Қ-Ж. Тоқаев: Білім саласындағы реформаларды тоқтата тұру қажет...
2017 ж. 23 қыркүйек
5602
23
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласында терең және жан-жақты ойластырылмаған сынақтарды өткізуге жол беруге болмайды деп есептейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Елімізде орта білім беру саласы жиі реформалар жүргізілетін салалардың қатарында жатады. Соңғы жылдары мектептеріміз үнемі реформалар жүргізілетін режимде жұмыс істеуде. Соған қарамастан бұл сала заман талабына сай жаңғыртылды деп айта алмаймыз. Жүргізілген реформалардың тиімділігі көрінетін нәтижелерге әлі де қол жеткізген жоқпыз", деді Тоқаев сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдау барысында.
Оның айтуынша, білім беру жүйесіндегі өзгерістер қоғамды қатты толғандырады.
"Мүмкін бұл саладағы маңызды реформалардың үздіксіз жүргізілуін тоқтата тұру қажет шығар. "Қандай жетістікке жеттік, қайда келдік, неге қол жеткіздік?" Алдымен осыларға баға беріп алу керек. Білім беру саласында терең және жан-жақты ойластырылмаған сынақтарды өткізуге жол беруге болмайды", — деді сенат төрағасы.