Қазақстанда Назарбаевтан да жоғары кім?
2017 ж. 24 қазан
18316
45
Біз, қазақ халқы, кез-келген халықтың жер бетінде жеке этнос ретінде Жаратушы құдіреттің өзіне берген табиғи болмысын сақтай алса ғана қалатынын түсіне алмай келе жатырмыз. Табиғи болмыс дегенде халықтың діні, тілі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, ішіп-жейтін тамағына дейін жаратушы Ұлы Құдіреттің сол халықтың өмір сүріп жатқан табиғи ортасына қарай ылайықтап беретінінен көпшілігіміздің хабарымыз жоқ. Соның салдарынан бүгінгі күні қазақ халқы өзінің дәстүрлі діні мен мәдениетінен алшақтап бара жатқан жайы бар. Оны ұзаққа бармай-ақ, ұлттық санамыз бен рухани-мәдени болмысымыздағы болып жатқан өзгерістерге қарап-ақ көруімізге болады. Бүгінгі қазақ пен кешегі қазақтың арасында ат пен түйедей айырмашылық бар. Кешегі қазақ «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы» дейтін болса, бүгінгі қазақ өзім аман болсам, отбасым аман болса, басқада не жұмысым бар? – деген түсінікте. Елдің де, жердің де тағдырымен жұмысы жоқ, тоғышарлық сана еңсені басып алған. Керек десең, елдің, жердің мүддесін қызметтік міндетіне сай қорғауға тиіс кез-келген шенеуік елдің, жердің мүддесін емес, өзі отырған креслоның мүддесін ойлаудан аса алмайды. Бұл ұлттық сананың қаншалықты тоқырауға түскендігін көрсетеді. Ал, рухани-мәдени өмірдегі өзгерістерді, алысқа бармай-ақ, кешегі кеңес өкімет кезеңіндегі қазақ болмысымен салыстыратын болсақ, қазіргі қазақ рухының қаншалықты азғындағанын көруімізге болады. Кешегі тереңнен қозғайтын ән-жырдың орнын мәнсіз-мағынасыз ширпотреб басты. Бұрын жүректі қозғап, рухымызға қозғау салатын жырларымыз көбіміздің жүрегімізді селт еткізбейтіндей дәрежеге төмендеді. Осының бәрі қазақ рухының қаншалықты азғындағанын көрсетіп тұратын сиқырлы айна десе болғандай. Қазақ рухының мұншалық азғындауына ықпал етіп отырған түрлі факторлар бар. Бірақ, сол факторлардың ішінде қазақ рухани болмысының құлдырауына ықпал етіп отырған уаххабилік-салафилік ағым десек артық айтқандық емес. Елімізге тәуелсіздікпен бірге келген уаххабилік ағымның халық санасын жаулағаны соншалықты, қазіргі күні қазақ өзінің дәстүрі діні мен діни танымынан ажырай бастаған жайы бар. Бұл ертеңгі күні біртіндеп қазақ мәдениетін де халық санасынан ығыстырады. Сөйтіп, қазақ халқы тарихтан кетеді. Бұл адамзат тарихында сан мәрте қайталанған қасірет. Өкінішке орай, бұл қатерді біздің халық та, осы мәселемен айналысушы құзырлы органдар да сезініп отырған жоқ. Олардың көңіл аударып отырғаны діни экстремизм мен діни радикализмнің алдын алу. Ол да дұрыс. Алайда, одан да қатерлі, адам санасына жасалып жатқан шабуылдың болашақта тигізетін зардаптарын сезінбеу, ескермеу саяси көрсоқырлық десе болады. Ең өкініштісі – халықты осындай сырттан келетін түрлі діни, рухани, мәдени ықпалдан сақтандыру мақсатында арнайы қабылданған Мемлекеттік тұжырымдаманың ескерусіз қалуы десек артық айтқандық емес. Сөзіміз жалаң болмас үшін сол Тұжырымдаманың өзіне кезек берелік. 1996 жылы 15 шілде күні Қазақстан Республикасының Президентінің (№ 3058) «Қазақстан Республикасындағы этникалық мәдени білім тұжырымдамасы» туралы өкімі жарияланды. Ол тұжырымдамада Қазақстан халқының өтпелі кезеңде өзінің дәстүрлі мәдениетінен ажырап қалмау мәселесі жан-жақты қарастырылған еді. Енді осы тұжырымдамада көрсетілген шарттарға кезегімен тоқталып көрелік. Бірінші тұжырым: Аталған идеяны жүзеге асырудың негізгі шарттары мыналар болып табылады: білім беру мен мектептің ұлттық бастауларын дамыту ...».
