ҰҚК бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевқа екінші үкім шықты
2018 ж. 01 ақпан
3162
2
2018 жылдың 26 қаңтарында Ақмола гарнизонының әскери соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаев пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әскери соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс материалдарында мемлекеттік құпия болып саналатын деректердің болуына байланысты сот отырысы жабық түрде өткен.
Сот үкіміне сәйкес, Дүтбаев Н. ҚР Қылмыстық Кодексінің 380-бабы, 2-бөлімінде («Билікті асыра пайдалану»), 176-бабы, 3-бөлімінің «б», «г» тармақтарында («Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») және 218-бабының 3-бөлімі, 1,3 тармақшаларында («қылмыстық жолмен алынған мүдікті немесе ақшаны заңдастыру») көрсетілген қылмыстарды жасады деп айыпталды. ҚР ҚК 55-бабы негізінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық негізінде жазалау мерзімінің өтелмеген бөлігінің жартысы қысқартылды және 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
ҚР ҚК 56-бабы, 6-бөлімі бойынша тағайындалған жазаны Ақмола гарнизоны әскери сотының 2017 жылдың 24 тамызындағы үкімімен белгіленген жазамен біріктіру арқылы, айыпкерге заңсыз алынған мүлкін тәркілеу, мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқаруға өмірлік тыйым салу және 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
Қалқабаев О.Ш. ҚР Қылмыстық Кодексінің (1997 жылғы редакциясында) 176-бабы, 3-бөлімінің «б», «г» тармақтарында және ҚР ҚК 218-бабы, 3-бөлімі, 1,3 тармақшаларында және 58-бабы, 3-бөлімінде көрсетілген қылмыстарды жасады деп айыпталып, тағайындалған жазаларды біріктіру жолымен 8 жылға бас бостандығынан айыру, заңсыз жолмен тапқан мүлкін тәркілеу, мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқаруға өмірлік тыйым салу туралы үкім шықты.
Дүтбаев Р.Н. ҚР Қылмыстық Кодексінің (1997 жылғы редакциясында) 176-бабы, 3-бөлімінің «б», «г» тармақтарында және ҚР ҚК 218-бабы, 3-бөлімі, 1,3 пункттерінде және 58-бабы, 3-бөлімінде қарастырылған қылмыстарды жасады деп айыпталды және белгіленген жазаларды біріктіру арқылы 8 жылға бас бостандығынан айыру, заңсыз жолмен тапқан мүлкін тәркілеу, мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқаруға өмірлік тыйым салу жазасы берілді.
Үкім заңдық күшіне әлі енген жоқ.