Астана әкімдігі «Әбу-Даби Плазадан» 400 адамның қысқарғанын жоққа шығарды
2018 ж. 06 ақпан
2752
3
«Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылысы 2019 жылдың көктемінде толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Астана қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңіз де білесіздер, кеше 62 жұмысшы салынып жатқан «Әбу-Даби Плаза» аумағына кіргізбей қойғаны үшін наразылық танытқан болатын. Бүгінгі күні «Әбу-Даби Плазаның» құрылыс жұмыстарына 4453 адам жұмылдырылған. Оның 3288-і келісімшарт бойынша жұмыс істейтін штаттағы қызметкерлер. Ал оның ішіндегі шетелдіктер - 2428, қазақстандықтар 860 адамды құрайды. Бұған қоса, салынып жатқан нысанда бүгінгі күні 87 субмердігер ұйым жұмыс істейді. Оларда 1165 адам құрылыс жұмыстарына тартылған. 86 ұйым қазақстандық, ал біреуі - шетелдік. Қазақстандық ұйымдарда - 939, ал шетелдік компанияда 226 маман жұмыс істейді», - деді ол.
Оның айтуынша, құрылысы 2013 жылы басталған нысан аяқталуға жақын. Кешенді 2019 жылдың көктемінде толықтай пайдалануға беру жоспарланған.
«Назар аударған болсаңыздар, «Әбу-Даби Плаза» 5 нысаннан тұрады. Оның 4-еуі дайын. ТМД аумағындағы ең биік, технология жағынан өте күрделі соңғы нысаны ғана қалды. Бұл нысан «А» санатына жатады. Сондықтан бұл нысанда жұмыс істейтін ұйымдардың белгілі бір сәйкестік сертификаты болуы тиіс. Яғни, «Әбу-Даби Плаза» нысанының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Осыған байланысты біз қаласақ та, қаламасақ та нысан құрылысы аумағында жұмыстар біртіндеп аяқталатын болады. Құрылыстың қазандық қазу жұмысынан бастап жұмыс істеген адамдар біртіндеп қысқартуға ұшырайды»,- деді Ермек Оспанов.
Оның дерегінше, 4 субмердігер ұйымның нысандағы жұмыс көлемін аяқтаған. Осыған байланысты «Әбу-Даби Плаза» менеджменті 19 қаңтар күні компаниялардың басшылығына жұмыстардың аяқталатындығы туралы ескерту жіберген. Ал олар өз кезегінде жұмысшыларды ақпараттандыруы тиіс болған.
«Жалпы 2017 жылы жұмыс көлемінің аяқталуына байланысты 2866 шетелдік және 4043 қазақстандық жұмысшы қысқарды»,- деді басқарма басшысы.
Еске салайық, еліміздегі жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары «Әбу-Даби Плаза» кешенінің қүрылысына жұмылдырылған 400 адамның негізсіз жұмыстан шығарылғанын хабарлаған болатын.
«Кеше мәселені көтерген - 62 адам. 400, 500 не 600 емес. Керек десеңіздер аты-жөндерін де атап берейік. Біз кеше олармен кездестік. «Нұр Отанға» 400 адам сыймайды. Өздеріңіз де көрдіңіздер. Сол 62 адамның көтерген мәселесінің барлығы да ерекше. Олардан қандай маман, не үшін жұмыстан кетіп жатқаны, осы күнге дейін не істегендігі, ертең қандай жұмыс істей алатындығы туралы толық мәлімет алдық», - деді Ермек Оспанов.