Қазақстанның сыртқы қарызы 167,9 млрд долларға жетті
2017 ж. 23 қараша
4818
19
Ұлттық банк қазіргі уақыттағы сыртқы қарыздың көлемін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметовтің айтуынша, 2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы қарызы 167,9 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Оның ішінде 7,9 пайызы немесе 13,2 млрд доллар мемлекеттік сектордың, 3,7 пайыз немесе 6,2 млрд доллар банк секторының, 25,2 пайыз немесе 42,4 млрд доллар басқа да секторлардың, қалған 63,2 пайызы немесе 106,1 млрд доллар фирмааралық секторлардың қарызы.
«Мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы халықаралық қаржы нарығына шығарылған еркін еврооблигациялардың құнының өсуіне байланысты және Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноталарына резидент емес тараптардан сұраныстың артуына байланысты 0,4 млрд долларға көбейді. Банктердің (екінші деңгейлі банктер мен «Қазақстанның даму банкі» АҚ) сыртқы міндеттемелері 1,0 млрд АҚШ долларына азайды. Оның ішінде, қазіргі сыртқы қарыз бен еврооблигацияларды жоспарлы түрде өтеу бар», - деді ол.
Алпысбай Ахметов фирмааралық қарыздардың 1,8 млрд АҚШ долларына дейін көбеюінің себебін түсіндірді. «Мұнай-газ жобаларын қаржыландырудың жалғасуына әрі инвесторлардың алдындағы дивиденттермен қарыз сыйақыларын өтемеу себептеріне байланысты фирмааралық қарыздар 1,8 млрд АҚШ долларына дейін көбейді», - деді ол.