Екінші тұжырым: Этникалық мәдени білім берудің негізгі міндеттері ретінде мыналар ұсынылады:
Жан-жақты мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу: тұлғаның өзінің төл мәдениетіне сай болуына және өзге мәдениеттерді игеруіне жағдай жасау.
Үшінші тұжырым: Халықтың этникалық мәдени сәйкестігі өз тарихында, мәдениетінде болған оқиғаларды білу, қалыптасқан рухани құндылықтарға адалдық, ұлт қаһармандарын қастерлеу нәтижесінде құрылады. ...
Төртінші тұжырым: Жан жақты мәдениетті тұлға бедерлі тарих иесі. Нақ осы сана этникалық та, жалпы мемлекеттік те сананың негізі болып табылады. Ұлттық менталитетті, этностың мыңдаған жылдық тарихында қалыптасқан аңыздарды, нышандарды, бейнелерді, ұғымдарды тек халық тарихын білу арқылы ғана тануға болдады. ...
... Дін халық рухының ажырамас бөлігі, адамгершілік және эстетикалық маңызы зор діни құндылықтардан хабарсыз халықтың білімі шала, кем болады.»
Осы тұжырымдаманың әр тармағында халықтың рухани-мәдени болмысын сақтаудың негізгі шарттары көрсетілген. Егерде осы тұжырымдамада көрсетілген шарттар сақталғанда, біздің дінімізге де, мәдениетімізге де ешқандай қатер болмаған болар еді. Өкінішке орай, ол тұжырымдамаға пысқырған адам болмады. Әрине, бұл тұжырымдамада айтылған мәселелердің қазіргі күні мешіттерде айтып жатқан діни уағыздарға қаншалықты қатысы бар деуі мүмкін. Мәселенің бәрі діни уағыздардың қазақтың дәстүрлі діни танымы негіздерін шайып, оның орнына жаңа қазақ болмысына сай келмейтін танымды қалыптастыруында болып отыр. Соның салдарынан қазіргі күні қазақ халқы үшін бәрінен де жастардың діни
танымның өзгеріске түсуі, қазақы болмыстан алшақтауы қауіпті құбылысқа айналып бара жатыр. Әрине, ол қазір елімізде жүріп жатқан діни рухани үдерістермен тікелей байланысты. Қазіргі күні қазақтың көпшілігі жастардың қазақтың дәстүрлі діни танымынан ажырап, араб дәстүршілдігі бағытына қарай бет бұрғанын сезіне бермейді. Араб дәстүршілдігі мен қазақтың дәстүрлі діни танымы арасындағы қайшылықты сезінбеген жастар қазақтың рухани мәдени болмысын жоққа шығаруда. Ең өкініштісі, сол қазақтың дәстүрлі діни танымына қарсы күрестің басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұруы жағдайдың одан ары ушығуына себеп болуда. ҚМДБ уағыздап жатқан діннің дұрыс-бұрысын, ақ-қарасын ажарата алатын көнекөз қариялардың азайып бар жатуы да, жығылған үстіне жұдырық болып тұр. Сол себептен қазақтың дәстүрлі дінінен хабарсыз қазірігі жас буынның «Соқыр тауыққа бәрі бидай» деген сияқты ҚМДБ уағызшылары мен имамдарының айтқандарын талғаусыз жұтып, саналарына сіңіруі заңдылық деп айтса болады. Әсіресе, мешіттерге барып намаз оқып жүрген жастар арасында қазақтың дәстүрлі діни танымына қарсы теріс көзқарас қалыптасқандығына өткен ораза айында куә болдық. Әулие десе, рух, әруақ десе, «Аллаға серік қосу» деп шоршып түсетін жастардың саны мешітке баратындардың санының 90 пайызға жуығын қамтып отыр десек, артық айтқандық емес. Уаххабилік-салафилік ағым соңына еріп жатқандар да осы мешітке баратын жастар арасынан шығып жатыр. Ал, қазақ халқының дәстүрлі діни танымы тариқат жолы-сопылық жол негізінде қалыптасқаны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ол жолда рух, әруақ, әулие діни сенім мен танымның негізін құрайды. Оны жоққа шығару – қазақтың діни-рухани сенімі мен танымын жоққа шығару. Қоғамдық қатынасты реттеуді Йасауи жолы түркінің көнеден келе жатқан салт-дәстүріне