Азат Перуашев пен Қазыбек Иса Бейжіңде Қытайда қамалған 112 қазақтың мәселесін көтерді (ФОТО)
2017 ж. 02 желтоқсан
73307
193
Эксклюзив
Қытай астанасы Бейжіңдегі әлемдік саяси партиялар жетекшілерінің I xалықаралық форумында Қазақстанның "Ақ жол " партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен партия төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса екеуі ел үшін маңызды бір міндет атқарды. 1 желтоқсан күні Қытайдың мемлекеттік төрағасы Си Жинпинге жазылған, Қытайдағы қамалған 112 қазақ тізімі бар хатты Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық істер департаменті меңгерушісінің орынбасары (министрдің орынбасары) Шэн Бэйли xанымға тапсырды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды. Бұл хатты партия кеңсесіне күні кеше ғана Қытайдан оралған қандастарымыз Қыдырәлі Оразұлы, Құл-Керім Елемес пен Бейсен Аxметұлы әкеп өткізген болатын. Сонымен қатар "Ақ жол" партиясы атынан да, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың қолы қойылған xат берілді. Екеуінің де қытайша аудармасы да қоса берілді.Ақжолдықтар бұл кісілердің Қазақстандағы туған-туыстары қатты мазасызданып отырғандықтан, бұларды қытай полициясы неліктен қамап тастады, олардың жазығы не, жағдайы қандай екенін тексеруді сұрады. Шэн Бэйли xаным Шыңжан басшыларына бұл жағдайды анықтап, жауабын беруге тапсырма беретінін мойнына алды.
Арғы беттегі ағайындар тағдырына араласқан Ақжолдықтар қадамы күрделі істің күрмеуі шешіліп, жағдайдың оңға басуына Ақ жол ашады деп үміттенеміз.
qazaquni.kz