ҚАРЖЫ САЛАСЫ «СОЗЫЛМАЛЫ СЫРҚАТЫНАН» АЙЫҒА АЛА МА?
2017 ж. 15 қараша
2427
6
БІЗДІҢ БАНКТЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ ЕШҚАНДАЙ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ
Соңғы кезде біздегі қаржы саласы тағы да тұйыққа тірелген сыңайы бар. Парламент Мәжілісінде мемлекеттік аудитті іске асыру және оның жұмысын жетілдіру тақырыбында өткен Үкімет сағатында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов аудиттік тексерулердің нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда қаржылық сәйкессіздіктер 2 есеге артқанын айтып дабыл қақты. Осылай кете берсе жыл соңына дейін ол 2,5 есеге артуы әбден мүмкін. Ал, Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы РБК банктің тұралаған жағдайын түзету үшін қосымша қомақты қаржы құю керектігін айтты. Осыған қарап қаржы саласының салы суға кеткенін байқауға болады. Ия, әлемнің әміршісі бұрынғыдай еңбек емес, ақша болып түрған бүгінгі нарық жағдайында қаржыны қалай болса солай шашуға мүлдем болмайды. Оның әрбір тиынын мақсатты жұмсау аса маңызды. Өкінішке орай, бізде дәп осы жағы жетіспейді. Еліміздегі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға жыл сайын миллиардтаған ақша бөлініп келеді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, сол қаржының қомақты бір бөлігі жылда игерілмей қалады. Ал, оны тікелей орындауға міндетті облыс әкімдері мен салалық министрлер бюджеттік қаржыға деген жауапкершіліктен жалтарып, бұл істі орынбасарлары мен департамент басшыларының мойнына ілмекші. Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов осындай жобаны бекітіп алу үшін Мәжіліс депутаттарының алдына алып келіп, халық қалаулыларының қаһарына іліккеніне де куә болдыңыздар. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша осы жылдың 9 айының көрсеткіштеріне сәйкес, тексерілген жалпы көлемі 1,4 трлн. теңгенің 40 пайызы бойынша ірілі-уақты қаржылық заң бұзушылықтар анықталған. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 30 пайызды құраған екен. Айта кетелік, аудиттік тексерулер саны бұрынғымен салыстырғанда 2017 жылы18 есеге азайтылған. Соған қарамастан аудит нәтижелері бойынша 13 материал құқық қорғау органдарына одан әрі заңдық негізде қылмыстық құрамын тексеруге берілген. 2017 жылдың өзінде ғана 597 млрд. теңгенің, ал соңғы 2 жыл ішінде 1 трлн. теңгеден артық сомаға бұзушылықтар анықталған. Кемшілктерді өз еркімен жойғаны үшін шамамен әрқилы деңгейдегі 30 мың лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершіліктен босатылған. Ведомство басшысының атап өтуінше, құқықтық жауапкершілікке тарту тәжірибесі көрсеткендей сыбайлас жемқорлық көбінесе құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларда жиі және тұрақты байқалады екен. Келтірілген деректер қаржының игерілмей қалуынан басқа ұрланып жатқанын да білдіреді. Сол халық ақшасының жұмсалуын қатаң бақылаудың орнына бірінші басшылар бастарын жауапкершіліктен ала қашуда. Бюджеттен бөлінетін ақшалардың бәрі Үкіметтің ұсынысымен Мәжілісте бекітіліп, мақұлданады. Одан кейін түрлі банктер арқылы жобаны іске асыруға тиісті аймақтарға, салалық мекемелерге аударылады. Енді сол еліміздегі екінші деңгейдегі банктердің де жағдайы мәз еместігін көріп отырмыз. Жалпы қаржы саласы бізде екі аяғынан бірдей ақсап жатыр десек қателеспейміз. Ақша жүрген жерде әйтеуір бір былық шыға келетіні үйреншікті көрініске айналды. Қаржылық заң бұзушылық тікелей жемқорлықпен байланысты екені жасырын емес. Бұрындар да бірқатар банктердің басына бұлт үйірілгенін білеміз. Бұл жолы «Delta Bank» қызметі сотпен мәжбүрлі түрде тоқтатылмақшы. ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков «Delta Bank» АҚ-ның банктік және өзге де операцияларды жүргізуге, құнды қағаздар нарығында қызмет атқаруға арналған лицензиясының қайтарылып алынуына қатысты БАҚ өкілдеріне берген жауабында бірнеше себептер айтылды. Бірінші кезекте, несиелік тәуекелдерді басқару бойынша ішкі процедуралардың жеткіліксіздігі, тұрақсыз қаржылық жай-күйдің орын алуы, сонымен қатар сапалы кепілмен қамтамасыз етілмеген несиелер бойынша өтеу мерзімі өтіп кеткен берешектің айтарлықтай шамадан тыс өсіп кетуі түрткі болған. "Мәселен, 2017 жылдың 1 қазанында өтеу мерзімі өтіп кеткен займдар банктің қарыз қоржының 99,7 пайызын, яғни 314,8 млрд. теңгеге жеткен», - деді ол. Оның айтуынша, лицензиядан айыру туралы шешім қабылданған кезде банктің корреспонденттік есепшоттарында және кассасында небары 215,1 млн. теңге ғана қалған. Ал, дәл осы кездегі депозиторлар мен кредтиорлар алдындағы өтеу мерзімі өтіп кеткен міндеттеме сомасы шамамен 79,8 млрд. теңге болған. Осыған байланысты Ұлттық банк ұзақ уақыттан бері «Delta Bank» АҚ менеджерлерімен және акционерлерімен ашық әңгіме жүргізіп, банкке қаржылық қолдау қажет екендігін ескертіп келген. Алайда банктің ірі акционерлері банкке қаржылай қолдау көрсетпеген. "ҚР Ұлттық банкі төрағасының 2017 жылғы 2 қарашадағы №402 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалып, сотпен тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады», - деді Олег Смоляков. ҰБ төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, 3 қарашадан бастап клиенттердің және банктің есепшоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылған. Тек өкілетті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінде көзделген шығыстармен байланысты банкке түсетін ақшаларды аудару ғана жүргізіледі. «ҚР Ұлттық банкі белгіленген заңнамалық тәртіппен сотқа банк қызметін мәжбүрлі түрде тоқтату туралы арыз берді», - деді ол. Бұған қоса, ол аталған банк жеке тұлғалардың депозиттерін міндетті кепілдендіру жүйесіне қатысушы екендігін ескертіп өтті. Оның дерегінше, теңге түріндегі депозит бойынша кепіл берілген сома 10 млн. теңгеге дейінгі, ал шетел валютасында 5 млн. теңгеге дейінгі соманы есепке алады. Осыған байланысты депозиторларға белгіленген тәртіппен кепіл берілген сома өтеледі. Оған да шүкіршілік деге тура келеді. Банкке сенім артып тапсырған, жылдар бойы жиған-терген қаржысынан қарапайым салымшылар қол үзіп қалмаса болғаны. Ал, аталған сомадан жоғары ақша салғандар оңбай ұтылуы ғажап емес. Еліміздегі ең ірі қаржы ұйымдарының бірі - РБК банкі. Оның да қоржынының түбі көрініп, Ұлттық банк РБК банктің жағдайын түзеуге ақша құятын болды. Бұл туралы Үкімет отырысында Данияр Ақышев мәлімдеді. Клиенттерінің алдында міндеттерін