Елiмiзде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Астана медиа апталығына 100-ге жуық продакшн студия қатысып отыр. Бұл туралы апталық барысында журналистерге берген сұхбатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрi Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
Абаев: Астана медиа апталығына 100-ге жуық продакшн студия қатысып отыр
2017 ж. 04 қазан
1539
2
«Біздің телеарналар продакшн компаниялардың контенттерін зерделеу жұмыстарына белсене қатысқанын қалаймын. Қазіргі уақытта продакшн компаниялардың телеарналар басшылығына шығу өте қиын екендігін де білемін. Көптеген кезеңнен өтуге тура келеді. Ал бұл шара телеарналармен және студиялармен тікелей сұхбаттасу мүмкіндігі. Бүгін продакшн студиялар өз өнімдерін бізге тікелей таныстыра алады», - дедi министр.
Сонымен қатар, Дәурен Абаев БАҚ өкілдерінің отандық продакшн студиялардың өзге елдермен салыстырғанда қаншалықты дамығандығына қатысты сауалға жауап берді.
«Менің ойымша, ресейлік брендтермен салыстыру дұрыс емес. Нарық мүлдем басқа. Бүгінгі шараға 93 продакшн студияның қатысып жатқанына таңғалдық. Бізде мұншалықты көп студияның бар екендігін де білмедік. Сондықтан да бұл шара аталған саланың дамуына тың серпін берері сөзсіз», - дейдi Абаев.
Министрдің айтуынша, Қазмедиа орталығы дамудың алғашқы кезеңінен табысты өтіп, бүгінде барлық студиясы жұмыс істеп тұр.
«Енді бұл жұмыстарға көршілеріміз, серіктестеріміз белсене қатысқанын қалаймыз. Бізге шетелдiк серіктестеріміз келіп, осынау алаңды, студияларды фильмдер түсіруге пайдаланғаны жөн болар еді. Бұл өзара іс-қимылға жақсы болады. Әрине, оның барлығы ақылы негізде жүргізіледі. Біз Қазмедиа орталығын одан ары дамытуға мүмкіндік береміз», - деп түйiндедi Дәурен Абаев.