Сағынтаев Елбасы Жолдауына қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді
2018 ж. 11 қаңтар
8459
43
Бүгін 2018 жылдағы Үкіметтің алғашқы отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Елбасының Жолдауына қатысты бірқатар тапсырмаларды жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Сондықтан біз бүгін Жолдаудағы тапсырмаларды орындауға жауапты мемлекеттік органдарды нақтылап алып, маңызды құжатты іске асыру үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдауымыз қажет. Жаңа Жолдау Елбасымыз 2017 жылы жариялаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» тұғырнамасын ары қарай дамытады. Мақсатымыз өзгеріссіз қала бермек. Ол - бүкіл әлемнің жаңа технологиялық құрылысқа көшуі жағдайында ең дамыған отыз елдің қатарына кіру. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарын және ілгері басуымызға бірқатар бағдарламалық құжаттарды дайындады. Жаңа Жолдау атқарушы биліктің алдына «Төртінші өнеркәсіптік революция» ұсынып отырған жаңа мүмкіндіктер мен одан келетін қауіп-қатерлерге еліміздің сәтті бейімделуі үшін осы жылдан қалмай шешілуі тиіс нақты міндеттерді қойып отыр», -деді Б. Сағынтаев.
Осы орайда ол Президент өзінің Жолдауында он негізгі мақсатты белгілегенін және олардың барлығы жақын болашақта жүзеге асырылуы қажеттігін атап өтті.
«Бірінші басымдық индустрияландыру мен жаңа технологияларды енгізуге қатысты. Инвестициялар және даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен бірлесе өнім экспорты мен технологиялар трансфертіне екпін қоя отырып, отандық кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыруға бағытталған жаңа тетіктерді әзірлеуі қажет», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Осы орайда қанатқақты жобаларды айқындап, оларды іске асыруға кірісу жүктелді. Бұл бағыттағы жұмыстарға Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жауапты болады. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен бірге шаралар кешенін даярлауы тиіс. Даму бойынша цифрлық әрі инновациялық шешімдерді даярлау тұрғысындағы шараларға Назарбаев Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптар халықаралық технопаркі қамтылмақ.
Сонымен қатар бұл бағытта заңнамалық түзетулерді қамтамасыз ету тапсырылды.
«Алатау» инновациялық технологиялар паркінің бұдан кейінгі қызметі бойынша Инвестициялар және даму министрлігі Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен, Алматы әкімдігімен екі апталық мерзімде нақты ұсыныстар енгізуі тиіс. Инвестициялар және даму министрлігіне индустрияландырудың үшінші бес жылдығы мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеуге кірісуі қажет. Осы орайда цифрлық технологияларға екпін қойылуы керек», - деді Б. Сағынтаев.