Серік Тұрғынбекұлы: Поэзияның қатпарларына үңілмей, әдебиетті ластап жүргендер көп
2018 ж. 06 қаңтар
7272
0
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық рух пен сананың кемелденуіне, дәстүріміз мен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, төл әдебиетті дамытуға баса назар аударылады. Осы орайда, өзінің лирикалық шығармаларымен қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосып жүрген қаламгерлер жетерлік. Солардың бірі - белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы ұлттық рух, қазақы тәрбие тақырыбында ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.
- Ғұламалардың сөзіне сүйенсек, поэзиядағы рух сана дамуының, қоғамға ықпал ету деңгейінің ең жоғарғы биігінде ғана туындайды. Рас, ұлттық рухтың қалыптасуы жөнінде талай әңгімелер айтылды. Ал әдебиеттегі, қала берді, поэзиядағы рух қайсы?
- Поэзия жасаушы тұлғаны ақын деп қабылдасақ, ол өз кезегінде ұлтына қатысты дүниелерді жырлау қажет. Атамекенің, оның қыр-қатпары өлеңіңде жүрмесе, ақындығың көк тиын. Рух жалпыадамзаттық құбылыс болса, поэзия - әдебиеттің әрлі тармағы. Кез келген өлең жайдан-жай жазыла салмайды ғой. Ойланасың. Айтары бар өлең жазғың келсе, ұлтыңның жағдайына қарайсың, жете алмай тұрған кемістіктерін көресің де, өлеңнің алдына нақты мақсат қоясың. Ол жақсы шықты ма, әлі де шикі ме, оның бағасын оқырман бермек. Бастысы, сол өлеңдегі рухтың мәнін сезіне білуіңде. Халыққа жақын, қызмет ететін өлең осылай шығады. Әйтпесе, көп білгішсымақтар «өлең ел үшін жазылсын, мемлекетке пайда әкелсін» деп айтудан басқа әріге бармайды. Егер туындым әдебиеттен алыстап, ғаламторға қамалған жастарға рухани азық бола білсе, сол арқылы олардың бойындағы намысты оятып алсам, менен бақытты ақын бар ма? Шын ақынның бақыты халқының бағасында жатыр.
- Бір сұхбатыңызда «Қазақты Кеңес үкіметінің шеңгелінен әдебиет алып шықты» депсіз. Ал қазіргі техногендік ғасырда қазақылықты қалай сақтап қаламыз? Әдебиет қандай рөл атқарады?
- Бостандыққа жету жолында талай тұлпардың тұяғы, қыранның қияғы тозды. Сол кезеңде туған топырақты тулақ етпеу, асыл адамдарымыздың абыройын түсірмеу міндеті тұрды. Тағдыршешті қилы уақытта әдебиет те өзіндік серпін берді. Шынында да біз әдеби шығармалардың септігімен көп нәрседен аман қалдық. Мен мұны сенімді түрде дәлелдеп беремін. Сол уақытта рухты ақындарымыз бен жазушыларымыз болмаса, мәңгілік тұңғиыққа кетіп қалар едік. Қазақтың салт-дәстүрлері, тіл мен діл, төл әдебиетіміз мәңгілікке қызмет етуі тиіс. Мұны Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында қадап айтты. Қазіргі жаһандану кезеңінде жойылып кетуден аман қалуын ойлаған әрбір халық алдымен өзінің байырғы рухани-тектік қасиеттерін мейілінше жаңғыртып, осы арқылы заманауи ғаламдық бәсекелестікке төтеп бере алу жағын ескергені жөн. Біз бүгінгі жыландай жұтынып тұрған мына ғасырда қазақтығымызды сақтап, ұлт ретінде жойылып кетпей, қалай аман қалмақпыз? Бұл сұрақ бәрімізді мазалайды. Меніңше, ұлттық кодты жаңғыртып, бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы жасалуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ ұлттық рухты бойына сіңіруі тиіс. Өз басым өлеңдерімде ана тіліміздің, еңсесін әрең көтеріп келе жатқан ұлттық рухымыздың жағдайын көрсетуге тырысамын. Айналадағы саяси өзгерістер де біздің назардан тыс қалмақ емес. Нағыз ақын ұлттық рухпен ғана ақын. Ал өлеңінде мінезі жоқ, жағымпаз, тек марапат пен атақ іздеген ақындарды халықтың өзі шетке ысырып тастайды. Одыраңдаған одашылар қаптады. Өлеңдерін үш қайталасақ та ұқпайтын ақындар бар. Мадақтарының бәрі - шылқыған өтірік! Пайдакүнемдікке тосқауыл болатын - рух. Соны түсінейікші. Кеңес одағы кезінде жұрттың киер киімі бүтін, ішер асы жеткілікті болды. Ештеңеден таршылық тартқан жоқпыз. Ал рухани, тіл мен дәстүр жағынан теперіш көрдік. Қызыл империяның қол астында болса да халықтың бойындағы рух күшті еді. Сол күштің, жоғарыдағы айтқан мықты әдебиетіміздің арқасында елдікті алдық. Асқақтығымыз бен қайнаған намысымыз жастарды алаңға алып шықты. Жұрттың жүрегіне жылу берді. Өңмеңнен өткізердей өктем сөз бар еді. Мысалы, қазақ тарихындағы қайталанбас тұлғалардың бірі Өзбекәлі Жәнібек соқыр жүйенің астында тұрып-ақ, ұлттық идеяны, мұраны жүзеге асырды. Сақтады. Мінез көрсетті. Ілияс Омаров, Нұртас Оңдасыновтардың ерлігін бүгінгі жастар білер ме екен? Дінмұхамед Қонаев сондай азаматтардың бетін қайтарып тастамай, керісінше, дем беріп отырды. Бұл жеке бастың емес, бүтіндей бір қазақ ұлтының қамы үшін екенін жақсы түсінді.