беріп, Ислам шариғатынан Иман негіздеріне байланысты тек бес парызды қабыл еткені, діни жол-жоралғының қалған рухқа қатысты бөлігі сопылық таным негізінде қалыптасқандығынан қазіргі біздің имамдар мүлде хабарсыз. «Бұлардың барлығы дінге қосылған жаңалық, бидғат» деп қабылдайды және сол таным шеңберінде қазақтың дәстүрлі діни танымымен күресіп келеді. Олардың шариғат деп ұстанып отырғаны араб дәстүршілдігі. Басқаша айтқанда, араб қоғамындағы шариғат шеңберінде ислам діні уағыздалуда. Оған сай келмейтін таным-түсініктің барлығы жоққа шығарылып, мансұқ етілуде. Осының салдарынан қоғамның діни танымға қарай жіктелуі қауіпті деңгейге жетті. Тағы да қайталап айтамын, бұған біздің жақында ораза айында жүргізген бақылауларымыз толығымен дәлел бола алады. Қазақ қоғамы қазіргі күні намаз оқитындардың өзі әруақты, әулиені мойындамайтын және тек, араб дәстүршілдігі негізінде қалаптасқан шариғатты қабылдап, әруақты, әулиені мойындағандарды «Аллаға серік қосушы» деп есептейтіндер болып, бір бөлінсе, намаз оқтитын, намаз оқымайтын немесе діндар, діндар емес болып жіктелгендігі анықталып отыр. Сөз жалаң болмас үшін бір-екі мысал келтірейік. Ораза күндерінің бірінде Түркістан маңындағы бір ауылда жекжатымыз ауыз ашарға шақырды. Ол ауылдағы намаз оқитындар да, ауыз бекіткендер де кілең жастар екен. Дастархан үстінде ел біле жүрсін деген ниетпен қазақтың дәстүрлі дініне қатысты ерекшеліктеріне, әруаққа, әулиелерге қатысты әңгімелерді айтып отырдым. Әруақ пен әулиеге қатысты әңгімелерге келгенде жаңағы намаз оқып жүрген жастардың түсі бұзыла бастады. Бірі «Сонда сіз бізге Қожа Ахмет Йасауиге барып жәрдем сұра, Аллаға серік қос деп тұрсыз ба? – деп, орнынан атып тұрды. Онымен қоса тағы төрт жігіт соңынан өре түрегелді. «Алдымен сөзді соңына дейін тыңдап алыңдар. Ұнамаса, ұнамаған жерін айтарсыңдар» деген сөзіме ешкім құлақ асқан жоқ. Дастарханнан өре түрегеліп, шығып кетті. Тура осындай жағдай сол күннің ертесіне, Түркістанда, көршіміздің үйіндегі аузашарда қайталанды. Әулиелерге қатысты әңгіме айтып отырған ауыл ақсақалдарына «жын-шайтанның жетегінде жүрген сорлылар» дегенді айтып, бір жас жігіт дастархан басынан безе жөнелді. Бұл айтылған жекелеген фактілер болса, өткен Құрбан айт күні өзім куә болған мына бір жағдай, мені жағамды ұстауға мәжбүр етті. Айт намазын үйге жақын жердегі мешітке барып оқыдым да, алдымен Әзірет Сұлтанға құран оқып қайтайық деп, Қожа Ахмет Йасауи атамыздың басына бардық. Барғанда өз көзіме өзім сенбедім десем болады. Осыдан он бес-жиырма жыл бұрын орталық мешітке айт намазына барған он мың шамасындағы кісілердің 99 пайызы әулиенің басына келіп құран оқып кететін болса, биылғы жылы бары-жоғы жүз қаралы адам болды. Бізден кейін де кісілер бірлі-жарым келіп жатты. Бұрындары ішке сыймаған халық кесенені айнала отырып, құран оқитын. Сол жерлердің өзінен орын табу қиын болатын. Ал, қазіргі күні соның бірі жоқ. Бұл халық санасындағы діни танымның күрделі өзгеріске түскенінің көрсеткіші. Әулиені, әруақты жоққа шығаратын халықтың қалыптасып үлгергендігінің нақты дәлелі. Енді мұның соңы қазақтың рухани-мәдени болмысында күрделі өзгерістер болады деп күте беруге болады. Қазақтың әруаққа қатысты діни әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде күрделі өзгерістер болмақ. Бұл қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінен ажырап, тарихтан кетуінің басы деп түсінген дұрыс.