атқара алмай қалған банктің күйін оңалтуға Үкімет, Ұлттық банк және бірқатар инвесторлар үш жақтап кірісіп кеткен. Бір сөзбен айтқанда Ақышев РБК-ны сауықтандырып алғысы келеді. Сөйтіп салымшылары мемлекет басшысының арызданған банктің мәселесін шешуге Үкімет пен Ұлттық банк білек сыбана кірісіп кетті. Бірінші кезекте банктің оңды-солды таратқан 600 млрд. теңге проблемалы несиелер қоржынын қайта толтырмақшы. – Банк проблемалы несиелерінен құтылады. Оңалу Ұлттық банктің бұған дейін берген несиесі, квазимемлекеттік ұйымдардың қаржысынан және инвестор құятын 160 млрд. теңге есебінен жүреді. Банк жақын арада проблемалы несиелер портфелін жояды,- деді Ұлттық банкі төрағасы. Негізгі инвестор - «Қазақмыс» корпорациясы. Балтыры сыздаған банктің дертін басқа ұйымдар емдемекші. Банктың бүгінгі жағдайы әсіресе қатардағы салымшылардың бас ауруына айналды. Бұның барлығы РБК-да 188 млрд. теңге жиған-тергені бар 28 мың азаматтың қамы үшін жасалып жатыр дейді төраға. Ұлттық банк РБК-ға 240 млрд. теңге беруді қарастырып отырған көрінеді. Ал аталған 600 миллиард теңге несие бойынша сараптама жүріп, оның қортындысы құзырлы органдарға жіберілмек. Байқап отырғанымыздай осы тектес жағдай қаржы саласында жылда қайталанады. Жылда миллиардтаған қаржыны банктердің жағдайын жақсартамыз деп солардың қоржынына құямыз. Не үшін? Алымшыларға жоғары үстеме тағайындағаны үшін бе? Оның қайтарымы қайда? Бұл сұрақты Мәжіліс отырысында депутат Аманжан Жамалов ашық қойды. Сол сияқты теңгенің тағдырын валюта нарығындағы ойыншылар, алып-сатарлар шешетінін де алға тартты депутаттар. Халық қалаулылары сауалды орынды қойып отыр. Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаржыны игермегендердің апшысын қуырып жатамыз. Ал, миллиардтаған қаржыны алып, оны жылдар бойы бетімен таратқан банктердің басынан сипаймыз. Бұл қалай болғаны, банк халықтың қандай тентектік жасаса да кешіріммен қарайтын еркетотай баласы ма? Мәжіліс депутаттарының бұл сауалына орай КТК телеарнасына берген сұхбатында қаржыгер Сапарбай Жұбаев Ұлттық банк бағаға бақылау жасамай, еркіндікке жіберген теңгеге қатысты тек шектен шығып бара жатса ғана шара қолдануға міндетті деген ойын білдірді. Тіпті банктер алып-сатарлар еместігін айтып, оларды жанталаса қорғаған кәсіби қаржыгерлерге қарсы дау айту қиын шығар. Дегенмен баға еркіндіке жіберілді деп жайбарақат қарап отыруға болмайды. Оның шектен шыққан кезінде қайта-қайта қаржылай көмек беруге неге халық міндетті? Бүйте берсек банктер өз білгенін істеп, мүлдем еркінсіп кете беретін болады. Сондықтан қаржылай көмектің орнына халыққа лайықты қызмет көрсете алмаған банктерді жабу қажет. Енді қаржыгерлер мен банкирлер айтатындай, банктер алып-сатар еместігіне тоқтала кетейік. Турасын айтайық, біздегі заңдастырылған бірінші алып-сатарлар дәп осы - банктер. Мысалы Халықаралық даму банкінен немесе өзге де шетелдік банктерден Үкімет кепілдігімен біз - 1, әрі кетсе 3 пайызбен қарыз алады екенбіз. Ал еліміздегі жеке және заңды тұлғаларға несие бергенде неге ол 15-20 пайызбен беріледі? Кейбір банктер "ішкі қызметін" қосқанда немесе айыппұлын бірге есептегенде ол 50 пайыздан асып кетеді. Айырмашылығы бар