ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған кезекті жолдауын жария етті. Бұл жолғы жолдау «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталған және негізгі он бөлімнен тұрады. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге даму­дың жаңа сапасы қажет. Жаһандық трендтер көрсетіп отыр­ғандай, ол, бірінші кезекте, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс» делінген жолдауда. Ол үшін елімізді индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Кәсіпорындарымызды жаңғыр­туға және цифрландыруға бағыт­тал­ған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет. Оған қоса IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады. Екіншіден, ресурстық әлеуетті одан әрі дамытып, шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтап, кә­сіп­орындардың энергия тиім­ділігі мен энергия үнемдеуге, сон­дай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық та­залығы мен тиімділігіне қойы­латын талаптарды арттыру керек. Үшіншіден, «Ақылды технологиялар» арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі пайдаланып, аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Төртінші бағыт – көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру. Заманауи шешімдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бесіншіден, құрылысқа және коммуналдық секторға жаңа технологияларды енгізу. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек. Алтыншы бағыт қаржы секторын қайта жаңғыртуға арналған. Банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтап, ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік алуға тиіс. Акцио­нерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиіс. Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуы керек. Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді. Жеке тұлғалардың банкрот­тығы туралы заң қабылдауды тездету қажет. Адами капитал – жаңғыру негізі. Бұл туралы жетінші бөлімде көрсетілген. Адамдарымыз­дың жан-жақты дамуы үшін білім беру, әлеуметтік қорғау, денсау­лық сақтау саласы жұмыста­рын жақсарту қажет. Жолдауда тіл мәселесіне де мол орын берілген. Сол сияқты тиімді мем­лекеттік басқаруды жетілдіру, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мен «Ақылды қалалар» бағдарамасын енгізу өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналатыны айтылған.

Зейнолла АБАЖАНОВ

qazaquni.kz