Ал осы жағдай қалай қалыптасты? Қалыптастырған кім деген? – заңды сұрақ туындары анық. Оған жауап біреу – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Мешіт имамдары «Аллаға серік қосуға болмайды» - деп сарнаса, А.Сманов, А.Қуанышбаев сияқты уағызшылары әулиелермен, әруақтармен арпалысты. Сол әруақтарды асқақтата жырлаған Базар жырау сияқты асылдарға жын жетектетті. Пірдің соңына ергендерді кәпірге теңеді. Әулиенің басында отырған күтушілерді «Шырақшы деген есекбастар бар,» - деп шабынды. «Әулиенің басында барып, қой сойсам болады ма? – деген сұраққа, «Өзіңді сойсаң да қабыл болмайды,» - деген дәлел айтты. Ал, интернет сайттардағы материалдарды оқыған адамның әулие мен әруақты қадірлемек түгіл, аузына алмайтынына иманым кәміл.
Енді сол сайттардағы кейбір материалдарға аз-кем сараптама жасап кетелік. «Ал-Ханафийа» деген сайт бар. Сол сайттағы мына материалға назар салып көрелік: «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы һижраның 1434 жылы - «Жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың?!» (Дайындаған «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы) Кітап Түркістандағы, Бекет Ата қабіріндегі, басқа да жерлердегі қабірлерге, әруақтарға, әулиелерге, жалған қасиетті орындарға және киелерге сиыну рәсімдері жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық етуді насихаттайтын Ислам дініне қайшы келетінін Құран мен Сүннет мәтіндеріне және ханафи мәзһабының ғалымдарының сөздеріне сүйеніп, ғылыми түрде дәлелдеп береді және сол жерлерде орын алып жатқан келеңсіз құбылыстардың көпқұдайшылық және дінбұзар мәнін түсіндіреді. Кітап қалың оқырманға арналған.»
Кітаптың кіріспесіне қарап-ақ кітапта не туралы баяндалатынын түсінуге болады. Кітапта қазақтың дінге қатысты бар салт-дәстүрі жоққа шығарылады. Осы сайтта жарияланған екінші бір кітаптың мазмұны бұл кітаптан ары болмаса, бері емес. Кітаптың авторы: Шейх Мұхаммед Сұлтан Масуми. Кітап «Шейх Мұхаммед Сұлтанның Жапония мұсылмандарына сыйлығы немесе мұсылман төрт мазхабтың біреуін ұстану міндетті ме?» деп аталады. Таза салафилік бағытта. Мазхабтарды, сопылық тариқаттарды жоққа шығару. Бұдан басқа да қазақ, орыс тілдерінде қазақтың дәстүрлі діни танымына қайшы қаншама кітаптар бар. Бұл сайттардағы мұндай материалдарға көңіл аудармай отырған «Дін істері және азаматтық қоғам» министрлігі сарапшаларына таңым бар. Мұндай сайттардың бір емес, қаншамасы бар екенін, олардың халық санасын қалай улап жатқанын айтып жатудың өзі артық. Және бұл сайттар мен ҚМДБ арасында сабақтастық жоқ деп ешкім айта алмайды. Өйткені, мешіт имамдарының уағыздары мен сайтта жарияланған материалдар арасында сабақтастық барлығын жоққа шығару мүмкін емес. Оның үстіне ҚМДБ-ның ақидаға қатысты ұстанып отырған ресми бағыты Тахауи ақидасы. Имам Тахауиды мың жерден Ханафи мазхабы өкілі етіп көрсеткенімен, оның шафиилерге баратыны, Ханафи мазхабының сенімдік жағын араб дәстүршілдігі, салафилік тұрғысынан түсіндіргенін анықтау көп күшті қажет етпейді. ҚМДБ-ның ұстанған бағытының араб дәстүршілдігіне негізделгенін тағы жалғастыра беруге болар еді. Көзі ашық оқырманды бұдан қинағымыз келмеді. Ендігі кезекте ҚМДБ-ның қазақтың дәстүрлі дініне, сопылыққа көзқарасы қандай деген сұраққа жауап беріп көрелік. Сырттай қарағанда ҚМДБ сопылықты қолдайтын сияқты және қай сопылық жолды қолдайды? Мәселе осында.
