Шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртаза 85 жаста
2017 ж. 28 қыркүйек
9687
21
Бүгін қазақтың қабырғалы қаламгері, қара сөздің қарагері, шындықтың шырақшысы атанған абыз ақсақал Шерхан Мұртаза 85 жасқа толып отыр.
Қазақтың зиялы қауым өкілдері әйгілі жазушыны құттықтап, тілектерін арнауда, - деп хабарлайды "Қазақ үні" тілшісі.
- Абызымыз, журналистика мэтрі Шерағаң 2004 жылы "Егемен Қазақстан" газетіне "КІМНІҢ КІМ ЕКЕНІН БІЛГІҢ КЕЛСЕ, "ЖАС ҚАЗАҚ ҮНІ" ГАЗЕТІН ОҚЫҢДАР" - деп, жаһанға жар салып, біздің сол кездегі жас газетіміз, қазіргі "ҚАЗАҚ ҮНІ" ұлттық басылымымызды қуатты қолдап еді. Жүз жасаңыз, Шераға! - деп жазды белгілі ақын, "Қазақ үні" Президенті Қазыбек Иса.
Сондай-ақ, жазушының туған күніне орай Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Мұңалбаева жазушыны мерейлі мерекесімен құттықтап, арнайы барды.
- Біз Шерағаңдай ұлы жазушымыздың барына қуануымыз керек. Шерағаң қазақтың маңдайына біткен тұлға. Бауыржан Момышұлының тәрбиесін көрген ағамыз өзі де бар қазаққа ұстаз бола білді. Оның редакторлық өмірі бір сала. Халық қалаулысы болып, елге де ерен еңбек сіңірді. Біздің Академиялық кітапханада жазушының барлық кітаптары сақтаулы. Оқырмандар Шерағаңның кітаптарын іздеп оқиды, - деді кітапхана басшысы жазушыны 85 жасымен құттықтай отырып.
Еске сала кетейік, Шерхан Мұртаза «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Жазушының Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы деген атағы бар. Жазушы «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы мен ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).