Семейде Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші ашылды
2017 ж. 22 қыркүйек
4025
7
Қазақтың рухани астанасы - Семей шаһарында Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ескерткіштің ашылу салтанына жиналған халықпен бірге Парламент мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Егемен Қазақстан» газеті АҚ басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Гумилев атыдағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Ғарифолла Есім мен проректоры Дихан Қамзабекұлы, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов т.с.с. қатысты. Ұлт көсемінің рухына тағзым етуге жиналған белгілі жазушылар мен ақсақалдар ізгі тілектерін білдірді.
«Бұл ескерткіш өскелең ұрпақтың болашағы үшін, еліміздің бостандығы үшін жандарын пида еткен көсемдердің рухтарына тағзым ететін, Тәуелсіздіктің қандай ұғым екенін түсінетін, бостандықтың не екенін білетін адамдардың киелі орнына айналары сөзсіз», - деді облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.
Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай үлкен шаралар ұйымдастырылған. Ал, ескерткіш жобасын осы шараларға жауапты республикалық комиссия қабылдаған.
Айта кетерлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Алаштың 100 жылдығын қалай тойлау керектігі жөнінде республикалық жоба қабылдаған. Семейде осы жоба арқылы барлық жоспарланған шаралар жүзеге асатын болды. Осы ретте Әлихан Бөкейхановқа арналған ескерткіштің ресми ашылғаннан кейін, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте ғылыми-тәжірбиелік конференцияның өткізілмек.
Сонымен бірге, Алаш қайраткерлеріне арналған жаңа экспозияциялық көрме залының Абай музейінің бөлімінде салтанатты түрде тұсауы кесілмек.
http://www.qazaquni.kz/2015/10/10/41219.html http://www.qazaquni.kz/2012/11/26/13905.html