ма? Бар. Сол үстеме пайыздан түскен ақшаны шетелдік банктерге беріп жатыр ма? Жоқ, осыншама пайыз өздерінің қалтасына түсіп жатыр деген сөз. Ең бастысы, сонда олар кімді қанап жатыр? Әрине, шетелдіктерді емес, өз халқын сорлатып отыр емес пе?! Үкіметтің, Ұлттық банктің оларға қанша пайызбен қаржы беріп жатқаны халық үшін құпия. Ол туралы ресми түрде бір ауыз сөз де айтылмайды. Айналып келгенде қарапайым халық қарызға батады. Екіншіден, осы мәселенің басым бөлігі қаржыны қалай болса солай таратудан туындап отыр. Сонда банкирлер біздің халықтың бәрі шетінен миллионер деп ойлағаны ма? Кәсіби маман ретінде ішкі экономикалық және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын алдымен зерттеп, саралап алмай ма? Үстеме пайызбен байып отырған өздері шығар, бірақ қарапайым халық жетіскенінен несие қамытын кимейді. Олар көбіне баспаналы болу үшін немесе басқа да бір күнделікті қажет затқа деген аса мұқтаждықтан қарыз алады. Соны түсінбей ме банкирлер. Түсінгенде қандай! Қарызды сот арқылы болсын айыппұлымен қоса түбінде бір қайтарып аларын олар жақсы біледі. Тіпті бұл олар үшін тиімді де. Сонда осының бәрін көріп, банктерге қаржылай қолдау көрсетіп отырған Үкіметті қалай түсінсек? Әлде олар да халықты қанауды жөн деп санай ма? Банкирлердің тойымсыздығында шек жоқ. Содан да адамдар қарызын өтей алмай өздеріне қол жұмсап жатыр. Біреулер асылып өліп жатса да оларға маса шаққан құрлы әсер етпейді. Үстеме пайызбен ақша табу ғана олардың ойы. Ал, біздегі заң бойынша банктер халыққа неғұрлым лайықты қызмет көрсетуі керек деген қағида қайда қалды? Үшіншіден, біз Батыстан ұран етіп алған қаржы нарығындағы ашық бәсеке мен соның нәтижесінде бағаның, банк жағдайында пайыздық үстеменің төмендейтіндігі туралы заң қайда? Қаржы саласында банк дегендеріңіз жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Ауызда айтылғанмен сол ашық бәсеке жоқ, ширек ғасырда тым болмаса соның шетін де көрмеппіз. Қай банк пайыздық мөлшерлемесін бәсекеге байланысты төмендетіпті. Ешқайсысы! Осы жерде осыншама пайдасыз банктердің керегі қанша деген сұрақ туындайды. Қарызға белшесінен батып, жалғыз баспанасынан айырылған жұрт құқық қорғау орындарына, депутаттарға, Бұқаралық ақпарат қралдарына, тіпті Елбасының тура өзіне арызданып жатады. Арызданушылар банк жүйесінің жүгенсіз кеткенін бірауыздан айтуда. Сондықтан бұқараның басым бөлігі стратегиялық маңызы бар салаларды (жер, су, қуат көздері, банк, қазба байлықтар т. б.) тікелей мемелекеттің қарамағына көшіру орынды дейді. Түрлі тауар өндірісі мен шағын және орта бизнестің өзі жетіп жатыр жекеменшікке. Бұл ұсыныс та негізсіз емес. «Банк немесе тағы да басқа пайдалы нысандардың негізгі иелері қалтасын қалыңдатып жоғары жақта отырғанындықтан ондай түбегейлі өзгерістің болуы мүмкін емес, оған жол бере қоюы екіталай. Сондықтан бүгінгі орын алып, өзіміз бастан кешіп отырған жағдайға мойын ұсынбасқа амалымыз жоқ» -дейді енді біреулер. Бұл пікірді де жөнсіз деп айта алмаймыз. Кім қандай ой-пікір білдірсе де ерікті, бізге қаржы саласының сауығып, халық алдындағы беделі өсіп, тұрғындарға лайықты қызмет көрсеткені керек. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz