Дін қоғам үшін әркез өзекті мәселе болып қала бермек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәстүрлі ислам дұрыс жол екенін үнемі көрсетіп келе жатқанына қарамастан, ел арасына іріткі салатын теріс ағымдар да бой көрсетіп жатыр. Былтырғы Ақтөбедегі қанды қырғын еліміздегі жат радикалды ағымдардың әлі де болса қарқынды күшке ие екенін аңғартса керек. Осыған орай ҚМДБ имамдардың білімін көтеріп, сауаттын арттырып, қоғаммен жұмыс істеуге дәйім көңіл бөліп келеді. Осы ретте білікті маман, ҚМДБ Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры Кенжеәлі Мырзабай baq.kz тілшісіне сұхбат беріп, өзекте мәселелерге қатысты сауалдарға жауап берген екен. Аталмыш сұхбатты "Қазақ үні" оқырмандарына да ұсынуды жөн санадық.
Дін маманы: Салафиттердің көбеюі – қазаққа төнген басты қатер
2017 ж. 29 қыркүйек
7584
7
Осы жақында ғана Шымкентте арнайы операция жүргізіліп, радикалды ағым өкілдері ұсталды. Әдетте оларды күнделікті тіршілікте салафиттік жолды ұстанушылар деп жатамыз. Жалпы, олар қай кезде елімізде пайда болды, қашан күш алып үлгерді?
- Орта Азияда, оның ішінде Қазақстанда салафиттік ағым сонау 90-жылдардың аяқ кезінен бас көтере бастады. Ол кезде менің Ақсай мешітінде жұмыс істеп жүрген кезім еді. Уахабшылардың артында алапат күш тұр деп те айтылады. Бұл, әрине, бірінші кезекте оларға көрсетіліп отырған қаржылық қолдауға байланысты. Қай тұрғыдан алып қарағанда да олардың ағымы бізге жат. Өйткені қазақ ешқашан уахабшыл-салафиттік бағытты ұстанбаған. Шын исламды ұстанған адам үлкенді де, кішіне де құрметтеген, дәстүрді сыйлаған. Ал сәләф бауырларымызға келетін болсақ, салт-дәстүрді құрметтемейтін ол қандай мұсылман деп ойланасың. Соңғы 10-15 жыл көлемінде олар қоғамда өздерін ашық көрсетіп, түрлі тосын әрекеттерге бара бастады. Былтырғы Ақтөбедегі жағдай соның дәлелі. Біз енді барынша жұмысты күшейтіп, қолымыздан келгенше имамдардың білімін көтеріп, олармен лайықты күрес жүргізуге тырысып жатырмыз. Күрес болғанда шақырып алып бет жыртысу емес. Мейлінше сыпайы жолмен түсіндіріп, дәстүрлі исламға шақырамыз. Бірақ олар жәй айтқанды түсіне бермейді. Имамды тыңдағысы келмейді. Оларды теріс жолынан айнытып, жөнге салатын бірден бір нәрсе ол – заң. Заң болғанда да қатаң заң қабылдау қажет. Біз неге Сауд Арабиясы немесе басқа да араб мемлекеттері ренжіп қалады деп қорқуымыз керек. Ренжімейтіндей етіп істеуіміз керек. Ең бастысы ертеңгі күні өзіміз, біздің ұрпағымыз зиян шегіп, опық жеп қалмаудың қамын қарастыру керек қой. Себебі келер ұрпақтың алдында жауаптымыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) ұстанған сүннет бағытында, Ханафи мазхабында келе жатқанымызға міне мың жылдан астам уақыт болды, ол тектен-тек емес қой. Мысалы, Парсы елдерінің, Түркияның, бізге жақын делінген Шешенстан мен Дағыстанның мазхабтары бөлек. Дегенмен көпшілігі Ханафи жолында. Ал біз қазақтар мазхабымызды өзгертетін болсақ, салт-дәстүріміздің 70-80 пайызын жойып жіберуге тура келеді. Әңгіме осында болып тұр. Сондықтан сыртқы күштердің ойы – ұлтты тамырымен жұлып түсіру. Уахабшылдардың көздегені сол ғой – салт-дәстүрді мойындамау.
Олардың таным-түйсігінде осындай қасаң пікір қалай қалыптасып отыр?
- Олар енді Құран мен сүннетпен жүреміз дейді, бірақ бірінші кезекте білімсіздігі адастырып отыр. Екіншіден, олар көпе-көрнеу бұрмалап отыр. Яғни мақсаттары – ел арасына іріткі салу. Бұл қандай да бір саяси көзқарастан туындап отырған сияқты. Құранда бәрін жіпке тізгендей жаза бермейді, бірақ ғұламалар дәстүрді де, үлкенді де сыйлау керектігін айтып кеткен. Мәселен олар қол жайып дұға қылу бидғат дейді. Алақан жайып Алладан тілеу ең сауапты іс емес пе? Қол жайып дұға қылмасаң, әрбір ісіңде береке болмайды. Намаз оқысаң да, ораза ұстасаң да, қажылыққа барсаң да, садақа берсең де, бәрінде қол жайып дұға қыласың. Ал олар осыған қарсы шығады. Демек, олар жақсылыққа қарсы, елдің дамуына, келешегінің жақсы болуына, ұрпақтың өсіп-өнуіне қарсы деген сөз. Тағы да мысалдар бар – құран оқығанда тыңдамайды, әке-шешесі, бауырлары намаз оқымаса, оларды сыйламайды. Бұдан шығатын қорытынды сауатсыздығы өз алдына, ниеттері де түзу емес.
Имамның айтқанына құлақ асып, дәстүрлі исламға қайтып жатқандар кездесе ме?
- Көп деп айта алмас едім. Оларды райынан қайтару оңай емес. Райынан қайтармақ тұрмақ, былтыр еліміздің батыс өңірлерінен, тіпті Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай аймағынан да Сирияға кетіп қалғандар көп болды. Имамдар жер-жерде жұмыс істеп жатыр. Мысалы, теріс ағымдарда жүргендермен, олардың көшбасшыларымен сөйлесіп, ақылға шақырып дегендей. Бірақ, әлгілердің миына сіңіп кеткеннен кейін бұл шаруа қиынға соғып жатыр. Қарапайым намазға келгеннің өзінде парызды оқи сала, аттап-пұттап қашады. Оны жүгіріп барып ұстай алмайсың ғой. Бірдеңе айтсаң, өзім білем дейді. Қала берді Фатиха сүресіндегі «әминді» дауыстап айтады. Негізінде іштерінен айту керек. Шариғатқа, мешіттегі имамға бағынбаса, оның мұсылмандық қасиеті қайсы? Селдіретіп сақал қойып алады да бір-бірімен ғана амандасады, ал бізбен амандаспайды. Ассалаумағалейкүм десең, әрең ғана ауызын жыбырлата салады. Бір Алла дейміз, пайғамбарымыз бір, бір мемлекетте тұрамыз, бір ұлтпыз, бір мешітке келіп дұға етеміз, сөйте тұра алабөтендік танытып, жау санауға бола ма? Бұдан кейін қалай ғана Құранды ұстанам, сүннет жолымен жүрем деп айтуға болады. Ал қасиетті кітапта «кешірімді болыңдар», «мұсылман бауырларыңды сыйлаңдар» деп айтпаушы ма еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты «намазың, ораза, құлшылығың бәрі өзің үшін, ал адамдармен арасындағы қарым-қатынасың жоғары болуы тиіс» деп.
Олар радикалдық тәлім-тәрбиені қайдан алып отыр. Бұл интернет, әлеуметтік желінің әсері ме? Жалпы, салафиттік ағымның қайнар көзі қай жақтан бастау алып отыр?
- Әрине, интернеттің әсері мол. Оның үстіне өздерінің көсемдерімен белгілі бір жерге жиналып, үгіт-насихатты арттырып келеді. Ал енді қайнар көзі қай жақта дегенге келетін болсақ, тап басып айту өте қиын. Дегенмен, біз қасиетті Қағба орналасқан Меккедегі, пайғамбарымыз (с.ғ.с) жерленген Мединадағы дін өкілдеріне, ғұламаларға, шейхтарға дінді дұрыс алып келе жатыр деп сеніп отырмыз. Ал солардың өзі дұрыс мазхаб ұстамаса, исламды, шариғатты таза жолмен дәріптемесе, онда не болғаны? Осы ретте Сауд Арабиясы мемлекетінің мойындаған екі нәрсесін айтқым келеді. Біріншісі – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың мәулітін биылдан бастап оқимыз деді. Тарихқа көз салсақ, олар қанша ғасырдан бері оқыған емес еді. Сол бастаманы биыл ғана қолға алып, іске асырды. Екіншісі – біз салафиттік бағыттан бас тарттық, оны қолдамаймыз деді. Осының арқасында аталмыш ағымның беделі әлем бойынша түсіп кетті деп айтуға болады.
Ал енді сіз басқарып отырған институтта имамдарға қандай тәрбие беріліп жатыр. Теріс ағымдармен күресу үшін олардың шеберлгі қалай шыңдалуда?
- Біз мұнда имамдарды өте қатаң талаптармен қабылдаймыз. Алдымен тест алып, соның қорытындысы бойынша оларды екі топқа бөлеміз. Жоғары және бастауыш топ. Институттың бұлжымас қағидасы – тәртіп болу керек. Одан кейіне көркем мінезіне қараймыз. Сабақ үйрету, тәлім беру барысында да көпшілікпен тіл табыса алатын, жарқын жүзді, сыпайы, сабырлы дін қызметкерлерін даярлап шығуға күш саламыз. Мұнда «Нұр-Мүбәрәк», ҚазҰУ-дың мамандары, профессорлары келіп дәріс береді. Бастапқыда бір жолғы келушілер төрт ай бойы осында жатып білім алатын. 2013 жылы мен басшылыққа келгеннен кейін бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына өтініш жасап, 2 айға қысқарттым. Себебі имамдардың 4 ай бойы отбасынан жырақтап кетіп қалуы қиынға соғады. Біз қазір имамдарға дәстүрлі ислам құндылықтарын одан әрі насихаттап, санасына сіңіріп жатырмыз. Олардың шариғаттық білімін жетілдіріп, кез келген сыртқы күшке лайықты төтеп беріп, халықтың қамын жей алатын, дін мен дәстүрді қатар алып жүре алатын мамандар қылып дайындауға тырысып жатқан жайымыз бар.
Қазірге дейін осы институттан қанша имам тәлім алды. Келемін деушілер көп пе?
- Жалпы, елімізде 6000-нан астам имам жұмыс істейді. Оның арасында имам да, молдалар да, азаншылар, олардың көмекшілері бар. Оның 1500-ден астамы білімін жетілдіріп кетті. Сонда алдағы уақытта әлі 4500-ден астам дін өкілі келеді деген сөз. Жер-жерде 1-2 апталық курстар бар ғой, бірақ ондай жерлерден білім көтеріп жарытпайды. Ал мұнда 2 ай бойы тырп етпей жатып Құранды дұрыс оқуды әбден меңгеріп алады, терең білім игереді. Қала берді заманға сай қарыз, несие алу, отбасы және неке шарттарына қатысты, жалпы халық үшін өзекті тақырыптарға пәтуа айтуды үйреніп, сіңіріп жатыр.
Жалпы, қоғамның, жастардың санасына діни тұрғыдан ықпал ету қаншалықты қиын?
- Кешегі Кеңестік заманда өмір сүрген адамдар сенгіш еді. Иланатын. Ал қазіргі жастардың басында ақпарат толып тұр, сондықтан бір нәрсе айтсаңыз, бірден сене кетпейді. Өйткені, оның миында әртүрлі дерек көздерінен алынған ақпарат баршылық. Имам ретінде пәтуа айтып, дұрыс жолды нұсқасаң, әрең сенеді. Сондықтан кезінде ғұламалар кітап жазған кезде Құдай бар ма, жоқ па деп дәлелдеп жатпаған. Құдай бар ма бар, болды. Мәселе бұл жерде адамның білімінің төмендігінде емес, жүрегінің тазалығында. Яғни, жақсы нәрсеге сене, илана біледі. Ал адам дінді баста қалай үйренді, көбіне сол жолмен кетеді. Ал мына салафилер мешітке енді келіп жүрген, намазды енді бастағандарды үйірсектеп, өз қатарына тартып алуға тырысады. Жалпы, кез келген нәрсені бастаған адам соны тезірек үйреніп кету үшін жеңіл жолды іздейді ғой. Міне, салафилер соны тап басып, анау керек емес, мынау қажет емес деп, дінді жеп-жеңіл етіп қояды. «Қол жайма, ол бидғат, оған дәлел ретінде мынадай хадис бар» дейді. Ал енді хадис көп қой. Неге біз ол хадисті алмадық, басқасын алдық, бұл енді ғұламалардың шешіміндегі дүние. Сол салафилер ата-анасына қарсы шығып жүр, туған бауырларымен сыйыса алмай жүр, айналасының бәрі шу, келіспеушілік, ал бұл дегеніңіз шын мұсылманға тән әдеттер емес. Сондықтан біз халықпен жұмыс істеп, халықтың көзін аша білуіміз керек. Ел арасындағы үлкен кісілер, ақсақалдар әлгіндей жігіттерге айту керек «мынауың не істеп жүрген, сақалыңды неге дұрыстап қоймайсың» деп. Ал оларға бірдеңе айтсаң, ашуланып шыға келеді. Сақал қоймасаң, сені жек көреді. Шындап келгенде сақал қою – сүннет. Оны әке-шешең алып таста десе, алып тастау керексің. Себебі әке-шешеңнің үкімі – сақалдан бөлек. Соған бола сен өзіңді дүниеге әкелген адаммен қырылысып жатпайсың ғой. Ата-анаңа ұнамай тұрған себебің де сол, сенің жүрегің таза болмай тұр. Жүрегіңді тура жолға түсірмей, басқасы оңалмайды.
Биыл оқу жыл бастала салысымен еліміздің батыс аймақтарында хиджаб киген оқушы қыздарға қатысты дау өршіп кетті. Бұған қатысты не айтасыз?
- Әрине қыздарымыздың етегін жауып, ұзын киіп жүргісі келгені бұл жақсы. Біз түгілі шет елдердің өзінде қыздардың белдемшесінің қысқа болуын кәдімгідей бақылап, қадағалайды. Ақыры шетелге еліктейді екенбіз, неге осындай тәртіптерінен үлгі алмасқа. Қыздың ары мен ұяты – ол ұлттың ар-ұяты ғой. Сондықтан қыздарымызға арнап бірыңғай, ұлттық ерекшеліктерімізді ескерген, сәнді, мәнді мектеп формасын шығарса, құба-құп болар еді. Дегенмен мемлекеттің өз заңы бар, мектептің тәртібі бар. Сол себепті оқушылар мен ата-аналар сол мемлекет заңына бағынуы тиіс. Әйтсе де алдағы уақытта мемлекеттің заңына да нұқсан келтірмейтін, дін мен дәстүр тұрғысына да лайықты жауап қата алатын бірыңғай киім шығарылса деген тілек бар. Ол киімнің ұзыннан ұзын шұбатылып жүруі міндет емес, әрине. Қыз баланың бойына шап-шақ болып тұратын, тым қысқа емес, мазмұны мен сәні жарасым тапқан киім тігіп шығаруға болады. Жалпы, елдегі дінді ұстану жолы қазағымыздың салт-дәстүрімен қатар үйлессе, жарасым тапса деген игі тілек бар.