Муфтиаттың уағыз бөлімінің басшысының орынбасары Наурызбай Құрбанұлының сопылыққа орай берген сұраққа жауабында «Сопылық Құран мен Хадиске қайшы келмейтін болса, дұрыс деп айтуға болады» - деген сырғытпа жауабын көрдік. Ол сопылық жолдың ешқашан Құран мен Хадиске қайшы келмейтінін түсінбейтін сияқты. Осы сияқты пікірді кезінде А.Қуанышбаев та айтқан болатын. Алайда, бұл сырғытпа жауаптардың артында олардың ашып айта алмай отырған мәселесі бар. Ол бұл жердегі сопылық араб дәстүршілдігі аясына сияды ма, қайшы келмейді ме? – дегенді ашық айтуға батылдары жете бермейді. Өйткені, халық та ақымақ емес. Неге олай деген сұрақты қоюы мүмкін. Бұл ҚМДБ-ның өзінің ұстанып отырған бағытының қазақ халықының рухани-мәдени болмысына сай келмейтінін ашып айта бермейтінін байқатады. Оның үстіне олар «біз Ханафи мазхабын ұстанамыз деп» жалаулатып жүргенін бәріміз білеміз. Олардың ұстанған жолы Ханафи мазхабы емес, араб дәстүршілдігі екендігін сан мәрте дәлелдеп жаздық. Сондықтан бұл мақала шеңберінде де қайта қозғауды жөн санап отырғанымыз жоқ. ҚМДБ-ның Ратбек қажы Басқарма басшылығынан кеткеннен бастап, осы күнге дейін қазақтың дәстүрлі діни танымына қарсы күрескеннен басқа, қазақтың дәстүрлі діни танымының негізі болып табылатын сопылықты қуғынға салғаннан, соңдарына шам алып түскенінен басқа ешнәрсесін көрген емеспін. Кезінде уаххабиліке қарсы тұрған жалғыз күш «зікіршілерді», тышқан мұрнын қанатпаса да, жетекшілері Исматулла қаримен бірге соттатып тынып еді. Енді келіп Құрбанәлі шайхты нысанаға алып, ол кісіні де қуғынға салмақ ниетте екендігін көріп те, біліп те жүрміз. Сөйтіп, ҚМДБ мамандары шамалары келсе сопылық жолды тамырымен жұлып тастамақ ниетте. Жоғарыда аты аталған Наурызбай Құрбанұлы сопылық таным негізінде ортағасырларда, Алтын Орда дәуірінде жазылған шығармалардың бәрін құрту керек деген пікірде. «Олар шиалық идеяны уағыздайды. Олардан құтылмасақ, ертең мына халықты қайтадан бұзады»- дегенді мешіт қызметкерлері алдында айтқаны Ютуб сайтында, ФБ-да жарияланған болатын. Бұл ҚМДБ-ның қазақтың дәстүрлі дінін тамырымен қопарып тастау ниетінде екендігін көрсетеді. Егерде ҚМДБ-ның осы жоспары іске асатын болса, онда қазақ халқын тарихтан кетіретініне күмәндарыңыз болмасын. Мен мұны түркі-ислам тарихын зерттеген маман ретінде дәлелдеп бере аламын. Алтын Орда мемлекетінің күйреуінен бастап, Евразия кеңістігіндегі түркілердің этникалық жіктелуі, хандықтардың күйреп, тарихтан кетуі, Ресейге бодан болуы түркінің дәстүрлі діні – Йасауи жолынан бас тартуымен тікелей байланысты болды. Қазақ халқының «қазақ» деген атауды алуының өзі йасауийа тариқатынан бас тартпағандығына байланысты қойлып еді. Қазақ халқының таралу аймағын айқындаған да Йасауи жолы, Йасауи мәдениеті. Йасауи мәдениеті бар жерде қазақ деген халық бар. Йасауи мәдениеті жоқ жерде қазақ мәдениеті жоқ. Бүкіл қазақ жерін алып жатқан әулиелі жерлер болса, сол жолды, сол мәдениетті таратқан, жайған Йасауи жолы өкілдері-әулиелердің қабірлері. Олар өздері
бұл дүниеден кетсе де, қабірлерінің өзі қазақтың елі мен жерінің тұтастығын қорғап жатыр. Оларға қарсы күресу – қазақ халқына, мемлекеттігіне қарсы күресу екендігін түсінетін кез келді. Сол үшін де Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әулиелі жерлердің маңызына арнайы тоқталып еді. Енді осы құжаттан қысқаша үзінді беріп кетейік:
«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.
Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.
Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды.
Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.
Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.
Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.». Елбасы осылай дейді. Ал, біздің қазақ руханиатын көздің қарашығындай қорғауға тиіс ҚМДБ, керісінше, сол рухани құндылықтарды жою жолында жанталасып жатыр. Оның орнына араб дәстүршілдігін халық санасына тықпалауда. Араб дәстүршілдігі мен уаххабилік-салафилік арасында сенімдік жағынан да, танымдық жағынан да айырмашылық жоқ екенін ескеретін болсақ, онда ҚМДБ-ның кімнің дирменіне су құйып жүргенін, мешітке барған жастардың неліктен уаххабилік-салафилік уағыздар қармағына тез түсетінін түсіну қиын емес. Және олардың әулиелерге, әруақтарға қарсы жүргізіп жатқан жұмыстары нәтижесіз еместігін нақты мысалдармен көрсете отырып, дәлелдеп бердік. Алайда, мен бұл айтылғандарды ҚМДБ білместікпен істеп отыр деп айта алмаймын. Біледі. Өз бағыттарының қазақтың дәстүрлі діни танымына қайшы екендігін де сезеді. Бірақ, алған бағыттарынан қайтатын түрі жоқ. Әйтпесе, біздің тарапымыздан 2015-2016 жылдары Дін істері комитетіне қайта-қайта хат жазып жүріп, ҚМДБ имамдарын Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет жанынан арнайы курс ашып, қайта дайындықтан өткізу мәселесін қарастырғанбыз. Өкініщке орай, бұл жоспар іске аспай қалды. ҚМДБ да келіскендей болып, университетпен меморандумға қол қойылған болатын. 2016 жылдың күзінен басталады деген курс басталмады. Бір белгісіз күш тоқтаттырып тастады. Егерде осы осы жоспар іске асқанда біз бұл мақала жазылмаған да, ҚМДБ имамдары қазақтың рухани-мәдени болмысына қарсы күресін жалғастырмаған да болар
ма еді? Бірақ бұл жоспар орындалмас арманға айналды. Қазақ халқының дәстүрлі діні мен діни танымын, мәдениетін жоюды жоспарлаған белгісіз ықпалды топ, елдің діни-рухани тұтастығын қайта қалыптастыруға бағытталған жоспардың жолын кесті. Біз бұған әрине, ренжідік. Сөйтсек, біздікі жәй ойыншық екен. Өткен жылғы жаздағы Ақтөбедегі қанды оқиғадан кейін Президент Н.Ә.Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінде уаххабилік-салафилік ағымға тыйым салу керектігін қадап айтты. Президенттің бұл бастамасын бүкіл халық болып қолдады. Жер-жерден Президент атына уаххабилік-салафилік ағымға тыйым салу туралы хаттар ағылды. Оның нәтижесі қалай болғанын әрбір қазақ пен қазақстандық біледі. Уаххаби-салафилер әлі түк болмағандай өз жұмыстарын атқарып жатыр. ҚМДБ да сол бағытынан тайған жоқ. Өзіне қарасты сегіз медресе мен бір университетте араб дәстүршілдігіне негізделген оқу бағдарламасымен мамандар дайындап, қазақты болашақта да есін жиғызбай, өзің дәстүрлі дін мен мәдениетінен қол үздіруге бағытталған жұмыстарын жүргізуде. Ал, шетелдерде дайындалып жатқан мамандары өз алдына.
Осыншама мәселелерді қозғай отырып, мен біз сұраққа жауап таппадым. Ол – Ел Президентінің де сөзін құлаққа ілмейтін, қазақ халқының халық ретінде тарихтан кетуіне мүдделі болып отырған кім? Мүмкін жауабын сіздер білерсіздер, құрметті ағайын!
Зікірия Жандарбек, т.ғ.к.
Қазақ үні