ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ
2017 ж. 31 желтоқсан
3344
7
Өткенде редакцияға соқсам, Қазақтың үнін айтып, мұңын мұңдап, жырын жырлап келе жатқан «Қазақ үні» газетіміздің биылғы жылғы соңғы нөмірі жасалып жатыр екен. «Өткен жылға өкпе жоқ» деген мақалаға көзім түсіп кетті. «Жыл қорытындысын жасап жатсыңдар ма?» -деп едім, бас редактор Құлтөлеу Мұқаш бастаған редакция қызметкерлері: «Иә, «Өткен жылға өкпе жоқ» деп қойдық тақырыбын. Басқа-басқа, сіздің өкпеңіз жоқ шығар өткен жылға» деп күлді.
Шынында да, өткен жылға өкпе жоқ, құдайға шүкір. Алаштың 100 жылдығын тойладық атымыздың жеткен жеріне дейін. Әлемге сауын айтып, ЭКСПО-ны екпіндеп өткіздік. 77 жыл кириллица қорасында қалған Әліпбиімізге рухани тәуелсіздік алдық.
Өз басыма келсем, ең басты айтарым, Моңғолияның астанасы Ұлан Батыр қаласында өткен Дүниежүзі ақындарының поэзия фестивалы мен Әлем ақындарының 37 конгресіне қатысып, табысты оралдық. Әлемдік шараны ұйымдастырушылардың айтуынша Қазақстан әлемнің 40 шақты елінен ұзын саны 300-ге жуық ақын қатысқан мұндай дүниежүзілік дүбірлі бәйгеге бірінші рет қатысып отыр екен. Қазақстаннан барған Ұлықбек Есдәулет ағамыз бастаған бірнеше ақын ЮНЕСКО-ның Əлемдік өнер жəне мəдениет Академиясының академигі атандық. Бұған дейін бұрын Қазақстанда бұл аталмыш айтулы академияға мүше болғандар болған емес екен. Бұл әйгілі ƏЛЕМДІК ӨНЕР және МӘДЕНИЕТ АКАДЕМИЯСЫ АҚШ-та құрылған, ЮНЕСКО-ның аясындағы ұйым. Офис-орталығы Францияда, Президенті Маурис Янг.
Әлемнің 40 шақты елінен 200-ден аса ақындар бас қосқан бұл аламанда ағылшын тілінде «ӘЛЕМ ПОЭЗИЯСЫ-2017 антологиясы» кітабында өлеңім мен өмірбаяным жарық көрді. Айта кету керек, Әлем ақындарының таңдамалы жинағына қазақ ақыны тұңғыш рет кіріп отыр.
Сонымен бірге «Қазақ журналистикасының қайраткері», «Ұлт қайраткері» атақтары берілді қоғамдық ұйымдар қалауымен. Белгілі қайраткер-қаламгер-қайраткер ағамыз Марат Тоқашбайға көп рахмет. Алаштың 100 жылдығында 20 мыңнан аса адамның талқылауымен 100 адамның ішінде «Алаш арыстарының 100 ізбасары» медаліне ие болдық. Ал қазақтың ұлы ақыны Төлеген Айбергенов атындағы медальге ие болу қандай мәртебе екенін ақын-жазушылар жақсы біледі, Аллаға шүкір.
Жылдың басында Бейбарыс бабамыздың билеген елі Мысырда болсақ, жылдың аяғында Құбылай ханмен бірге Мұқылай бабамыз қазығын қағып, Ханбалық атаған, айдаhар ел Қытайдың астанасы Бейжіңде дүниежүзілік дүбірлі жиында болдық. «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев екеуміз Әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының форумына қатыстық. Қытайда қамауда отырған 112 қазақтың тізімі бар хатты Қытайдың Сыртқы істер вице-министрі дәрежесіндегі шенеунікке тапсырдық. Азат Перуашев 120 елден жиналған 600 делегатты Алаштың 100 жылдығымен құттықтап, Алашорда туралы баяндама жасады.
Сонымен бірге тағы бір қуанышты хабар - келесі 2018 жылы 125 жылдығы өтетін Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабайұлы оқуларын өткізу туралы "Ақ жол" партиясы фракциясының депутаттық сауалын Үкімет мақұлдағанын айтуға тиіспіз.
Алаштың 100 жылдығы демекші, Алаштың Батыс бөлімшесі орналасқан Батыс Қазақстан облысындағы Жымпитыға тағылымы зор сапар жасап, Жаханша Досмұхамбетов мұражайында болғанымды бір ғанибет тұтамын.
Алаштың 100 жылдығына арнап "Ақ жол" партиясы ұйымдастырған "Алаш арманы - Тәуелсіз Қазақ Елі" атты халықаралық мүшәйрамыз Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында дүркіреп өтті.
«Сыр –Алаштың анасы» дегендей, Рухани жаңғыру аясында Қызылордада өткен Халықаралық жыр фестиваліне қатысып, Сыр елі – жыр елінде шабыттанып өлең оқып, қанаттанып қайтқаным да, рухани бір серпіліс болды.
Бір адамға аз емес осындай рухани жетістіктерімізді ойлап, Аллаға мың да бір шүкір дейміз.
2017 жыл күнтізбесінің соңғы парағын жыртып, кіріп келе жатқан Жаңа жылымыз жақсылықтар жылы болсын! Алла жар болып, Жұлдызымыз жарқырай берсін! Әр күніміз шуақты, денсаулығымыз қуатты болсын! Мерекелі де, Берекелі жыл болғай!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz