ҚАМШЫЛАСАҢ ШАБАН АТ ТА ШАБА ЖӨНЕЛЕДІ
2017 ж. 13 қазан
2606
4
«Елімізде бензин тапшылығы жоқ!» деп айды аспанға бір-ақ шығарған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет басшысының шамына тиіп өзіне сөгіс сұрап алғандай болды. Энергетика министрі ақыры Елбасынан сөгіс алып тынды. Қаһарына мінген премьер-министр жанармайға тікелей жауапты Бозымбаевтың орынбасарын қызметінен қуды. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басшылары да жазасыз қалған жоқ.
Ал бұл салаға басымен жауап беретін шенеуніктер жайлы орынтақтарынан айырылғанына қарамастан жүргізушілер жанармай тапшылығынан әлі көз ашар емес. Көптеген қалаларда жанармай бекеттеріндегі кезек тарқамай, талондық жүйе енгізіліп, бензин бағасы да шарықтап шыға келді. Қазір бағаны әркім қалауынша қойып жатыр.
Еліміздегі бензин тапшылығы қазір өзекті тақырыпқа айналған. Сол үшін премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында күн тәртібіндегі мәселеден бұрын жанармайдың жайын алдымен талқыға салды. Бұған дейін Энергетика министрі тапшылық жойылып, баға тұрақталады деп қанша уәде бергенімен, жағдай әлі оңалар емес. Керісінше ушығып барады. Оның үстіне жауапты министрлік үш мұнай өңдеу зауытының екеуі жөндеуге жабылатынын білсе де, жанармай тапшылығына алдын ала қамданбаған болып шықты.
Үкімет мүшелерін тәртіптік жазаға Президент ғана тарта алады. Сол үшін бүгін Қанат Бозымбаевқа қатаң сөгіс жариялау туралы Елбасыға өтініш жазамын. Ал, вице-министрге қатысты шешім қабылдау менің құзыретімде. Сондықтан, жанармайға жауапты Энергетика вице-минитрі Әсет Мағауовты қызметінен босатамын, – деді Бақытжан Сағынтаев. Бұл жолы Бас уәзір әдеттегідей қорқытып-үркітіп қана қойған жоқ, айтқанында тұрды. Соған қарағанда жүзі жылы көрінетін басшы қаһарына мінсе, ешкімнің бет-беделіне қарамайтынын көрсетті. Өте дұрыс, алғашқы күнен бастап қамшыны қолға алып, тізгінді тартып ұстау қажет еді.
Мұнайлы мемлекет бола тұра, тапшылықтың болуын халық та түсінбей дал. «ҚазМұнайГаз» болса, бензин жетіспеушілігін толығымен мойындап отыр. Айтуларынша, Ресейден жанармай импортын арттырып жетіспеушілікті жоюға болар еді. Бірақ, ондағы баға біздікінен әлдеқайда қымбат. Осыны айтамын деп «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев та «сыбағасын» алды. Бұл жолы Премьер бензинге жауаптылардың бір сөзіне де иланған жоқ. Бәрін сыныққа айтар сылтауға санаған Бақытжан Сағынтаев жұмысына салғырт қараған атқамінерлерді аямады. Таяқтың ұшы «ҚазМұнайГаздың» басшыларына да тиді. Сауат Мыңбаев қатаң сөгіс алса, орынбасары Данияр Берлібаев тіпті қызметімен қош айтысты. Бүгінгі күні облыстар жанармай тапшылығын әлі де сезінуде. Премьерден сөз естіп тынған Бозымбаевтың айтуынша, қазір жанармай тек Астана, Алматы, Қызылорда мен Атырау қалаларына ғана жеткізіліп жатыр. Қалған өңірлерде ахуал сол күйі ушығып тұр.
– Осы қараша айынан және келесі желтоқсан айынан бастап бағалар тұрақталуы тиіс. Ал, қаңтар айынан бәрі дұрыс болса, екі зауыттың жаңғырту жұмыстары нақты бітсе, онда қаңтар айынан бастап 100 пайызы біздің зауыттан қамтамасыз етілетін болады, – деп ақталды Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Министрді дұрыс түсінсек еліміздегі жанармай жетіспеушілігі осы айда әлі сақталады деген сөз. Тіпті, бензин бағасы әлі де өсуі мүмкін. Үкімет басшысы тек бензинге жауаптыларды ғана емес барлық министрлерді ұйқыдан оятып, әркім өз жұмысы үшін басымен жауап беретінін қатаң ескертті.
«Қазақ үні» газеті жұмысын атқара алмаған әкімдер мен министрлерге барынша қатаң шара қолдану керектігі жайлы тұрақты жазып келеді. Міне біздің сөзіміз де Бас уәзірдің құлағына жеткен секілді. Басынан сипағанмен шенеуніктердің қимылы ширамайды. Бақытжан Сағынтаев осы қарқынынан таймаса, басшылар жағы енді қимылдай бастайды. Қамшыласаң шабан ат та шаба жөнеледі деген сөз бекер айтылмаған ғой...
ЕКІ ЖҮРГІЗУШІНІҢ ӘҢГІМЕСІНЕН:
– Бүгін бензинге кезек жоқ қой?!
– Енді кезек болмайды, тәртіп орнайды!
– Қойшы, не боп қалды?
– Энергетика министрі Елбасынан қатаң сөгіс алды емес пе?
– Оны орнынан біржолата қуып жіберу керек еді...
– Неге, обал ғой.
– Министрді қуып жібергенде, бензиннің бағасы да арзандар ма дегенім ғой...
qazaquni.kz