- Жұрт түсінбейтін өлеңдер қаптап кетті деп қалдыңыз. Бәлкім, мұны поэзияның жаңашылдығы деп қабылдаған дұрыс шығар?
- Әрине, тыңнан түрен салып жүрген ақындар жетерлік. Ал поэзияның қатпарларына үңілмей, әдебиетті ластап жүргендер қаншама? Кезінде сөзінен гөрі өзіне көңіл аударту үшін, ерекше құбылыс жасаймын деп, онысы жасандылыққа айналып, бұлдыр, түйсіксіз өлеңдер жазып, әуре болған ақындардың біразын білемін. Тілдің жұтаңданып бара жатқанына өзім қатты алаңдаймын. Өзге ұлттардан ауысқан сөздерге де әуес болып барамыз. Содан кейінгі бір мәселе - жеңіл тақырыпқа бой ұрып кеттік. Бұлдырлатып жазатындарға жақсылап түсіндірсек, қара өлеңнің бағасын өздері-ақ ұғынар еді. Мен жиындарда, түрлі әдеби отырыстарда үнемі осыны айтып отырамын. Ауыр, кәдімгі сағыз шайнағандай созыла беретін өлең көбейіп барады. Құр жалаң сөз, құрғақ ой - өлең емес. Ол - әдебиеттің лайы. Абай мен Сұлтанмахмұт өлеңдерінің басты тақырыбы - ұлттық мүдде. Өлеңнің пәлсапалық ойы, ұлттық бояуы мықты болмаған кезде, халықпен бірге өмір сүре алмайды. Кейде бір өлеңді ұстап тұруға бір тармағы жеткілікті болады. Қазақ әдебиетінде алпысыншы жылдары жаңа, жарқын леп пайда болған кезде бір ақынның «шуақтап жүрмін, шуақтап тұрмын, шуақтап отырмын» деген шумақтарына үлкен әдеби талас болғаны есімде. Бәлкім, ол ерекше өрнек әкелем деген шығар. Кейін, ол өлеңнен біржола кетіп, өз жолына түскенін естідім. Мұндай ақындар қазір де бар. Мәселен, Мұқағалидің өлеңдерін жалпақ жұрт сүйіп оқиды. Неге? Өйткені, ол түсінікті жазды. Жұмекен де оқырманға ойын тамаша жеткізді. Кеңшілік те солай. Оның толғамдарындағыдай мінез қазіргі жас ақындардың өлеңдерінен көрінсе ғой дейсің.
- Еңселі ел болудың жолына түстік. Әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да жас ұрпақтың қолында ғой. Осы тұста қазақи тәлім-тәрбиеге тоқталыңызшы. Жастар елдің рухани бағытына түсті ме?
- Қазіргі таңда барлық білім ордаларының алдында «кімді оқытамыз?» «қалай тәрбиелейміз?» «қандай маман даярлаймыз?» деген сұрақтар тізіліп тұр. Әрине, мамандарды шетелдерде дайындауға немесе көп ақша беріп, өзімізге алдыртуға болады. Бұл да бір шешім. Алайда, сол түлеп шыққан қызметкер қазіргі таңда ел тұтастығын, дәстүрлерімізді, тіпті дербестігімізді сақтап қалуға қаншалықты үлес қоса алады? Негізгі мәселе осы болып тұр ғой. Рас, қазір рухани құндылықтар материалдық құндылықтарға қарағанда әлдеқайда төмен тұр. Үстіңе киген қымбат тоның бір күні тозар. Темір тұлпарың қаңылтырға айналар. Мәңгілік ештеңе жоқ. Ал рухани дүниелер мәңгілік дер едім. Кейбіреулер нарық заманында сол рухани байлықтар тиын-тебенмен өлшеніп кетпей ме деп ойлайтын шығар. Онымен келісеміз. Бірақ бәрі санаға байланысты. Әрі қарай тарқата берсек, Абай орнатып кеткен гуманизм, халқының тарихы мен салт-дәстүрін білетін, шет тілдерін меңгерген, өзінің ойы мен істеріне жауап бере алатын білікті мамандар қажет. Осы мақсат кез келген оқу орнының жастарды тәрбиелеу ісінде басты назарда болу керек деп есептеймін. Міне, осы тетіктер бір арнаға түссе, рухани құндылықтар да бірте-бірте өз ұясына қонады. Қазақ халқы әр нәрсеге байыппен қараған ғой, бәлкім, «анау жоқ, мынау дұрыс емес» деп жастарға кінә таға берген де оңды іс емес шығар. Сәл күтейік. Барлығы өз орнына келеді әлі.
- Сұхбатыңызға рақмет.