Статистика агенттінің экс-басшысы Анар Мешімбаева бостандыққа шықты
2018 ж. 06 ақпан
2804
1
Статистика агенттінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева бостандыққа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Иә, ол Алматы облысындағы Іле ауданы Жауғашты ауылына жақын ЛА 155/13 түзеу мекемесінде отырды. Бүгін оны босатты», - деді комитеттің баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасенов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, 2009 жылы А.Мешімбаевға халықаралық іздеу жарияланған болатын. 2013 жылы оны Мәскеуде ұстап, Қазақстанның тапсырысы бойынша елге қайтарды. Ал 2014 жылы Астана қаласының Есіл аудандық сотының шешімі бойынша А.Мешімбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Агенттіктің бұрынғы басшысы санақ парақшаларын жасауға бөлінген 758 млн теңгені ұрлағаны үшін айыпталды.
Апелляциялық сот алқасы алғашқы шешімді өзгерткен жоқ. Содан оны бірден Алматы облысындағы коллонияға жіберді. 2015 жылы ол рақымшылыққа ілінді. Соның арқасында А.Мешімбаеваның жазасы екі жылға қысқартылды.