Азат Перуашев: Латын әліпбиіне көшу - рухани отарсызданудың тура жолы
2017 ж. 13 қыркүйек
3047
5
Алдымен қазақ тілінің латын қарпіне көшу жөніндегі комиссияның атқарған жұмыстарына зор алғысымды білдіремін.
Латын қарпіне көшу жөніндегі шешімнің ұлттық мемлекетіміз бен қазақ ұлтының дамуында үлкен рөл атқаратындығына және дер кезінде қабылданғандығына сенемін. Енді кешігуге болмайды.
«Ақ жол» партиясы 2007 жылдан бері өзінің бағдарламалық құжаттарында, мәлімдемелерінде қазақ тілін латын қарпіне көшіруді жақтап бірнеше бастамалар көтерген болатын. Ол кезде бұл бәлкім ертерек болған шығар,ал, қазір оны кейінге қалдыруға болмайды. Кеше ерте болса, ертең кеш болады. Бұл біздің әлемдік өркениетке енуіміздің жаңа белесі. Бұл реформа- рухани отарсызданудың тура жолы!
Бүгінде қоғамда осы мәселеге байланысты қызу пікір талас жүріп жатыр. Меніңше ол өте дұрыс. Себебі бұл халықтық талқылауға ұсынылған жоба. Қазіргі ұсынылып отырған нұсқадағы ерекше бір белгілер мен әріптерді қоспай-ақ әлемдік ақпарат кеңістігіндегі дайын символдарды ұсынған дайындаушылардың ниетін де түсінуге болады. Олардың ойы - әлемдік ақпарат кеңістігіне еш кедергісіз ену екені де түсінікті. Сонымен бірге қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері мен үндестігін, сұлулығын, шұрайын сақтап қалуға тиіс екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Оның түйткіл тұстарын қазақ тілін зерттеуші тіл мамандарының өздеріне тапсырып, олардың дұрыс жолды таңдайтынына сенгеніміз дұрыс.
Тіл – ұлттық мінездің көрінісі. Қазіргі қазақ тілі ешқандай бұралаңды білмейтін өрліктің, табандылықтың, шешендіктің белгісі. Сұлу да сүбелі тіл. Қазақтың ұлы билерінің бірі Қазыбекті Қаздауысты деп тегін атамаған ғой.
Бүгінгі мақсат біреу- түрлі ұсыныстарды ескере отырып, латын қарпіне көшудің ортақ нұсқасына келуіміз қажет. Одан соң, бір атаның балаларындай бірігіп, бүкіл халық болып қолдау, тарихи реформаны тоқтатпай әрі қарай қозғау –бәріміздің ортақ міндетіміз.
Азат Перуашев,«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі