АРЫС ПОЛИГОНЫ АЖАЛ СЕУІП ТҰР!?.
2017 ж. 13 қараша
18943
12
Обалы не керек, ҚР Конституциясында мемлекеттің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп әдемі келтірген.
Ия, сөз басын былай бастауымыздың себебі бірер адамның өмірі, денсаулығы ғана емес, бүкілдей бір қаланың келешегі болмақ. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс қаласында шамамен 50 000-дай халық тұрады. «Жұмыс тауып бер» деп билікке алақан жайып отырған да жайы жоқ. Жұмысы барлар жұмыста, жұмысы жоқтар өз күндерін өздері көруде. Арыс қаласының жанынан сонау екінші дүниежүзілік соғыс кезінен жер астына жиналған оқ дәрі баршылық, «жетеді». Әрине, мерзімі өткен ондай қарулар қазіргі заманда түкке де алғысыз. Жойылып отыруы керек. Жойғанда бірталай химиялық элементтен тұратын мұндай снарядтардың ішінде бағалы заттардың барлығы да рас. Міне, осы заттардан ақша жасап отырғандар да бар. Мұның барлығы да сонау 2009 жылы Наурыз мерекесінің алдында бүкіл елге белгілі болған жойқын жарылыстан соң ғана анықталды.
Сол кезде белгілі болғанындай әлгі оқ дәрілер ішінде 122 мм снарядттар көп болып келеді екен. Әрине қазіргі көзі ашық балалар арқылы ғаламтордан жоғарыда аталған снарядтар құрамын табу қиын да емес. Сөйтсек... Сөйтсек осы снарядтар құрамы вольфрам мен уран деген химиялық элементтерден де тұрады екен. Яғни, адам ағзасының ең бірінші жаулары. Әрі бұл химиялық элементтер ауадан ауыр болып келетінін кез келген көзі ашық пенде біледі. Арыс қаласы терең, қазан шұңқырға орналасқан. Ал ары кетсе, сол Арыс қаласының шет жағынан 700 метрдей жердегі биікте бөтен адамды жолатпайтын полигон тұр. Міне, сол аймақтан күндіз-түні толассыз атылып жатқан снарядтардан шыққан улы заттар Арыс қаласының жұтар ауасымен бірге енеді екен ағзаға.
Соңғы жылдары Арыс қаласы халқының арасында жер бетіндегі барлық ауру келіп орныққандай, сау адам жоқтың қасы. Тіпті 40 жастан асқан азаматтардың жартысы әртүрлі ауруға шалдықса, 50 жастан асқандардың денінің сау болуы екіталай.
Арыс-теміржолшылар қаласы. Қазіргі кезеңде теміржолда жұмыс жасайтын, яғни жолаушылар тепловозын айдайтын жас машинист, болмаса машинист көмекшілерін күндіздің өзінде шырақ жағып іздеп, тауып алуың да екіталай. «Қан қысымы жоғары», бүйректегі тас, инсульт алу, әйел, ер бедеулігі, әсіресе, еш емі жоқ айықпас жаман ауру – рак Арыс қаласын жаулап алған. Тіпті соңғы кезде жасы 20-25 жас аралығындағы жастар «бауыр құрт» деген диагнозбен облыстық емханаларда ота жасап жатады бірінен кейін бірі. Қысқасы Арыс тұрғындарының мектепті бітіргендер мен келместің кемесіне аяғын салғандар арасының 75 пайызы аурушаң пенделерден құралып отыр соңғы кезде.
Бұл жерде қандай да бір креслода отырған Арыстық кез келген шенеуік сол полигон туралы жария ете алмайтын екі жағдайды атап өтпесек, тағы да болмайды.
Біріншісі, әлгі снарядтарда уран мен вольфрамнан басқа құны доллармен өлшенетін металдар да жеткілікті саналатыны жасырын болмай қалды. Міне, снарядты залалсыздандырып болған соң әлгі металдар жиынтығы жиналып белгісіз жаққа жөнелтіліп отырады екен. Ал оның иесі қалада да емес, облыс орталығында да емес, сонау Ақордада отырған тойымсыз бір шенеуік. Полигон туралы мейлі әкімге, мейлі құқық қорғау орындарына шағым айтар болсаң, барлығы да ат тондарын ала қашатыны да жасырын емес. «Ат, тон» былай тұрсын Арыс қаласы мен Сырдария өзені аралығындағы жартылай шөлейтті жерге «қаңғырып», аяғына кірер шөңгеге де қарамай, безіп кеткенін дұрыс санайды олар? Ешқайсысы да сонау төбеде отырған шенеуіктің қаһарына ұшырап, өз орынтақтарынан айырылып қалғысы жоқ екендігі екібастан аян, Онсыз да ары кетсе, кабинеттерде 4-5 жыл «отырар» бұл «шөпкетышарлар» осындағы отырықшыл халық денсаулығын қайтсін?
Екіншісі аудан көлеміндегі емхана, поликлиника басшылары, СЭС. Ауырған адамдарды статистикада төменгі деңгейде көрсету.
Осы жағдайдан денсаулығын бұзып алғандар емханаға жатуға да «қалталары» көтере бермейтіндіктен (белгілі дүние ғой) далбасалап, «арзанға» келісер тәуіп-емшілерді жағалап жүргені сол. Өз ауруына байланысты керекті ауруханасына жата қалған жағдайда, бірер арзанқол дәрілерді көрсететіні рас сол ауруханада. Ал аурудың өзі қаражат шығарып, керекті қымбат дәрілер тізімін «сықсиып» күтіп отырғаны терезе алдынан өтер туысын қарайлап. Әттең, әлгі ауырған адам жазылып шыққан соң оншақты күннен кейін қайта оралып, өзінің «ауру тарихына» көз салар болса, бұрын есітпеген де, көрмеген де дәрілер тізбегін көріп, көзі шарасынан шыққандай болары сөзссіз де!
Бірақ қала әкімінің жылдық есебінде «Бәрі жақсы, бәрі тамаша, Арыс халқы көркейіп келеді» дегендерді тыңдағанда «Хабар» арнасын көріп отырғандай әсер аласың тіпті.
Әу баста, сонау 2009 жылы Арыстағы алғашқы жарылыс екі адамның өмірін қиып кетсе, сонан бергі 2014 жылы тағы екі адам, 2015 жылы бір азамат о дүниелік болып кетті. Әлі алдымызда не болатыны бір Аллаға ғана аян. Қысқасы жоғарыда отырған тойымсызға бүкіл қала халқының денсаулығы мен адам өлімдерінен өз қалтасына түсер қаражат анағұрлым бағалы.
Әдетте полигон дегенің елді мекендерден алыс, жердің шетінде, желдің өтінде орналасуы керек қой. Ал Арыстағы "ажал" қоймасы бар полигон жердің шетінде емес, желкемізде тұр... Тіпті алғашқыда қала үстінде төніп тұрған осы полигон орынын қаладан алыстау бір жерге апармақ та болды. Алайда сол жұмыс орынына жұмысшыларды алып бару, алып қайту, және де залалсыздандырылған снаряд ішінде қалар бағалы металды сатылымға шығару, яғни Арыс қаласындағы теміржол вагондарына тиеу біраз «шығынға» батырады екен әлгі тойымсызды. Қысқасы, үнемдік керек, үнем жасау керек. Бір елді мекен адамдарының құны көк тиынға да тұрмайды екен ол үшін.
Егер де Қорғаныс министрлігіндер осы полигонды қаладан алыс бір жаққа алып кетпесе, бұл Елбасы айтып отырған «2050 жыл бағдарламасына» қарсылық болып табылады! Ал келешекте Арыс қаласында сау адам қалмауы бек мүмкін!
Әуелхан НАЗАРҚАСЫМҰЛЫ
Арыс қаласы
Оңтүстік Қазақстан облысы
qazaquni.kz