыру қорының қаржысын ұрламай, өз мақсатында дұрыс бөлу керек. Қор басқармасы жұмысын бастамай жатып өздеріне 400-600 мыңнан жалақы тағайындағаны дәп осының көрінісі емес пе? Ал, қатардағы дәрігерлер айына небары 50-60 мың жалақы алады. Бұдан кейін қайдағы сапалы медициналық қызмет туралы сөз болуы мүмкін. Төртіншіден, мамандарға деген талапты қатайтып, адам өміріне деген жауапкершілікті барынша арттырсақ ұтылмаймыз. Ал, Біртанов дәрігерлерді жіберген қателіктері үшін жауапқа тартуға қарсы шығамын деп әлеуметтік желіде миллиондаған тұрғындардан біраз сөз естіп қалғанын байқадық. Бесіншіден, жаңа кодексті қабылдағанда осы және кездесетін басқа толып жатқан түйіткілдер түгелдей ескерілгені абзал. Өйткені, бүгін айтпасақ ол мәселе ертеңгі күні міндетті түрде алдымыздан шығады. Ал ең бастысы – көтеретін шоқпарды бойымызға шақтап алғанымыз жөн. Жоғары жаққа жағыну, Елбасының алдында жақсы жағынан көрініп қалу үшін көпіртіп жоспар қабылдаудың қажеті жоқ. Қабылданатын кодекс нақты орындалмаса жалған ережеге айналып, онсыз да жүйкесі жұқарған аурулардың, дәлірек айтсақ бүкіл тұрғындарымыздың босқа басын ауыртатын болады. Дұрыс ем жасамасаңыздар да адамдардың обалына қалып ауруға итермегендеріңіз дұрыс, сонда сіздердің де құлақтарыңыз тыныш болады.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz